Бет-жүзі жас көрінеді; өңін бермеген. ~ Осындай бір әредікте Демежанның қасына Мамырбек келіп, былай таман оңашалай берді. Төренің жасы алпыстан асып кетсе де, әлі ажары таймаған, ақбөрте, толысқан шағында. Қ.Жұм. ~ Сол есіне түссе, бұның кез алдына бетінен нұры таймаған ақ сары әйел тұра қалады. Қолынан талай дәм татқан-ды. Ә.Нұрп.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЖАЛМЕН ҰСТАСТЫ
Жанын алып қалу үшін жанталасты, өліммен текетіресті. ~ Мұндай жандар ең соңғы тынысына шейін, ажал сағатының өзінде де сол ажалмен араздасып, ұстасып, пәле жапсырып, сідет артып өлер еді. М.Әу.
АЖАЛЫ ЖЕТТІ
Өлер шағы таяды. ~ Әкемдей кісі аяғыма жығылып тұр. Әкем есіме түсті. Сібірдің адам айтқысыз суығында аш-жалаңаш
жүріп, ажалы жетті-ау деймін. Бірақ неге аш? Ш.Мұр. ~ …биылғы жылдың өзінде осы жиырма шақты үйден кәрілік жеңіп,
ажалы жетіп қайтыс болған кәрі-құртаңды есептемегенде, оннан аса жас нәресте өлген екен. С.Жүн. ~ Ал, мына өзінің
ажалы жетіп тұрса, маңдайының сорынан көрер. М.Бай. ~ Ел-жұртын аңсаған қайран Құла, жершіл Құла… ажалының жетіп,
дәм-тұзының біткен жері осы болар. А.Өт.
АЖАЛЫ ЖОҚ (ЕКЕН)
Құдай сақтап қалды д.м. ~ …отырған бұтағы қарш етіп сынып кетіп, астындағы келесі бұтаққа ілініп қалып, ажалы жоқ екен, әрең құламады. Ш.Мұр. ~ — Кетті ме?— деді ол, жәбірленген адамның мүсәпір үнімен. — Кетті. Ажалы жоқ екен байғұстың. Ә.Әб.
АЖАЛЫНА АСЫҚТЫ
Алда ажал тосып тұрғанын сезбеді. ~ Енді өлдік деп, бәрінен күдер үзген кезде, кенет осы үйдің от жарығын қатынының көзі шалып қалыпты. Алдыға түсіп ұмтылған екен, ажалына асығыпты, байғұс! Б.Нұр. ~ Кенесарының бұл асыға көтерілуі ажалына асығуы болды. Екі жыл өтпей биылғы көрген түсі дәл өңіндегідей келіп, ол Кекілітауының бауырынан ажал тапты. І.Ес.
АЖАЛЫНА КӨРІНДІ
Өлімге бастаған іс-әрекет туралы. ~ Үш жыл қатарынан бауырынан өрген күшіктерінен айрылған ызалы қаншық ажалына көрінді ме, …тапа-тал түсте өрістегі малға шапты…Ә.Нұрп. ~ Суға кетер бала дариядан шегінбейді, әлде ажалына көрінді ме, …астындағы құла қасқа текежаумыт тұлпарын ойнақтатып, жау шебінің ортасына қарсы шапты. І.Ес.
АЖАЛДАЙ ТҮСІ СУЫҚ
Өңі мұздай; сұсты, қатқыл жүзді. ~ Апан көр сияқmанды. Өйткенi ажалдай түсі суық саудырған үш адам келiп қалды. Ж.Айм.
АЖАЛДАН ҚАЛДЫ
Басына төнген қауіптен тірі қалды, бір қатерден аман құтылды, құдай сақтады. ~ О жерден де, бұ жерден де әскер шыға келеді. Кешеде жүргізбейді, атып тастайды. Талай жерде ажалдан қалдық… Ж.Айм. ~ Көк мысық жау сарқытының құрбаны болды. Ертесіне көміп тастадық. О тоба, сөйтіп бір ажалдан қалдым. Б.Қыд. ~ Ашуы қатты деймін-ау, бұл кісінің қолы одан да қатты екен. Жеңгеміз бір ажалдан қалды, құдай сақтап. Тіпті бұл Сәкеңнің кісіге араша бермейтінін қайтерсің. Араға түсем деп өзім де таяққа сілейіп шықтым. Т.Ахт.
АЖАЛДЫ КИІК
Өлім аузына ілігіп тұрған жан д.м. ~ Нарша (Сырымға). Сырым, сенің жалынды сөзіңді ажалдыға кез келсін деуші еді жұрт. Бірақ шарай топтың көзінше пұшпағынан ілінген ажалды киік мен болам ба? Азалы, қайғылы — жалғыз Қарагөз емес, сен де арманда дейім бе, мен не дейін? М.Әу. ~ Сырқынды кәрі аңшы қашар деген бетті ертеде аңғарып болжап алып, сол өрісті алдымен келіп өзі алып, енді иек артпа, баспадан ажалды киікке сұғын қадап отырғанға ұқсайды. М.Әу. ~ Хақтағала бұйырды Қағаз жаз деп қаламға. Ажалды күні ақ киік Айдамай түсер аранға. Қайырсыз өткен Қарынбай Үлгісі қалған сараңға. Н.Шырш.
АЖАЛ ТАПТЫ
Өмірін қиған апатқа тап болды. ~ Әттең, дүние-ай, қияңқы қыс қаһарлы келіп, баспанасыз жалаң жұрт сол жұт жылы ажал тапты… І.Ес. ~ Талай қошақан көзін ашпай жатып өз енесінің аузынан ажал тапты. «Апырай, мынандай да сұмдық болады екен ғой», — деп жұрт жағасын ұстасты. Ә.Кек.
