АЖАР ТАНЫТТЫ

Бет-жүзі, қас-қабағымен көңілін білдірді. ~ Дариға бастаған үлкен кісілер де келіп: «Бәрекелде, ойын қыза берсін!» айтқанда, Гүлнаштың жанары құбылып, көңілді ажар танытып тұрды. Т.Әл. ~ Жалғыз Базаралы ғана қатты зекіп, ашулы ажар танытты. М.Әу.

АЖАЛДЫҢ ТАС ҚҰРСАУЫ

Өлімнің шеңгеліне бір түссең құтыла алмайсың д.м. ~ Өтермін… қанша жүрем…- ұзамаспын, Ажалдың тас құрсауын бұза алмаспын. Ойласаң қысқа өмірдің қызығы аз ба, Мен өзім сондай оймен ырзаластым. М.Әлім.

АЖАРЫ (АҚ ЖҮЗІ) ТОЛҒАН АЙДАЙ

Он екі де бір гүлі ашылмаған сұлулық сипаты. ~ Әлдекім киіз үйдің орама есігін түріп кеп жіберіп еді, табалдырықтан кеудесіне домбырасын қысқан, ажары толған айдай қасы садақша керілген, тәкаппар да ойнақы қара көзі шуақ шашқан бір қыз көрінді. Ш.Айт. ~ Одан еңкейіп келіншектің бетіне ұзақ үңіліп қарады. Қасы қияқтай, оймақ ауыз, қап–қара шашы жастықтан асып жерге салбырап тұр. Ақ жүзі толған айдай, қабағы сəл шытыңқы, ыңырсып қояды. Өміріне ренжіп жатқандай… С.Досж.

АЖАЛМЕН АРПАЛЫСТЫ (АЛЫСТЫ, АЙҚАСТЫ)

Тірі қалу үшін жанталасты. ~ Бойындағы ең соңғы тіршілік қуатын уысынан шығармай, анаң сен үшін, сені бір көріп, қоштасу үшін ажалмен арпалысып жатқанын білемісің? Қайт! Қайт үйіңе. Б.Соқ. ~ Қаншама өмір сүрдім — соншама ажалмен алыстым! Амал нешік, күнді түн, жарықты түнек жеңді… Ендігі үміт — Таңда! И.Сап.

АЖАРЫ (НҰРЫ) ТАЙМАҒАН

Бет-жүзі жас көрінеді; өңін бермеген. ~ Осындай бір әредікте Демежанның қасына Мамырбек келіп, былай таман оңашалай берді. Төренің жасы алпыстан асып кетсе де, әлі ажары таймаған, ақбөрте, толысқан шағында. Қ.Жұм. ~ Сол есіне түссе, бұның кез алдына бетінен нұры таймаған ақ сары әйел тұра қалады. Қолынан талай дәм татқан-ды. Ә.Нұрп.

АЖАЛМЕН ҰСТАСТЫ

Жанын алып қалу үшін жанталасты, өліммен текетіресті. ~ Мұндай жандар ең соңғы тынысына шейін, ажал сағатының өзінде де сол ажалмен араздасып, ұстасып, пәле жапсырып, сідет артып өлер еді. М.Әу.

АЖАЛЫ ЖЕТТІ

Өлер шағы таяды. ~ Әкемдей кісі аяғыма жығылып тұр. Әкем есіме түсті. Сібірдің адам айтқысыз суығында аш-жалаңаш
жүріп, ажалы жетті-ау деймін. Бірақ неге аш? Ш.Мұр. ~ …биылғы жылдың өзінде осы жиырма шақты үйден кәрілік жеңіп,
ажалы жетіп қайтыс болған кәрі-құртаңды есептемегенде, оннан аса жас нәресте өлген екен. С.Жүн. ~ Ал, мына өзінің
ажалы жетіп тұрса, маңдайының сорынан көрер. М.Бай. ~ Ел-жұртын аңсаған қайран Құла, жершіл Құла… ажалының жетіп,
дәм-тұзының біткен жері осы болар. А.Өт.

АЖАЛЫ ЖОҚ (ЕКЕН)

Құдай сақтап қалды д.м. ~ …отырған бұтағы қарш етіп сынып кетіп, астындағы келесі бұтаққа ілініп қалып, ажалы жоқ екен, әрең құламады. Ш.Мұр. ~ — Кетті ме?— деді ол, жәбірленген адамның мүсәпір үнімен. — Кетті. Ажалы жоқ екен байғұстың. Ә.Әб.

АЖАЛЫНА АСЫҚТЫ

Алда ажал тосып тұрғанын сезбеді. ~ Енді өлдік деп, бәрінен күдер үзген кезде, кенет осы үйдің от жарығын қатынының көзі шалып қалыпты. Алдыға түсіп ұмтылған екен, ажалына асығыпты, байғұс! Б.Нұр. ~ Кенесарының бұл асыға көтерілуі ажалына асығуы болды. Екі жыл өтпей биылғы көрген түсі дәл өңіндегідей келіп, ол Кекілітауының бауырынан ажал тапты. І.Ес.

АЖАЛЫНА КӨРІНДІ

Өлімге бастаған іс-әрекет туралы. ~ Үш жыл қатарынан бауырынан өрген күшіктерінен айрылған ызалы қаншық ажалына көрінді ме, …тапа-тал түсте өрістегі малға шапты…Ә.Нұрп. ~ Суға кетер бала дариядан шегінбейді, әлде ажалына көрінді ме, …астындағы құла қасқа текежаумыт тұлпарын ойнақтатып, жау шебінің ортасына қарсы шапты. І.Ес.