Дөрекі, дөкір, оспадар қылықты. ~ — «Белсенді» деп жұрт сендерді бекер кекетпейді екен ғой, осындай адыраң мінездеріңе бола айтылып жүр-ау, тегі. К.Қаз. ~ … әмеңгерің Құдабайды өзіңе құп көріп отырмыз. Адыраң мінезі де бар, ай-шайға қарамай кететін әңгілігі енді… Қайсыбірін тізіп жатамыз. Қалай болғанда да іштен шыққан шұбар жылан… Н.Дәу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АДЫРАҢ-ҚОДЫРАҢ ЕТТІ
Өктем сөйлеп, зіркілдеп, оғаш мінез танытты. ~ Былайынша, кісіге жамандығы жоқ та, бір түрлі дөкір, сөзі оданы қызық кісі еді. Қимылы да адыраң қодыраң еткен, еркек адам сияқты орашолақ кемпір. Ү.Жәл.
АЖАЛ (ӨЛІМ) САҒАТЫ СОҚТЫ (ТАЯНДЫ, ТӨНДІ)
Жан тәсілім болар сәт келді (жақындады). ~ … шексіз биліктің иесі болсаң да қашып құтыла алмайтын, ешкімнің әлі келмейтін бір құдырет бар. Ол сенің маңдайыңа жазылған ажал сағатының соққан күні. О.Көш. ~ Ал, өмiр елеңсiз ғана жемiрiлiп, мүжiлген үстiне мүжiледi. Бiр күнi бiреудiң болмаса бiреудiң ажал сағаты соғатыны ақиқат. Ә.Ыб. ~ Әрқайсысының да көз алдына қалың елдің қаптағалы тұрған жаулығы елестеп, енді ажал сағаты таянған сияқтанды. М.Әу. ~ Жан шіркін кімге де болса тәтті ғой. Сорлыға ажал сағатының төніп тұрғаны анық еді. Қ.Жұм.~ Айғырлығы ұстаған қалың әскер шешініп, шамдарын сөндіріп, жамбастары төсекке тиген кезде екі жақтың біріне өлім сағаты таяған еді. Ғ.Біл.
АЖАЛ (ӨЛІМ) ТЫРНАҒЫ
Басқа түскен қатерлі апат, алқымнан алған ажал қаупі. ~ … керуен жолдың үстінде жатып, талайды ажал тырнағынан алып қалған кәрі шыңырау қазір тіршілік белгісін жоғалтып, топырақ қауып өліп жатыр еді. О.Сәр. ~ Аруана оның ешқайсысын ауырсынып, алаңдамады. Қайтсем ажал тырнағынан қашып құтылам деп шыбын жаны шырқырап, безе берді. C.Дос. ~ Егер бағыма ұлы шешем тірі болмағанда менің де өлім тырнағына ерте ілінуім сөзсіз екен. С.Ом.
АЖАЛ АБАЛАДЫ
Ажал алқымнан алды. ~ Ит дауысы алыстап барып, қайта жақындап, абалады. Ажал да абалады. Ж.Айм.
АЖАЛ АЙДАДЫ (АЙДАП КЕЛДІ)
Әлдебір қауіпті іске аяқ басып, өміріне қауіп төндірді, ажал аузына тақады. ~ «Адам ба, осы отырған айдаһар ма? Ауылдан ажал мені айдаған ба? «Ақ көбек» күй айтқаны осы болып, Алдына жарлықпен хан байлаған ба? І.Ес. ~ «Ажал айдап келген шығар мені осында» — деді шал. Ажал айдап келді ме, адам айдап келді ме, ол да бір нағайбыл дүние ғой. Қ.Ысқ.
АДАСҚАН ҚУДАЙ
Жападан-жалғыз қалды, қорғансыз, қолдаусыз, жетім күй кешті.
~ Борсыда жалғыз жатып ән саламын, Сіздерге ұнай ма екен әнім сазы? Адамнан артық ажар, ақыл, айлаң, Ажары ақ бетіңнің асқан айдан. Адасқан арық қудай болдым асық, Айдындай ақ төсіңе, асыл айнам! Ш.Бөк. ~ Ай, жарықтық, Бозінген Қандай бота тапты екен? Анасынан айырылып, Адасқан қудай қайырылып, Ботақаны еңіреп, Қайтіп тірі жатты екен? «Бозінген»
АДЫМЫН АШТЫРМАДЫ (АШҚЫЗБАДЫ, АШЫРМАДЫ)
Еркіндік бермеді; аттап бастырмады, тұсады, алға жылжытпады.
~ Осы елде екі тайдан озған құнанның адымын аштырмай құртқан сен едің ғой, енді моп-момақан бола қалыпсың. Б.Қыд. ~ Дәнеш қанша бұлтаққа салғанымен, Ақжанов адымын аштыратын емес. Қ.Жұм. ~ Ішпегенде қайтсін дейді. Етегіне тістей қатып кері тартқан бір қырсық өмірі адымын ашқызған емес. Т.Сәу. ~ Бүгін аңшы Мүсірептің бүркіті де көрінген түлкіні адымын ашырмай бүктеп тастап жүр. Бірақ, бүркітке түлкі алдыру деген онша қызық емес екен. Шабу да жоқ, қуу да жоқ. Ғ.Мүс.
АДАСҚАН ҚҰЛЫНДАЙ (ҚҰЛЫН ТӘРІЗДІ)
Айрылып қалған ардақтысын іздеп жан ұшырған адам туралы. ~ Баяғыда түнде аққан жұлдыздай болып кеткен П. қаласына күндіз адасқан құлындай болып қайта оралдым. С.Досж. ~ Айрылып достан жаны ізгі, Ауырлық басты, сеземін. Адасқан құлын тәрізді, Апыр-ау, қайтіп төземін? М.Мақ.
АДАСҚАН ҮЙІР
Бір-бірінен көз жазып қалған туыстар, жақын адамдар.
~ Ашаршылық болып, естен тандырған екі жылдың өзі бұлардың арасын құздай қорқынышты, асудай алыс етті. «Тұрымтай тұсына, бөдене басына» демекші, екі жақ екі дүниеге кеткендей болды. Енді, міне, туысқандық, адасқан үйір шұрқырасып қайта қосылмақшы. К.Қаз. ~ Толып жатыр сорлылар, Мансап іздеп таласқан.
Әр нәрсенің жөні бар, Үйір таппас адасқан. Ойлан-дағы ертерек, Азаматтық атақты ал. С.Мәу.
