Бетіне қан жүгірді, жүзі жайдары тартты.~ Сенің төбең көрінгеннен бері мына екі баламның ажары кіріп, адам болып қалды. Ә.Нұрш. ~ Үйдің ажары кіріп, ас бөлмеден тамақтың неше түрлі хош иісімен жарыса құлақты қытықтар әдемі-әдемі әндер естілетін. Т.Сәу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЖАРЫ КІРІҢКІРЕЙІН ДЕДІ
~ Хатында ашық жауап бермесе де, баланың айтуымен Шұғаның ыңғайын байқадым. – Енді Шұға құтылмайды, дедім. Әбдірахманның ажары кіріңкірейін деді… Б.Май.
АЖАРЫ ҚАЙТТЫ (ТАЙДЫ)
Көркі солды, өңі кетті. ~ Он жыл бірге оқығанда осы досының бала боп, сірә, тауы шағылып, ажары қайтып мұқалғанын көрген емес. Ә.Нұрп. ~ Жүдеген, жұқалаң қызыл шырайлы, нұрлы ақша маңдайы мен екі ұртында тереңдеп қалған әжім сызықтары айғыздай бастапты. Уыз жастық ажар қайтқан. Т.Рыс. ~ Сені кешегі Есімжанның баласы деп, ардақтап, қолқа салып отырған жоқ па, болыс туысың. Бетеге кетіп бел қалады, ажар тайып ар қалады. Ж.Ахм.
АЖАРЫ ҚАШТЫ
Өңі солып, жүдеу тартты; сәнінен айрылды. ~ Өңін жел қағып тотығып, бет терісі қалыңдап, көзі кішірейіп, ажары қашыпты. Т.Ахт. ~ Кешке дейін еш мазасы болмады, жедел жәрдемде отырса да, аурулардың шақыруымен бара жатса да ажары қашқан отбасы тірлігі ойынан шықпайды… Н.Сер. ~ Мерекеге әзірленген үйдің ажары қаша бастағанына өзін кінәлі санаған Елеусіз ендігі кеңесті зілсіз әзіл-оспақ жағына қарай аударуға тырысты. Т.Әл. ~ Мынау ажары қашып аңылжыған дүниенің ортасында өзінің де тек құлазып құр қаңқасы ғана қалғандай. Ә.Кек.
АЖАРЫ ОҢДЫ (1)
Жүдеп-жадап, солғын тартқан кескін туралы. ~ Өңі жұқа, таң бозындағы нұры семе бастаған балауыз шырақтың боз сағымы сияқты ажары оңа бастаған, тозыңқырап қалған жүзінен Бекет таныс бір адамды шырамытқандай еді, бірақ, қанша ойланса да қысыр жыландай сумаңдаған сылаң желістің иесін таппады. Қ.Ысқ.
АЖАРЫ ОҢДЫ (2)
Сұлу, көрікті. ~ – Сонда, сол қантты ала барсам: дүкенде бір мөлдіреген қазақтың сұлу келіншегі тұр екен. Оңды әйел кісінің көзін тартпай қояма. Ажары оңды болғасын, сөзі сыпайы болғасын, біреуден: «бұл кім?» деп сұрап ем, сол қалада әлгі бір жігіт бар еді ғой… С.Мұқ.
АЖАР КӨРСЕТТІ
Оң ыңғай білдірді, емеурін танытты. ~ Бұрын талай естіген сөздерін әлі де құмарланып, сүйсініп тыңдаған ажар көрсетеді. М.Әу. ~ Әрине! — деп, әңгiмесiнiң аяғында Михайлов күле түсiп, Абайды санынан қағып, қалжың айтқандай ажар көрсеттi. М.Әу.
АЖАР САЛДЫ
Базына айтты, өтінішін білдірді. ~ Нұрқан. Ажар салатын жеңешем, айтқызатын мен. Сенің әлі де олқың бар ма осы? М.Әу. ~ Сол арада тілінің ебін, бетінің ажарын салып, көлігі болдырған солдатқа мінер ат пен сояр малды, киер киімді өздерінің ықтияр еркімен үйір–үйір қып айдап алғызып еді. Ә.Нұрш.
АЖАЛДЫҢ АУЗЫ (АУЗЫНА ТҮСТІ)
Өлімге апарар қауіп-қатер туралы. ~ Егер Амур өзені болмаса, егер мен Балқаш жағасында өспесем, суда балықтай жүзбесем, не болар едім?! Міне, бұл менің ажал аузынан қалғаным ба, жоқ па? Шамасы, мұндай жағдай тайгадағы талайдың басында болады деп отырсың ғой. Б.Қыд. ~ Ажалдьің аузына түсіп көрсін, онан аман кайтқанын көрейін. Ә. Н.
АЖАР САЛЫСТЫРДЫ
Сынай, міней көз тікті. ~ Қырындамай тұрып, ажар салыстырып, айбат салыстырып, қылық салыстырып алмай тұрып олар да қауышпайды. Ә.Кек.
