АЖАЛ КӨЗІНЕ КӨРІНДІ

Ақтық сәті жақындағанын сезді. ~ Ғұмыры жалынып, жалбарынып көрмеген басым, мүсәпір боп отырғанда қоқаңдап батырсынып тұрған болысқа не істерсің, бөрінің де бір айласы болады, ажал көзіме көрінгенде тілім шықты. С.Жүн.

АЖАЛ КҮТІП ТҰР

Өлім тақап қалды, алдында тұр д.м. ~ – Сен қу қақпас, кімді алдамақсың?! Өз өтірігің өзіңе! Мен оған сене алмаймын! Сені алда ажал күтіп тұр! – деді мейманасы тасып тұрған Құтыз ақи көзін ақшитып. Д.Рам. ~ Әуелгі шоғыры сиреп қалған жау тобы Ызғұтты кірген қорымға кіре алмады. Алдынан ажал күтіп тұрғандай шегіншектеді. Ж.Шәк.

АЖАЛ ҚҰРЫҒЫ (ҚАРМАҒЫ)

Адам жанын жалмайтын айла-шарғы. ~ Шын бақыт шәрбатын тата алмай өмірден өтті. Өмір бойы зәр-иманы қалмай қорыққан, күткен түсі суық ажал құрығы мойынға сарт еткенде екі көзі парта шықты. С.Ел. ~ Боранқұл ойлап көрсе – Қорқыт баба өмірін ажал құрығынан қашып жүріп өткерсе, өз өмірін адам құрығынан қашып жүріп өткізіпті. Ғ.Біл. ~ Менің адал мүриттерім осылайша жер бетіне арақ, есірткі, спид, туберкулез секілділерді шашу қылып шашып жүр. Балықтың уылдырығын сүзген бақа сияқты аузын ашқандарды ажал қармағымен іліп алып шеріміз тарқағанша ойын ойнаймыз. Ж.Шәк.

АЖАЛ ҚҰРЫҒЫНА ІЛІНДІ

Абайсызда өлімге бастар жолға бас сұқты. ~ Ажал құрығына ілініп, сансыз аяқ астында қалған адамдардың жан айқайы; әлі табан астына түсе қоймаған… Ш.Мұр.

АЖАЛ ҚҰРЫҒЫНАН ҚҰТЫЛА АЛМАДЫ (КІМ ҚҰТЫЛҒАН)

Жанын сақтай алмады; өзін өлім қаупінен құтқаруға шамасы жетпеді. ~ Басында бағы, астында тағы бар, қолына мың сан әскер ұстаған қаһарлы хан да ажал құрығынан қашып құтыла алмайды екен. Қ.Жұм. ~ Арнап келсе ажал шіркіннің құрығынан кім қашып құтылған, дегенмен шипасы табылса жазылмас дерт жоқ дейтін сөз тағы бар. К.Сег. ~ Өлсе дегеннен шығады, алланың үйінде отырса да ажалдың құрығынан кім қашып құтылған … О.Бөк.

АЖАЛ ҚҰШАҒЫ

Өлімнің құтқармайтын уысы, тас шеңгелі. ~ Ол орнынан тұрып, ажал құшағына әне-міне кеткелі тұрған Қожаниязға көзін салып қарамастан атына қарай жүрді. Н.Дәу.

АЖАЛ ҚҰШТЫ

Қаза тапты, көз жұмды. ~ Ақыры Күйік Самарқан шаһарында белгісіз жағдайда ажал құшады. Содан кейін Күйіктің қатыны, Меркіттің қызы Үгіл-Қаймышты қайқаңдатпай, қарасын батырудың қамына кіріседі. Т.Жұрт. ~ Қысқасы Жәнібектен соң жиырма үш жылдың ішін¬де жиырма тоғыз хан ажал құшқан. Т.Сәу.

АЖАЛ АУЗЫН АШТЫ

Шыбын жанын алғалы тұрған ажал қаупі туралы. ~ Бес арқан бойы түпсіз құздардан Бекболат үшін Ақберген түлкінің күшігін алған. Аяғын әнтек жазатайым салса, ажал аузын ашып тұрған тік жартастың бетімен шыбынша өрмелеп барып, бүркіттің балапандарын әкелген. Ж.Айм.

АЖАЛ ЛЕБІ

Таяп қалған, төніп тұрған өлімнің белгісі, суық демі. ~ «Қатты әлсіреп, тері тарамысына ғана ілініп қалды. Бойсұнып кетті» деген ажал лебіндей суық хабар оның әр тараптағы жақындарына, туыстарына түгел жеткен. М.Әу. ~ Ақ түтек, алай-түлей борандарда, Аяққа ажал лебі оралғанда, Төзді олар, төздірді өзі тағдырыңның, Қайтесің, басқа түссе амал бар ма? С.Жиен.

АЖАЛ АУЗЫНА АЙДАП ӘКЕЛДІ

Біреуді қатерлі жағдайға, өлім қаупіне бастап келді. ~ «Өзекті жанға – бір өлім. Тағы да бір-екеуін жастанып өлейін!.. Ұлымды есебін тауып, елге қайтарып жіберуім керек еді, бұлай болар деп кім ойлаған. Оны да ажал аузына өзім айдап әкеліп, обалына қалатын болдым-ау!..» – деді іштей күбірлеп. Д.Рам. ~ «Тыйылсын, бұл қай қастығы!?» деп, ашу айтқан екен. Абай: – Біз ата-ананың алдында туысқан болысуға жарасақ, со да жетер. Мынадай ажал аузына, қыл көпірдің үстіне ел-жұртты өзі айдап келген соң, менен жөн сұрамасын!.. — деген. М.Әу.