АЙ ТАСТАЙ ҚАРАҢҒЫ

Көзге түртсе көргісіз, айсыз, қараңғы түн. ~ Ай тастай қараңғы. Ұзап алғаннан кейін барар бағытымызды түзеп алып, айтулы қаласына қарай жолсыз жермен тартып келеміз. Ә.Әб. ~ Айтуға қорқам. Бір күні түнде сыртқа шықсам, біреу үйдің қабырғасына жабысып тұрғандай көрінді. Ай тастай қараңғы. Ол кезде елде ұрылар да көбейіп кеткен. К.Қаз.

АЙ ТУДЫ

Жаңа ай алғаш көрінді. ~ Апа, әне ай туды! – деді терезеге бетін жапсырып. Бір туған айдың алтын қияғы терезенің шекесіне сұлудың сүрме қасындай іліне қалыпты. Т.Сәу. ~ Көп ұзамай шығыс жиекті бозартып Ай туды. Батыс аспанды сызып, зырқырап жалғыз жұлдыз ақты. Жусан арасында заржақ шегіртке шырылдайды. С.Ел.

АЙ ТҰТЫЛДЫ

Айдың бетіне көлеңке түсті. ~ Аруана әлі де жылап жатыр. «Мейлі маған десең аспанда Ай тұтылып, Күн сөнсін. Бірақ, бір қайғы – Туған жерден алыстау қасіреті қайталанбасын» дейді оның көз жасы. С.Дос. ~ Көрінді ай тұтылып тұрғандай боп, Көрінді бетін жалған бұрғандай боп. «Басыңды, кәне, бәлем, көтерші» деп, Басымнан шой балғамен ұрғандай боп. Ә.Нұрш.

АЙБАЛТАНЫҢ САБЫНДАЙ

Жұп-жұмыр, сұлу, аппақ мүсін туралы. ~ Екі беттің қызылы Ақ тауықтың қанындай, Ақ білектің мүсіні Айбалтаның сабындай. Қыз Жібекке Төлеген Көз мейірі қанып тұр… «Қыз-Жібек»

АЙБАР БЕРДІ

Сұс танытты. ~ — һайт! һайт! — деп айбар беріп келеді. Онысы дала тағысы қарсы шауып, айбат жасамасын, бие үстінен
жұлып алмасын деген қоқан лоқы. К.Жүн.

АЙБАР МҮЙІЗДІ

Қаһарлы, айбатты, сесті, құдірет-күші мол. ~ Құландай ащы дауыстым, Құлжадай айбар мүйіздім! Қырмызыдай ажарлым, Хиуадай базарлым, Теңіздей терең ақылдым, Тебіренбес ауыр мінездім! М. Өт.

АЙБАР ТАНЫТТЫ

Қорқытты, азу тісін көрсетті. ~ … екінші нота біріншіден гөрі қатаңдау еді: «Егер қазақтар біздің жерімізді өз еркімен босатпайтын болса, онда біз оларға қарсы әскер аттандыруға мәжбүр боламыз» дегендей айбар танытқан. Қ.Жұм.

АЙБАР ШЕКТІ (ЖАСАДЫ, КӨРСЕТТІ, ШАШТЫ)

Сес көрсетті, қорқытып, үркітті. ~ Падиша ашуланып ақырып тұр, Халыққа айбар шегіп батырып тіл. Сөзіне ісі қайшы болса дағы, Көн беті бүлк етпейтін мақұлық бұл. БС. «Кенжекей…» ~ Сауыт та сөздің аяғында бұдан былай тіріміздің жайлауы, өліміздің көрі айырылар деп, көтерілген қалың елді өзіне қайтару үшін келгендердің жүрегін үсітерлік көп айбар шекті. Ғ.Мүс. ~ Өңкей бір томарша үшкіл ала көздер дөй дала айбар шегеді. Ж.Біл. ~ Жарты қорап сіріңкені түгесіп барып, әрең бықсып жанған алауды оңды-солды бұлғап айғайлап, айбар жасағанда, шоқиып-шоқиып отырған қасқырлар жылыстап, шегініп барып, қайта аңдыды. О.Бөк. ~ Казактардың старшинасы жиналған жұртқа айғайлап, қамшы сілтеп, айбар көрсетті. Ж.Әнес. ~ Мұнараның анадайдан айбар шашып айбындап тұрғанын да, не көрген адам қолтығына қысып кеткісі келгеніндей қып, құр әншейін қуыршақ болып жұтынып тұрғанын да қаламайды. Ә.Кек.

АЙ ДЕСЕ АУЗЫ, КҮН ДЕСЕ КӨЗІ БАР

Теңдесі жоқ сұлулық туралы. ~ Мен үш жыл болды, Алтайға нағашыма барғамын. Қайтып келе жатып бір үйге қондым. Бай үй екен. Сол үйдің келіні «Ай десе аузы бар, күн десе көзі бар» бір перизат екен, не керек. Ж.Айм. ~ Бүгін бір түс көрді. Түсінде енеден туғандай тыр жалаңаш, қардай аппақ еті бар, ай десе аузы, күн десе көзі бар бір сұлу мойнына оратылып, құшып жүр. Ә.Кек. ~ Өйткені қазақ шекпенінің етегі сияқты далиып жатқан кең де, сайқын да жерінің бәрін-ақ басқыншылар билеп-төстеп, алтын айдар ұлды кесік құлақ құл қылды, ай десе аузы, күн десе көзі бар қызды шүйке басты күң қылды. Б.Қыд.

АЙ МҮЙІЗДІ АРҚАР (-ДАЙ)

Түр-тұрпаты ерекше, маңғаз, марқасқа д.м. ~ О! Тірісінде оның жолына құрбандыққа мына қазіргідей шынжау, әлсіз, жабырқаулар емес, тірісінде оның жолында құрбандыққа кілең марқасқалар, кілең ай мүйізді арқарлар шалынды емес пе?! «Халық жаулары»! Ш.Мұр. ~ Шіркін, Маната деген биік бар дейді. Содан ар жағындағы үш түбек алақанға салғандай көрінетін сияқты. Ай мүйізді арқардай бір қияда маңқиып тұрып, сол түбектің жұпарын жұтар ма еді. Әттең, оған күн қайда? – Махамбет өзінің лапылдай жанып, армандап бара жатқанын сезіп қалды ма, кілт кідірді. М.Әбд.