Ойланбай істеген ісімен басына қауіп төндіру туралы. ~ Қыдыш. Көбі осындай, осы өзіміздің ығымызда жүрген адамдар.Тіпті пәлен дейтіні жоқ ішінде. Кәрім. Бишаралар босқа сорлайды ғой. Нұрқан. Жол біліп, жөн сілтері жоқ, бір сор түртіп жүр, не қыласыз. Жүзтайлақ. Ажалды киік адырға деп, қаза түртіп жүрген де. Кәрім. Қаза екені рас. Қазіргі жаза қатал ғой. Тоқтатпай болмайды. Обалына қалармыз бос қырғызып. М.Әу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЖАЛ ТӨНДІ
Өлім қаупі таяп қалды. ~ Шыңғыс көзін ашса, қасында шешесі емес, ажал төніп тұр!.. Оның қолында сілтеуге көтерген, үші сүйір, екі жүзді қанжар!.. С.Мұқ. ~ Ажал төніп келіп, суық демін бетке үрлеп тұрғандай. Т.Сәу.~ Ертең қылыш болса, төбесінен аузын арандай ашып тажал төніп тұрған бүгіннің не қажеті бар? Ә.Кек.
АЖАЛДЫ ҚАРҒА
Өміріне қауіп төнген, тірі қалуы екіталай жан иесі хақында. ~ Ол қазір ауылнай емес − Ақшоқының құдайы. Бетіне тірі жан тура қарамайды. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Оған қарсы келген адам ажалды қарғамен бірдей. Т.Әбд. ~ Ажалды қарға дегендей Ойнайды бекер бүркітпен, Көздерін жаттың көгендей Қараса сесі үркіткен. М.Рәш.
АЖАЛ ТӨНДІРДІ
Сұс көрсетіп, қорқытты; өміріне қауіп тудырды. ~ Айырсақал шал өзі сөйлегенше мен үндемедім. Ол үнсіз. Жан-жағымдағы бізге ажал төндіріп тұрған он-он бес жігітке қарадым. Б.Қыд.
АЖАЛДЫ ҚАРҒА БҮРКІТПЕН ОЙНАЙДЫ
Әліне қарамай өзінен күштіге соқтыққан басына бәле тілеп алады д.м. ~ — Ажалды қарға бүркітпен ойнайды. Атпен ойнаған тайдың арқасы алынады,— деді Мұстапа күлімсірей,— соқтықпа құдайға. Соқтыққаның, аз емес. Әуелі соларды мұқат. Ғ.Мұс.
АЖАЛ ТҰЗАҒЫ
Жанынан айырарлықтай қауіп-қатер; өлім қаупі. ~ Адам баласының алдынан төтеден келер
тағдыр дегеніңнің, айтпай жетер ажал тұзағының бұл да бір түрі шығар… С.Жүн. ~ Одан да
осы арадан тырп етпейік, қолдан келгенше бүлдірейік, қалаларды өртейік, өшіккенді
өлтірейік, талайық, сөйтіп шамадан кеткенде ажал тұзағына мойын ұсынайық. С.Мұқ. ~ Мен
әуелгі, сезікті қимылдан, нақты әрекетке көшкенге дейінгі аралықта асса бір жарым минут
қана өтті. Міне, бәрі дайын. Қайрылмас ажал тұзағы мойында тұр. Қапысыз ілінді. М.Мағ. ~
Осылайша бүл күн де тауыс-тәмам болып бара жатты. Әне-міне алыстан толқын шуы
естілер, самал соғып тұманды басқа жаққа айдап әкетіп, біз тажал тұзағынан құтылармыз
деген үміт бір де бір үзілмеген. Ш.Айт.
АЖАЛДЫҒА АЙЛА ЖОҚ
Өлімнен қашып құтылмайсың. ~ Ажалдыға айла жоқ, әрине, бірақ қолынан келсе, аянып қалған емес-ті. О.Сәр.
АЖАЛ ТҮРТТІ
Өлімге бастады, қатерге итермеледі. ~ Шұңғыл шатын, мейірімді Алтай түсі қашып, түнде жорытқан жорықшыға соққан ғой.
Ажал түрткен мал болмаса, мал алдырған жан болмаса, терең шатқа кім барған? Ж.Айм. ~ Ерлігі ішіне сыймағанынан емес,
қанағатсыздығы мазасын алып, ажал түрткілеп, жорыққа шықты. І.Ес. ~ Ажал түрткен мал болмаса, мал алдырған жан
болмаса, терең шатқа кім барған? Ж.Айм. ~ Өздеріңді не ажал, не бейнет түртіп келеді екен!.. Онан да қайтыңдар енді,
аман-сауларында! — деді құбаша жігіт. С.Сей.
АЖАЛ ТЫРНАҒЫ
Адам басына төнген өлім қаупі. ~ Иә, ажалы тақады, татар дәмі таусылды Оқастың. Төменнен бастап өрлеген өлім белгісі соңғы бірер күнде кеудеге жеткені анық білінген. Енді ажал тырнағы тек жүрекке ғана жетпей тұр. Оған да жетер. Д.Әш. ~ Су тастай суық екен, жан шыдатпас суық екен. Оған батқан кезде, бүкіл денем от қарығандай күйе түскен. Суық сүйегіме дейін жетіп, ажал тырнағы тура алқымыма батқандай. Д.Лон.
АЖАЛ ТЫРНАҒЫНА ІЛІКТІ (ІЛІНДІ)
Басына өлім қаупі төніп тұр. ~ Кәрі қаншық бәрінен баз кешіп, өзі өмірге әкелген бұрынғы күшіктерімен де ісі болмай, қашан ажал тырнағына іліккенше өстіп күнелте тұрайыншы деп … Қ.Жиен. ~ Артымда жаңа туған бөбегім қалып барады, жиырма екі жасымда ажал тырнағына ілінейін деп тұрмын. М.Әбд. ~ Сол Бердібек үшін өздерінің де тірі жүруі міндетті екенін түсініп туралап келген ажал тырнағына ілінбей кеткен кездері көп еді. О.Көш. ~ Артымда жаңа туған бөбегім қалып барады, жиырма екі жасымда ажал тырнағына ілінейін деп тұрмын. С.Ом.
