АЗАСЫН ҚОЛДАН ӨТКЕРДІ

Қайтыс болған кісіні арулап жөнелтті. ~ Әбіш сол (1919) жылғы көктемге қарап кайтыс болды. Ғабит екеуміз оның азасын қолдан өткердік. С.Мұқ.

АЗАСЫНА БАЙЛАДЫ

Қаралы үйге көңіл айтып, асқа деп, үлес-сыбаға берді. ~ Ac беруші кедейленбек түгіл байып қайтады екен астан. Бағана бір Ағыбайдың өзі бес құр ат әкеліп, ағамыздың азасына деп байлады дегем. Т.Жұр.

АЗБАН АЙҒЫРДАЙ АЗЫНАДЫ

Құрдан бос арқырап, зәрені алды. ~ Бертін ері келе Күнтай орда ауылдан қарашы ауылға еріксіз көшті. Көшпейін деп еді,
ерінің ыстық қабыры суымай жатып, Шепе азбан айғырдай азынап маза бермеді. С.Мұқ. ~ Енді бәрі бір жер түбіндегі оның
ықпалынсыз мында да үйірге қосылып бүйіріміз шығар түрі жоқ қой. Қашанғы қасқыр шапқанда ғана керек азбан айғырдай
босқа азынай береміз? Біз де ұтырын тауып қимылдап көрейік те… Бәлкім, сәті түсер». Ә.Кек. ~ — Ұйқылы- ояу шатасып…
Сені басқа біреу ме деп… «Азбан айғырдай кісінейді. Пақырды бауыздап қана бақырта салар ма еді? Айқайға аттан
қосқандай даңғырлауын! Қосақ арасында қосыла шаптым дейді — ау ертең әлі…» C.См.

АЗБЫНШЫ АҚША

Азын-аулақ, мардымсыз мөлшердегі қаражат. ~ Не тындырдың? Қалтаңа салған азбыншы ақша-пұлың мұндайда құрсағы кең, қалталы қасқырлардың аузын бір шайғанына жетті ме? С.Жүн. ~ Қысқа қарай қысыр сауып, бие сүтімен азбыншы ақша жинайтын қала жатақтары орталарынан осы киіз үйлерді шығарып, жәрмеңке рәсімімен күнде осында сабаларын пісетін. С.Жүн. ~ – Ал, енді… Соған… Қареке, бірер айға азбыншы ақша керек. Сол үшін ат сабылтып әдейі келдім, – дегенде барып Қарасайдың жүрегі орнына түсті. С.Жүн.

АЗҒА ҚАНАҒАТ ЕТТІ (ҚЫЛДЫ)

Өз-өзін тыйып, барға шүкіршілік етті; көрпесіне қарай көсілді. ~ … жыр жинақтарының әрқайсысына бір жалтақтап, ақтара, аудара жүріп жаныңа жаңа бір азық іздейсің. Мұндайда адамның азға қанағат етері де заңды нәрсе. Ж.Нәж. ~ Диогеннің тарихын қайтадан бастайды ол, азға қанағат етіп, тіршілікке қарапайым көзқараспен қарайды; бәлкім, ол байлыққа қарағанда бақыттырақ та шығар. О.Бальз. ~ Шырағым, азға қанағат қылып үйренген адам көпке үйрене алмайтын да жағдайы болады екен. Б.Қыд.

АЗҒА ҚАНАҒАТШЫЛ

Барымен базар болып үйренген адам туралы. ~ Салон айтты: «Атнада бір кедей бар, Не қылсаң да болмайсың сен оған пар. Таза, еңбекшіл, азға да қанағатшыл, Халқына қиянатсыз қызмет қылар». Шәк.

АЗҒА ӨКПЕЛЕП, КӨПКЕ ТОПЫРАҚ ШАШТЫ

Біреудің кінәсін басқаларға жайған жоқ. ~ Не көрсем де артымда елім бар екен ғой, азға өкпелеп, көпке топырақ шашпайын деп, елде қала бердім. С.Жүн.

АЗАП ШЕКТІ

Қорлық көрді, қиындық кешті. ~ Айша бүгінгі шеккен азабы мен әлі күнге айықпай тұрған ауыр ойларының әредігінде бұл иісті талай рет ұмытып еді. М.Әу. ~ Мына қағазды апаратын адам, сол азап шегіп зынданда отырған адамның туысы. С.Бег.

АЗАПҚА САЛДЫ

Жанын қыстады, қинады. ~ Айтшы жаным, неге мұнша қинадың? Неге осынша азапқа салдың? Бүйтiп қиналғанша, өліп қалғаным жақсы едi ғой!.. Д.Рам. ~ Күн сайын меңдеткен жүрек арпалысы оған жеткізбей ме деп қорқамын. Сені тағы да азапқа саламын ба білмеймін. Ж.Шәк.

АЗАЛЫ КҮН

Қасырет күні, өлген адамды жоқтау күні. ~ Үйде отырып Кремльдегi тышқанның тықырына дейiн естiп қоятын сақ құлақ сәуегейлер сол бiр азалы күнi топтан шеттеп Черненконың табытына қолы әзер-әзер iлiнiп бара жатқанын көргеннен-ақ, Бiрiншiнiң саудасы бiттiге санаған. Көп өтпей оңды-солды құйын ұйтқып, теңселте бастаған. Т.Сәу.