Өмірмен қоштасар сәт. ~ Мұндай жандар ең соңғы тынысына шейін, ажал сағатының өзінде де сол ажалмен араздасып, ұстасып, пәле жапсырып, сідет артып өлер еді. М.Әу. ~ «Қашан шақырту келеді?» — деп, ажал сағатын күткендей жүрегі күпті болып, ала қол билердің кәрін күтті. М.Әу. ~ Бұдан сол бұрын осы көпірден құлап түсіп, суға кетіп өлмек болған еді, енді шалдың болжағаны дәл келіп, тағдырдың қалауымен оның ажал сағаты кейінге қалдырылды. О.Бальз.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЖАЛ АУЗЫНАН АЛЫП ҚАЛДЫ (ШЫҚТЫ)
Өлімнен сақтап қалды. ~ Сондай әулие адамның қадірін басымызға іс түскенде ғана білеміз!.. Бүкіл бәлністі аяғынан тік тұрғызып, әпкемді ажал аузынан ап қалды! .. Иә, бәрі де Мұраттың арқасы ғой! .. Айтпақшы, оның өзі қайда?!. Қ.Ысқ. ~ Арқасына салып, өзімді ажал аузынан алып шыққан сол жанға іштей мың мәртебе алғыс айтсам да, дұрыстап тілдесе де алмай арманда қалған едім. М.Им.
АЖАЛ АУЗЫНДА
Өлім алдында. ~ Жарты жылға жетпей жатып көз жұмды. Қатын-баласының бір уыс топырағы да бұйырмай, жат жерде қалды: сөйте тұра, ажал аузында жатып бұған «кетпе» дейді. Онысы несі? Ә.Кек.
~ Түн баласы ұйқы көрмейді. Ажал аузында тұрғандай, бүкіл өткен ғұмырына, істеген ісі, айтқан сөздеріне ой жібереді. Т.Әбд. ~ Ал, шынында, өмір мен өлімнің арасында, яғни ажал ауызында көп болған адамның аузынан ешуақытта құдай түспейді, құдайшылық сөз түспейді. А.Жақ.
АЖАЛ БОЛЫП ЖАБЫСТЫ
Жнын алды, өлімге душар қылды. ~ Сауыттың көзін қақ жарып, Дәл маңдайдан оқ дарып, Ажал болып жабысты. Атаңа нәлет Бекежан Жібермейді намысты. «Қыз Жібек».
АЖАЛ ЕЛЕСІ
Көзіне өлімнің сұлбасы сықылды көрінген, ажал болып төнген қауіп-қатер. ~ Бірақ Бірішектің бұл әдісі де сәтсіз болды. Жалт бұрылып бағытын өзгерткен Бірішек енді ойға қарай тоңқаңдай шапқанда, артында ажал елесіндей боп қалмаған кер аттыны тағы көрді. С.Жүн. ~ … осының бәрі көңіліне еміс-еміс елес беретін, сәби күнінде көзімен айқын көрген Ажал елесі, Мәңгілік үрей азабымен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл, арзан боп көрінеді. Т.Әбд.
АЖАЛ ЖЕТТІ
Өлер шағы, ақтық демі таяды. ~ Рас, Сталин қайтыс болды. Ол да Құдайдан кем емес деп жүрсек, кәдімгідей пенде екен, ажал жетті, өлді. ~ Туыс жолы бір бөлек. Бірақ тумақ бар да, өлмек бар. Біреудің өлімі оттан, біреудікі судан. Бүгін, міне, маған да ажал жетті. Өкінбеймін. Әлі де бір кәдеге жарасам, сол жетеді. С.Жүн.
АЖАЛ АБАЛАДЫ
Ажал алқымнан алды. ~ Ит дауысы алыстап барып, қайта жақындап, абалады. Ажал да абалады. Ж.Айм.
АЖАЛ АЙДАДЫ (АЙДАП КЕЛДІ)
Әлдебір қауіпті іске аяқ басып, өміріне қауіп төндірді, ажал аузына тақады. ~ «Адам ба, осы отырған айдаһар ма? Ауылдан ажал мені айдаған ба? «Ақ көбек» күй айтқаны осы болып, Алдына жарлықпен хан байлаған ба? І.Ес. ~ «Ажал айдап келген шығар мені осында» — деді шал. Ажал айдап келді ме, адам айдап келді ме, ол да бір нағайбыл дүние ғой. Қ.Ысқ.
АЖАЛ АЛДЫНДА
Өмірінің соңғы сәтінде. ~ …бұл ыржиыс патшаға адал арын сақтап, ажал алдында намысын жібермей өле білетін орыс офицерлері мен төрелерінің ерлік салтынан жаңылып, жаза басқалы тұрғандығының нышаны. Ғ.Біл. ~ Тек шешесі шіркіннің ажал алдында да өзіне осыншалықты мұқалмас күш, қайтпас қайрат бергеніне қайран қалып, қатты таңырқаған… М.Бай.
АДЫМЫН ҚЫСҚАРТТЫ
Қарқынын басты; өрісін тарылтты; аяғына тұсау салды.
~ Бірішек енді адымын қысқартып, жеңіл шоқырақтап аялдай берді. Мұнысы қаншығы мүгедек болғалы істеп жүрген әдісі. С.Жүн.
~ … темiр шыбыртқының ауаны осқылаған ысылы мен иттiң ырылы iзiнен қалар емес, қайта сәт сайын адымын қысқартып, әне-мiне желкеден ала түсердей. Т.Сәу.
