АЙБАРҒА МІНДІ

Ашу шақырды, қаһарланды. ~ Жолдасбектің қалың қастарының ортасынан тіке түскен екі жол әжімі шүңейттеніп, айбарға мінген қабағы қатулы көрінеді. Ғ.Сл.

АЙБАРЫ СЫНДЫ

Қаһары басылды, зәрі қайтты. ~ Фәни дүниенің алтын тағында отырған шақтарында ызғары бет қаратпайтын арыстан
айбары сынып, түлкі мұрттанып алған, көзденде жалақтайтын «қыл қимас» алмас қылыштардың суы қайтқан, әлемді
алақанында ойнатып, адамдарды асықша ататын салауаттарының сағы сынып, жасығы жібіп, мүсәпір мүскіндерге айналған
олар құйбатпақтың үстімен айдалып келе жатқанын Боранқұл кейінірек байқап, үнсіз жымиды. Ғ.Біл.

АЙБАРЫ ШАҒЫЛДЫ

Сұсынан айрылды, бишара халге түсті. ~ … жаға-жеңдері жыртылған, қоқырайған күнқағар-папахалары тоналған, талайының кеңсірігі бұзылған, тотяиынданып тұратын көздерінің үстінен көгілдір томаршалар өніп шыққан, ажары сынған, айбары шағылған. Ғ.Біл.

АЙ СӘУЛЕСІНЕ МАЛЫНДЫ (БӨЛЕНДІ)

~ Олар ай сәулесіне малынып бері қарай жүре бергенде біз де тасадан шыға келмек болып тұрғанда, арт жақтан тағы бір топ көрінді. Б.Тоғ. ~ Қайтадан түтін түтетіп, қайтадан шаңырақ көтеріп отырған аяулы азаматтың көңіліндегі үміт сәулесін біржола үзуге дәтім бармады. Жендет рөлін атқарғым келмеді. М.Кәр. ~ Жамал ай сәулесіне малынып Ақжар басына қарай кетіп барады, кетіп барады… Б.Тоғ. ~ Абылайдың бойшаң тұлғасы ай сәулесіне бөленіп, бұрынғысынан да ұлғайып, айбарлана түскендей. І.Ес.

АЙБАТ АТТЫ

Ашу-ыза қысып, ұстасуға, күш сынасуға дайын сыңай танытты. ~ Қысасқа шыдамай кіжінген, ызаланған, айбат атқан достарын Поштабай әрең тиып тоқтатады. С.См.~ Көп көзі қира кезік шақты айнытпай тауып, бұны құпияның үстінен түсірді. Түсірді де тулатты. Аш бөрінің азуы арыстанға өтер ме. Қанталаған көз, күдірейген жота айбат атқанмен, атылуға батпады. С.См.

АЙБАТ БЕРДІ

Рухтандырды, күш қосты. ~ Соңындағы жiгiттерi өз алдына, мұны мұндай сұстандырып, айбат берiп артында қамсыз қазақ
халқы жатыр. Ә.Ыб.

АЙ СҮТТЕЙ ЖАРЫҚ

Бұлтсыз, ашық айлы түннің сипаты. ~ Әне, келіншек далаға шықты. Күн ашылыпты. Бұлт тарапты. Ай сүттей жарық. Сақытай аспанға біраз қарап тұрды. Ай тым әдемі, ақ келіншекке ұқсайды. І.Жан. ~ Жігіттер қонақ кәдесін жасап ауыл сыртына шықты. Он төртінде туған ай сүттей жарық, түн маужырап тұр. Үп еткен жел лебі білінбейді. З.Шүк.

АЙБАТ КӨРСЕТТІ

Қорқытты, зәрленді. ~ «Ұра соқ! Ұр-а!» — деген Ұзақтың қаһарлы үні қалмақтарға үстіне аспанды төңкере салғандай әсер
етті. Атты әскерге қарсы айбат көрсете алмай қырылды. Б.Нұрж. ~ Жалақ ерін жалбыртымақ құл: — «Бұл менің болашақ
қалындығым, сұқтанбай әрі кетіңдер,» — деп айбат көрсетеді. Ө.Кәр. ~ Әлі қанаты қатаймаса да, бала қыран адамға
кәдімгідей айбат көрсетіп, жолатар емес. Е.Ер. ~ Қасқырдың бөлтірігіне тарпа бас салудан бұрын бірнешеуі жабылып та
айбат көрсете алмаған. М. Қан.

АЙ СЫҒАЛАЙДЫ

Бұлт арасынан шеті көрініп тұрған айдың сипаты. ~ Түн ортасы ауа нөсер басылып, жөңкілген бұлт арасынан ай сығалап, алдан ағараңдаған боз мұнар шың көрінді. Т.Әбд. ~ Көше үстінде көзге әрең шалынатын көгілдір сызықтар қалқиды – діңкиген жартас үйдің иығынан соқыр ай сығалайды. М.Қаб. ~ Жабықтың теңгедей тесігінен жылтырап ай сығалайды. С.Елуб.