АЗАСЫНА БАЙЛАДЫ

Қаралы үйге көңіл айтып, асқа деп, үлес-сыбаға берді. ~ Ac беруші кедейленбек түгіл байып қайтады екен астан. Бағана бір Ағыбайдың өзі бес құр ат әкеліп, ағамыздың азасына деп байлады дегем. Т.Жұр.

АЗБАН АЙҒЫРДАЙ АЗЫНАДЫ

Құрдан бос арқырап, зәрені алды. ~ Бертін ері келе Күнтай орда ауылдан қарашы ауылға еріксіз көшті. Көшпейін деп еді,
ерінің ыстық қабыры суымай жатып, Шепе азбан айғырдай азынап маза бермеді. С.Мұқ. ~ Енді бәрі бір жер түбіндегі оның
ықпалынсыз мында да үйірге қосылып бүйіріміз шығар түрі жоқ қой. Қашанғы қасқыр шапқанда ғана керек азбан айғырдай
босқа азынай береміз? Біз де ұтырын тауып қимылдап көрейік те… Бәлкім, сәті түсер». Ә.Кек. ~ — Ұйқылы- ояу шатасып…
Сені басқа біреу ме деп… «Азбан айғырдай кісінейді. Пақырды бауыздап қана бақырта салар ма еді? Айқайға аттан
қосқандай даңғырлауын! Қосақ арасында қосыла шаптым дейді — ау ертең әлі…» C.См.

АЗБЫНШЫ АҚША

Азын-аулақ, мардымсыз мөлшердегі қаражат. ~ Не тындырдың? Қалтаңа салған азбыншы ақша-пұлың мұндайда құрсағы кең, қалталы қасқырлардың аузын бір шайғанына жетті ме? С.Жүн. ~ Қысқа қарай қысыр сауып, бие сүтімен азбыншы ақша жинайтын қала жатақтары орталарынан осы киіз үйлерді шығарып, жәрмеңке рәсімімен күнде осында сабаларын пісетін. С.Жүн. ~ – Ал, енді… Соған… Қареке, бірер айға азбыншы ақша керек. Сол үшін ат сабылтып әдейі келдім, – дегенде барып Қарасайдың жүрегі орнына түсті. С.Жүн.

АЗҒА ҚАНАҒАТ ЕТТІ (ҚЫЛДЫ)

Өз-өзін тыйып, барға шүкіршілік етті; көрпесіне қарай көсілді. ~ … жыр жинақтарының әрқайсысына бір жалтақтап, ақтара, аудара жүріп жаныңа жаңа бір азық іздейсің. Мұндайда адамның азға қанағат етері де заңды нәрсе. Ж.Нәж. ~ Диогеннің тарихын қайтадан бастайды ол, азға қанағат етіп, тіршілікке қарапайым көзқараспен қарайды; бәлкім, ол байлыққа қарағанда бақыттырақ та шығар. О.Бальз. ~ Шырағым, азға қанағат қылып үйренген адам көпке үйрене алмайтын да жағдайы болады екен. Б.Қыд.

АЗҒА ҚАНАҒАТШЫЛ

Барымен базар болып үйренген адам туралы. ~ Салон айтты: «Атнада бір кедей бар, Не қылсаң да болмайсың сен оған пар. Таза, еңбекшіл, азға да қанағатшыл, Халқына қиянатсыз қызмет қылар». Шәк.

АЗҒА ӨКПЕЛЕП, КӨПКЕ ТОПЫРАҚ ШАШТЫ

Біреудің кінәсін басқаларға жайған жоқ. ~ Не көрсем де артымда елім бар екен ғой, азға өкпелеп, көпке топырақ шашпайын деп, елде қала бердім. С.Жүн.

АЗҒЫНДЫҚ ЖОЛ

Адамды адамшылық қасиеттерден айыратын іс-әрекет, ілім, әдет-дағды. ~ Өңшең бәдбахыттар қазіргі күнде балаңды әкеден бөліп алып азғындық жолға түсірсе, күндердің күнінде жұрттың қойынындағы қатынын тартып алады әлі. С.Ом. ~ Басына қиын-қыстау іс түссе болды, ел-жұрт еріксіз екіге бөлініп кетеді. Бірі — нақұрыс пен надан. Ішінен іріп, ішімдікке салынады. Екіншісі — естісі мен ересегі. Дінге ділін аударып, ділмарлық жолға түседі. Алғашқысы азғындық жол-дағы, кейінгісі аз күндік алданыш. Әйтпесе, қазақ діншіл болса, бұрын қайда жүрген? И.Сап. ~ Денсаулықтарыңа тиімді деп, жап—жас жігіттерді азғындық жолына салатын кімдер? Солардың өзі. Созға шалдыққан соң барып, білгішсініп — бәлсініп, емдеп жатқандары өздерінше. Л.Тол.

АЗҒЫНДЫҚҚА ЖЕТЕЛЕДІ

Адамгершілік қасиеттерден айырып, жамандыққа бастады. ~ Жастар араққа үйір болмауы керек. Арақ адамгершіліктің, азаматтықтың, ақылдың жауы. Арақ азғындыққа жетелейді. Ә.Нұрш.

АЗҒЫРУЫНА (АЗҒЫРУҒА) ЕРДІ

Түлен түртті; өсек-аяңға құлақ асты, біреудің жорта айтқан сөзіне елікті; айдап салуына көнді. ~ Еңбекші казак-орыс бауырлар! Бұлардың соңына еріп, бұлардың алдауына, азғыруына еріп, текке бүлініп жүрмейік. Бірлесейік!.. — дедік. С.Сей. ~ Іле жақтағы Жоңғар еліне қарай шауып бара жатқан екі салт аттыны көріпті, Ноянның Құралайдың азғыруына еріп, Жоңғар еліне қашқанына енді ешкім шек келтірмеді. І.Ес. ~ Сот мәжілісінде халың алдында осы сөзінен танбай, «мені ешкім зорлаған жоқ, өз еркіммен шықтым» деп тұрса не демекпін? Мұның терістігін қалай дәлелдеу керек. Немен дәлелдеу керек? Қыздың азғыруға еріп кеткенін қандай нәрселер ыспаттай алады? Х.Ес.

АЗДЫ КӨПКЕ ТЕҢГЕРДІ

Бұқара халықтың, көпшіліктің мүддесі үшін күрескен ер туралы. ~ Қарағай найза өңгерген, Өзінің жұртын меңгерген, Азды көпке теңгерген, Аттанған жаудан келмеген. А.Байт. «Ер Сайын». ~ Алдына дабыл төңкерген, Артына сауыт бөктерген, Аламанға дем берген, Азды көпке теңгерген… А.Байт. «ҚҚҚ». ~ Қарағай найза өңгерген, Азды көпке теңгерген, Атымын тауып әр істің Ақылмен ойлап меңгерген Бұлдырық қари – мен едім. «Мақпал — Сегіз».