АЙДАУҒА КЕТТІ

Жер аударылды; итжеккенге айдалды. ~ Тек! Онысы несі? Мына Барсхан азаптың аузынан келіп тұр ғой. Айдауға кеткен әкесінің жақсылығын көп көріп ең ғой, не көрінді сонша, бер оттықты! – деді. Ш.Мұр. ~ Жылау деген не, ол? Айдауға кетіп бара жатқан жоқ. Әскерге, борышын өтеуге барады. Қазақ десек өзімізге тиеді. Кейде тіпті жоқ жерде қабырғамыздың тым қайысатыны бар. К.Қаз.

АЙДАУЫНДА КЕТТІ (ЖҮРДІ)

1. Ықпалынан шықпады; ырқына көнді; қарсы тұра алмады. ~ Тәуелсіздік алған жылдары айдарынан жел ескен көгалдағы хоккей өз қарқынын жоғалтып, қорғаушылары қанша жерден жүгіргенімен, өкпеден қысқан нарықтың айдауында кетті. БАҚ
2. Еркінен айрылды, біреудің әмірінде кетті.
~ Сар таңды осылайша сарыла атырған Шөке күндегі әдетімен үш орыс әскердің айдауында ағаш кесуге кетті. Б.Жұм. ~ Патша үкіметінің он жыл айдауында жүріп, «ит жеккеннен» қайтып оралған сол шал айтады ғой: «Бұрын ешкінің еті жақпаушы еді, он жыл айдауда жүргенде денсаулығым жақсарып, асқазаным түзеліп, текенің етін жесем де жаға беретін болды» деп. ғ.бІЛ.

АЙДАП ӨРГІЗДІ

Өріске шығарды, бақты. ~ Байғабылдың қазіргі күнде айдап өргізіп отырған мың жарым жылқысында менің табан ақым мен маңдай терім бар. С.Ом. ~ Үйдің іші жап-жарық. Таң атпақ түгіл, күн шыққан, Ауыр кирзо етігін тарп-тарп басқан төртбақ қызыл сары кемпір үй сыпырғалы келіпті. Қотанда жусап жатқан сиырды айдап өргізгендей әркімді аяғымен бір теуіп, сыпырғымен ұрын, оятып жүр. Б.Соқ. ~ Бір өзі елу нар өгіз, екі жүз бұзаулы сиыр, үш жүз жылқы, мың қаралы қой, бес жүз бас шошқа айдап өргізіп, мыңғырған малын қаладан аулақтағы заемкада бағатын. С.Ом.

АЙДАҺАРДАЙ (АЖДАҺАДАЙ) ЫСҚЫРДЫ

Адам шошырлық дауыспен қорқытып-үркітті, мысын басты. ~Тарылмады қарасаң, Қосайдың батыр тынысы. Жауар бұлттай түнерді, Айдаһардай ысқырды, Ен қалмақты тықсырды. БС «Қосай б.» ~ Болыңдар! Жөнеңдер, тез! Жоғалыңдар! — деп ат үстінен айдаһардай ысқырған полицейский урядниктің сілтеген қамшысы бұлттан жарқыраған найзағайдай ирелеңдеп, талайдың арқасын тіліп түсті. С.Мұқ. ~ Ал тапа-тал түсте, халық көзінше, айдаһардай ысқырып, бетіне жан қаратпай тұрған Бердібекті өлтірсең – онда бір сәрі. І.Ес. ~ Қызылқұм аждаһадай ысқырды. О.Бөк.

АЙДАП ӨРГІЗІП, ИІРІП ЖУСАТТЫ

Емін-еркін биледі, ойына келгенді істетті. ~ Айдап өргізіп, иіріп жусатып күнелткен төрт түлік малына қатерлі, он екі жылда
бір айналып, көбінесе тегін кетпейтін сұм қоянды аман өткізіп, байдың баласының пейілі кеңіп, байға жарлы теңеліп,
жайлауында жадырап, өзінше өзінен бақытты жұртты білмей рақат ғұмыр өткізіп, тып-тыныш жатқанында өрттен шошынып
оянғандай бір күйге ұшырады халық… Халқын бір уыс қылды, кең дүниесін тарылтты. Жүрегіне найзадай тиді. М.Дул. ~
«Бостандық!», «бостандық!» дегенмен мұның бірі болды ма? Әлі бізді ертелі-кеш қойдай түгендеп, айдап өргізіп, иіріп
жусатпай ма? Сотник, десятник, городовойлардың бәрі де баяғы күйінше жігіттерді жүргізіп, барып тұрған жоқ па? І.Жан. ~
Бұл болыс жігіттерге таныс. Марданға мәлім. Өткен жылғы өзін ұстатып жіберетін Асылбек. Болыс бұл елді қашаннан бір
шыбықпен айдап өргізіп, иіріп жусатады. І.Жан.

АЙДАҺАРДАЙ АҚЫРДЫ

Зәрлене айғайлап, сұс танытты, зәрені алды. ~ Айдаһардай ақырып, Аруағымды шақырып, Көк толқындай суылдап, Көк тұлпардай зуылдап, Алдадан медет сұрайын, Əңгіме–дүкен құрайын! Ж.Айм. ~ Қауқарсыз қара халықты айтасыз, өз келесiне келгенде айдаһардай ақырып, аузынан жалын шашып тұрған билеушi таптың бейшаралық айнасы. Әйтеуiр бiзден сөз қалмасын деп жазып отырыңыз. М.Мағ. ~ Әйелдің қылығы деген қылғындыра салатын қылбұраудың сыпайы түрі секілді сойқан ғой. Әлгіндегі айдаһардай ақырып тұрған ағамыз тойған қозыдай монтиды да қалды. О.Әу. ~ Қазақтың «қап» дегені Кавказ серік, Тәңірім, сұлу биік еткен ерек. Ақырып айдаһардай жүз толғанып, Тауды бұзып, тас жарған долы Терек. А.Аб.

АЙДАП САЛДЫ

Біреуді біреуге өшіктірді, шағыстырды; әлдебір жөнсіз іске итермеледі. ~ «Тостағанды иіскедің» деп айып таққанына қарағанда, өлеңшілік өнерін әлі ұмыта алмай жүрген кеспектей қарындасын кесапат қонағына қарсы айдап салып отырған Андастың өзі болғаны да! Сонда сырты — күлім, іші — жылым мырзаның діттеген жері қайсы? О.Сәр. ~ Жаңа шаңырақ көтерген елдің іргесін бекітуге мүмкіндік бермей құртып жіберуді көздеген табғаш билеушісі «жабайыны жабайының қолымен құрту» саясатымен түркілерге көрші тоғыз оғыз халқын айдап салды. БАҚ ~ Жақан екеуміз осылай паркті бірқауым араладық. Бірімізді біріміз түртпектеп, айдап саламыз. Б.Соқ.

АЙДАҺАРДАЙ АУЗЫН АШТЫ

Жұтып қоярдай болды. ~ Атпа, атаман! – деп Бәкей бақырып келеді: – Атын өлтіресің! Тірідей ұстайық! Міне. Бітті. Қадыр тоқтады. Құз айдаһардай аузын ашты. Қараңғы аузын. Аты пысқырды, ыршыды. Ж.Айм. ~ Ақтарылған, қарауытқан, опырылған көр, жыртылған кебін, домаланған ақсақалды атайдың басы, уілдеген жел, құлазыған мола, алласына сыйынған екі адам Əбежанды да аз ойландырды. Ажал айдаһардай аузын ашқандай болды. Əйтсе де ақылынан танған жоқ. Ж.Айм.

АЙДАЙ АЙҚЫН (АЯН, АНЫҚ)

Ап-анық, бесенеден белгілі. ~ Құндыздыдағы мектеп үйінің биыл бітпейтіні айдай айқын болып қалған еді. О.Сәр. ~ Шалқыған қараңғыда айдай аян, Мен Қозы – Көрпешпін де, өлең – Баян. Қодардай қызғаншақта қанжар бар деп, Мен қалай махаббатта серттен таям?!. Т.Әл. ~ … Нобелдік сыйлық алған Альберт Эйнштейн кәдуілгідей кіріп келе жатты. Өңіндегідей тегі. Айдай анық. Кеудесін көтеріп, көрпесін серпіп түрегелмекші еді. Альберт ақсақал қос мұртын жыбырлатып шуақтана жымиды. Д.Дос.

АЙДАЙ АРУ

Көркіне көз тоятын сұлу.~ Қызғаныштың қызыл иті деген пәле де жаман ғой… Айдай ару келіншегін алып, ағайын арасынан жырақтап, бір кездерде қатар көшіп жүрген түрікмен достарының ішінде қоныс тепкені де бар… А.Өт. ~ Кенет айдай ару: «Әй, соқыр–ай, сен–ақ сорлатып біттің, тез жүрсеңші енді!» – деп дүр ете қалғанда, біреу мені шапалақпен тартып жібергендей болды. Ж.Аяз.