Қайғылы әуен, қасырет сазы. ~ Уілдеп жел тұра бастады. Бұта біткен басын шұлғып, аза күйін шертеді. С.Ел. ~ Сұрғылт аспанның бауырында дірілдей қалтыраған ағаш бұтақтары жапырақтарына үнсіз қоштасып, аза күйіне мүлгігендей мұңмен майысады. Ж.Шәк. ~ … әңгімелері көлемі жағынан шағын болғанымен, бір дәуірдің қап-қара суық жартасын арқалаған аза күйі іспетті. Ж.Шәк.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЗА ҚЫЛДЫ
Өлген кісіні жоқтады, салт-ғұрыпқа орай қызмет атқарды.
~ Бөжейге арналған құрандарын, «тие берсінін» өз үйлерінде, өз балаларына, Абай мен Ғабитхандарға оқытты. Шелпектерін пісіртіп, дастарқандарын жайғызып, бір жеті бойында өз үйлерінде аза қылып отырысты. М.Әу.
АЗА САЛДЫ
1. Қаралы үйге көмек ретінде, асқа деп, үлес-сыбаға беру.
~ – Оны аяған болып, əуре болғандай қояйық. Өлтірейік те жіберейік. Жапан түзде кім көріп тұр бізді? Сегіз мыңнан бөліп алсақ, ішімізді жарып бара ма? Елге барған соң, аттан жығылып өлді дерміз. Қайғырған болармыз, аза салармыз. Сонымен жұмыс бітер. Ж.Айм. ~ Бір тайыншам бар еді, оны қалқоз болмастан бұрын қатынның төркініне азаға салғам. Б.Май.
2. Көңілге қаяу салды. ~ – Біз қапа, бір хайуан қылды құмар. Қуалық әлі де болса бұл киікті, Қата боп бір жазымнан кеткен шығар. Көңілге осылай деп аза салған, “Алла деп” қуып берді өңшең бағлан. БС. «Әмірзада».
АЗА ТАРТТЫ
Жақын адамының қаза болуына қатты уайым жеді, күйіне қайғырды, көз жасын төкті. ~ Ой мен қыр, орман-тоғай неге шулар? Аң мен құс күйініп жүр, не үшін бұлар? Арқаның аяулы аты өлгенін Аспан, жер аза тартып тұрған шығар! І.Жан. ~ Ескі ғұн жұртының Еділ өлгенде, оған қалай аза тартқанын атақты рим жазушысы Иордан былай суреттейді: «Жұрттың (азаға) жиналған жері таудың басы еді. Еділдің сүйегін жібекке орап, жерге апарып орнатты…» Ә.Мар. ~ Сол күні Серіктің сүйегі колхоз орталығына әкелініп, ертеңіне жерленді. Сәбира ерекше аза тартты. Ешкімнен ұялмастан, күйеуі өлген қаралы әйелдей жылады. Еркектермен бірге зират басына барды. С.Мұр.
АЖАРЫН САЛДЫ
Беделін салып, көңілін білдіріп, базына қылды. ~ Сол арада тілінің ебін, бетінің ажарын салып, көлігі болдырған солдатқа мінер ат пен сояр малды, киер киімді өздерінің ықтияр еркімен үйір-үйір қып айдап алғызып еді. Ә.Нұрп.
АЗА ТҰТТЫ
Қайтыс болған адамды салт бойынша соңғы сапарға аттандырды; қайғырды, қасырет шекті. ~ Даланың адамға бауыр басқан еркін құсы жылайды, жоқтайды, аза тұтады. Сол сауысқандардан басқа кім іздемек біз бейбақты!?. М.Мағ. ~ Аспанға үш дүркін мылтық атып, отряд кешке дейін аза тұтты. С.Ел. ~ – Өлім бәpiмiзгe ортақ қой. Рақым батыр жау қолынан жазатайым қайтыс болды. Елі жылады, қайғырды, тұтуға тиістi азасын тұтты. Ж.Шәк.
АЖАРЫ КІРІҢКІРЕЙІН ДЕДІ
~ Хатында ашық жауап бермесе де, баланың айтуымен Шұғаның ыңғайын байқадым. – Енді Шұға құтылмайды, дедім. Әбдірахманның ажары кіріңкірейін деді… Б.Май.
АЖАРЫ ҚАЙТТЫ (ТАЙДЫ)
Көркі солды, өңі кетті. ~ Он жыл бірге оқығанда осы досының бала боп, сірә, тауы шағылып, ажары қайтып мұқалғанын көрген емес. Ә.Нұрп. ~ Жүдеген, жұқалаң қызыл шырайлы, нұрлы ақша маңдайы мен екі ұртында тереңдеп қалған әжім сызықтары айғыздай бастапты. Уыз жастық ажар қайтқан. Т.Рыс. ~ Сені кешегі Есімжанның баласы деп, ардақтап, қолқа салып отырған жоқ па, болыс туысың. Бетеге кетіп бел қалады, ажар тайып ар қалады. Ж.Ахм.
АЖАРЫ ҚАШТЫ
Өңі солып, жүдеу тартты; сәнінен айрылды. ~ Өңін жел қағып тотығып, бет терісі қалыңдап, көзі кішірейіп, ажары қашыпты. Т.Ахт. ~ Кешке дейін еш мазасы болмады, жедел жәрдемде отырса да, аурулардың шақыруымен бара жатса да ажары қашқан отбасы тірлігі ойынан шықпайды… Н.Сер. ~ Мерекеге әзірленген үйдің ажары қаша бастағанына өзін кінәлі санаған Елеусіз ендігі кеңесті зілсіз әзіл-оспақ жағына қарай аударуға тырысты. Т.Әл. ~ Мынау ажары қашып аңылжыған дүниенің ортасында өзінің де тек құлазып құр қаңқасы ғана қалғандай. Ә.Кек.
АЖАРЫ ОҢДЫ (1)
Жүдеп-жадап, солғын тартқан кескін туралы. ~ Өңі жұқа, таң бозындағы нұры семе бастаған балауыз шырақтың боз сағымы сияқты ажары оңа бастаған, тозыңқырап қалған жүзінен Бекет таныс бір адамды шырамытқандай еді, бірақ, қанша ойланса да қысыр жыландай сумаңдаған сылаң желістің иесін таппады. Қ.Ысқ.
