Сұс көрсетіп, қорқытты; өміріне қауіп тудырды. ~ Айырсақал шал өзі сөйлегенше мен үндемедім. Ол үнсіз. Жан-жағымдағы бізге ажал төндіріп тұрған он-он бес жігітке қарадым. Б.Қыд.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЖАЛДЫ ҚАРҒА БҮРКІТПЕН ОЙНАЙДЫ
Әліне қарамай өзінен күштіге соқтыққан басына бәле тілеп алады д.м. ~ — Ажалды қарға бүркітпен ойнайды. Атпен ойнаған тайдың арқасы алынады,— деді Мұстапа күлімсірей,— соқтықпа құдайға. Соқтыққаның, аз емес. Әуелі соларды мұқат. Ғ.Мұс.
АЖАЛ ТҰЗАҒЫ
Жанынан айырарлықтай қауіп-қатер; өлім қаупі. ~ Адам баласының алдынан төтеден келер
тағдыр дегеніңнің, айтпай жетер ажал тұзағының бұл да бір түрі шығар… С.Жүн. ~ Одан да
осы арадан тырп етпейік, қолдан келгенше бүлдірейік, қалаларды өртейік, өшіккенді
өлтірейік, талайық, сөйтіп шамадан кеткенде ажал тұзағына мойын ұсынайық. С.Мұқ. ~ Мен
әуелгі, сезікті қимылдан, нақты әрекетке көшкенге дейінгі аралықта асса бір жарым минут
қана өтті. Міне, бәрі дайын. Қайрылмас ажал тұзағы мойында тұр. Қапысыз ілінді. М.Мағ. ~
Осылайша бүл күн де тауыс-тәмам болып бара жатты. Әне-міне алыстан толқын шуы
естілер, самал соғып тұманды басқа жаққа айдап әкетіп, біз тажал тұзағынан құтылармыз
деген үміт бір де бір үзілмеген. Ш.Айт.
АЖАЛДЫҒА АЙЛА ЖОҚ
Өлімнен қашып құтылмайсың. ~ Ажалдыға айла жоқ, әрине, бірақ қолынан келсе, аянып қалған емес-ті. О.Сәр.
АЖАЛ ТҮРТТІ
Өлімге бастады, қатерге итермеледі. ~ Шұңғыл шатын, мейірімді Алтай түсі қашып, түнде жорытқан жорықшыға соққан ғой.
Ажал түрткен мал болмаса, мал алдырған жан болмаса, терең шатқа кім барған? Ж.Айм. ~ Ерлігі ішіне сыймағанынан емес,
қанағатсыздығы мазасын алып, ажал түрткілеп, жорыққа шықты. І.Ес. ~ Ажал түрткен мал болмаса, мал алдырған жан
болмаса, терең шатқа кім барған? Ж.Айм. ~ Өздеріңді не ажал, не бейнет түртіп келеді екен!.. Онан да қайтыңдар енді,
аман-сауларында! — деді құбаша жігіт. С.Сей.
АЖАЛ ТЫРНАҒЫ
Адам басына төнген өлім қаупі. ~ Иә, ажалы тақады, татар дәмі таусылды Оқастың. Төменнен бастап өрлеген өлім белгісі соңғы бірер күнде кеудеге жеткені анық білінген. Енді ажал тырнағы тек жүрекке ғана жетпей тұр. Оған да жетер. Д.Әш. ~ Су тастай суық екен, жан шыдатпас суық екен. Оған батқан кезде, бүкіл денем от қарығандай күйе түскен. Суық сүйегіме дейін жетіп, ажал тырнағы тура алқымыма батқандай. Д.Лон.
АЖАЛ КҮТІП ТҰР
Өлім тақап қалды, алдында тұр д.м. ~ – Сен қу қақпас, кімді алдамақсың?! Өз өтірігің өзіңе! Мен оған сене алмаймын! Сені алда ажал күтіп тұр! – деді мейманасы тасып тұрған Құтыз ақи көзін ақшитып. Д.Рам. ~ Әуелгі шоғыры сиреп қалған жау тобы Ызғұтты кірген қорымға кіре алмады. Алдынан ажал күтіп тұрғандай шегіншектеді. Ж.Шәк.
АЖАЛ ҚҰРЫҒЫ (ҚАРМАҒЫ)
Адам жанын жалмайтын айла-шарғы. ~ Шын бақыт шәрбатын тата алмай өмірден өтті. Өмір бойы зәр-иманы қалмай қорыққан, күткен түсі суық ажал құрығы мойынға сарт еткенде екі көзі парта шықты. С.Ел. ~ Боранқұл ойлап көрсе – Қорқыт баба өмірін ажал құрығынан қашып жүріп өткерсе, өз өмірін адам құрығынан қашып жүріп өткізіпті. Ғ.Біл. ~ Менің адал мүриттерім осылайша жер бетіне арақ, есірткі, спид, туберкулез секілділерді шашу қылып шашып жүр. Балықтың уылдырығын сүзген бақа сияқты аузын ашқандарды ажал қармағымен іліп алып шеріміз тарқағанша ойын ойнаймыз. Ж.Шәк.
АЖАЛ ҚҰРЫҒЫНА ІЛІНДІ
Абайсызда өлімге бастар жолға бас сұқты. ~ Ажал құрығына ілініп, сансыз аяқ астында қалған адамдардың жан айқайы; әлі табан астына түсе қоймаған… Ш.Мұр.
АЖАЛ ҚҰРЫҒЫНАН ҚҰТЫЛА АЛМАДЫ (КІМ ҚҰТЫЛҒАН)
Жанын сақтай алмады; өзін өлім қаупінен құтқаруға шамасы жетпеді. ~ Басында бағы, астында тағы бар, қолына мың сан әскер ұстаған қаһарлы хан да ажал құрығынан қашып құтыла алмайды екен. Қ.Жұм. ~ Арнап келсе ажал шіркіннің құрығынан кім қашып құтылған, дегенмен шипасы табылса жазылмас дерт жоқ дейтін сөз тағы бар. К.Сег. ~ Өлсе дегеннен шығады, алланың үйінде отырса да ажалдың құрығынан кім қашып құтылған … О.Бөк.
