АЖАРЫ АТҚАН ТАҢДАЙ

Аппақ жүзді ару қыздың теңеуі. ~ – Ажары атқан таңдай ару жастың Қасы бар қанатындай қарлығаштың. Жанары жан біткенді елжіреткен, Болсайшы бəрі сондай қарындастың. З.Қаб. ~ Ажары атқан тандай жылы жүзді, жұмсақ білекті, су тиген қарақаттай мөлдір қара көзді аса бір сымбатты жан ұяла да, қуана кеп мұның алдынан шықкан тәрізденеді… Ә.Нұрп. ~ Көзі тұздай көкпеңбек, ажары атқан таңдай аппақ, сары шашты сымбатты мұғалима. Ә.Асқ.

АЖАРЫН БЕРМЕДІ

Сәні кетпеген, көркі таймаған д.м. ~ Таудың қойнауын басқан қалың қардың үстіне шөккен қара бураның еркешіндей боп шаншылып, қысқа ажарын бермеген жалғыз – Оқжетпес. С.Мұқ.
~ Аттары қашан көрсең де, ажарын бермей жылтырап тұрғандары. Ш.Айт. ~ Ал бұндай әйелдер соңыра қартайған шағында да өзінің ең бір отты кезіндегі бет ажарын бермей, баяғы бір балғын қалпымен қарап тұрады-ау! Ә.Нұрп.

АЖАРЫ АШЫҚ

Жылы шырайлы, қабағы ашық. ~ Толқындарды бұрынғыша сүзгілеп, қайық жүзіп келеді. Алдағы аң аулау сәтін асыға күткен баланың да ажары ашық, көңілі жарқын. Ш.Айт. ~ Мен қазақшаға да сөзшең емес едім, орысшаға ауысқалы тіпті үндемейтін болып алдым. Света да сөзге сараң, бірақ кісі жатырқайтын тұйық емес, ажары ашық, адамға ылғи жылы шыраймен қарайды. Т.Ахт.

АЖАРЫН ЖОҒАЛТПАДЫ

Көркін сақтап қалды. ~ Варвара Климовна Келлердің әлі ажарын жоғалтпаған дөңгелек жүзі дір ете түсті де, ішкі толқыныстан қып-қызыл боп кетті… В.Наб. ~ Сәлден кейін Чорбтың оған көзі түсіп кетті де, оның талай қолдан өтсе де әлі де ажарын жоғалта қоймаған әйел екенін білді, шашы ақшыл, қысқа қырқылыпты. В.Наб.

АЖАРЫ АШЫЛДЫ

Жүзі жайнап шыға келді; көңілденді. ~ Дүрдиiп, көпси көтерiлген қалың мұртты қайшымен ерiннiң жиегiн қуа шырпып, сүйiрлей жұқартып едi, құстұмсығына бек жарасып, ажары ашылып шыға келдi. Т.Сәу. ~ Ол – менің жадымда мәңгі жатталып қалған әжемнің тірі кезіндегі бейнесі. Жанды бейне! Қозғалатын, жүретін, сөйлейтін бейне. Бұл бейненің жыл өткен сайын ажары ашыла түспесе, басыла түскенін байқамаймын. Д.Әш.

АЖАРЫН САҚТАДЫ

Бет сұлулығынан айрылған жоқ, өңін бермеді. ~ Егер ашылса, жағында бұрын жіпке тізген меруерттей жалтылдайтын тістер жоқ: қатарлары сиреген, қалғандары сарғайған! Қандай семіргенде де ажарын сақтайтын адамдар болады ғой? С.Мұқ. ~ Еті қашып кеміктенген құс тұмсықтың жотасына дейін әжім. Тек өз жасына лайық ажарын сақтап қалған толқынды қоңырқай шашы ғана. Т.Сәу.

АЖАРЫ КІРДІ

Бетіне қан жүгірді, жүзі жайдары тартты.~ Сенің төбең көрінгеннен бері мына екі баламның ажары кіріп, адам болып қалды. Ә.Нұрш. ~ Үйдің ажары кіріп, ас бөлмеден тамақтың неше түрлі хош иісімен жарыса құлақты қытықтар әдемі-әдемі әндер естілетін. Т.Сәу.

АЖАРЫ КІРІҢКІРЕЙІН ДЕДІ

~ Хатында ашық жауап бермесе де, баланың айтуымен Шұғаның ыңғайын байқадым. – Енді Шұға құтылмайды, дедім. Әбдірахманның ажары кіріңкірейін деді… Б.Май.

АЖАРЫ ҚАЙТТЫ (ТАЙДЫ)

Көркі солды, өңі кетті. ~ Он жыл бірге оқығанда осы досының бала боп, сірә, тауы шағылып, ажары қайтып мұқалғанын көрген емес. Ә.Нұрп. ~ Жүдеген, жұқалаң қызыл шырайлы, нұрлы ақша маңдайы мен екі ұртында тереңдеп қалған әжім сызықтары айғыздай бастапты. Уыз жастық ажар қайтқан. Т.Рыс. ~ Сені кешегі Есімжанның баласы деп, ардақтап, қолқа салып отырған жоқ па, болыс туысың. Бетеге кетіп бел қалады, ажар тайып ар қалады. Ж.Ахм.

АЖАРЫ ҚАШТЫ

Өңі солып, жүдеу тартты; сәнінен айрылды. ~ Өңін жел қағып тотығып, бет терісі қалыңдап, көзі кішірейіп, ажары қашыпты. Т.Ахт. ~ Кешке дейін еш мазасы болмады, жедел жәрдемде отырса да, аурулардың шақыруымен бара жатса да ажары қашқан отбасы тірлігі ойынан шықпайды… Н.Сер. ~ Мерекеге әзірленген үйдің ажары қаша бастағанына өзін кінәлі санаған Елеусіз ендігі кеңесті зілсіз әзіл-оспақ жағына қарай аударуға тырысты. Т.Әл. ~ Мынау ажары қашып аңылжыған дүниенің ортасында өзінің де тек құлазып құр қаңқасы ғана қалғандай. Ә.Кек.