Аяғын басуға ерінеді. ~ Күні кеше бұл екі колхоздың арасына жаяу жүгіріп кете беруші едік. Енді жұрт машинасыз бір адым аттамайды. Бұл күнде екі арадағы жалғыз аяқ суыртпақ жол да жоғалған. Ш.Мұр.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АДЫМ АТТАУҒА ӘЛІ КЕЛМЕДІ
Аяғын басуға шамасы-шарқы жоқ. ~ Төр алдында бешпетін басына көлденең салып дамылдап жатқан ақ кемпір селк етті. Қолы қалтылдап, жер таяна түрегелді де, адым аттауға әлі келмегендей шөке түсіп отыра кетті. М.Қаб.
АДЫМДЫ ТҰСАДЫ
~ Байлап беріп бағымды құса-мұңға,
О, Уақыт, адымды тұсадың ба?!
Бұл күндері ұмыттым қанша қыздың,
Тұрғанымды жылынып құшағында. А.Әл.
АДЫМЫ ҚЫСҚА
Ұзаққа бара алмайды, өрісі тар, шама-шарқы шектеулі. ~ Қара жердің бетінде қаптай жайылып өз төлдерім жүреді ғой деп еді… Оны да көп көргендері ме! Жақсы үміттің адымы неткен қысқа еді! Ә.Кек. ~ Арамның адымы қысқа. М.-М. ~ Не дегенмен, жарамсақ Жетібайдың көлденең киліккен жаңсақ пікірінен жиналысқа аз да болса жарықшақ түскен-ді. Жағымпаз адамның адымы қысқа болады ғой. Бас жоқ, көз жоқ, байлардың жыртысын жыртамын деп жексұрын болып қалды. С.Ом.
АДЫМЫ ҚЫСҚАРДЫ
Екпіні толастады, жүрісі бәсеңдеді. ~ Өзегі талып, таңдайы кеуіп келеді. Қыстауға жеткенше дымы құрып бітетін шығар, қазірдің өзінде аяғына қан түскендей адымы қысқарып қалған. Д.Әш. ~ Сол намыс, әрі арыны басылмаған мақтангер мінез оны осы жолға бастауын бастап алып шықса да, Қарабақырдағы Гүлнәрдің үйіне жақындаған сайын Сойдақтістің адымы қысқара бастады. Ш.Мұр.
АДЫМЫ ТАРЫЛДЫ
Тегеуріні басылды, қарқыны бәсеңдеді. ~ Бұдан әрі Көбей де кібіртіктеп, адымы тарыла берді, беті оттай күйіп, сөзінен жаңылып, не айтып, не қойғанын білмеді. С.Жүн. ~ Енді ұшқыр Қарабедеу ұзақ шабысқа жарамай, үстіндегі екі адамды ауырлай берді. Бірнеше қыр асып, ұзаған сайын адымы тарылып, қалжырай бастады. С.Жүн.
АДЫМЫН АЛЫС ТАСТАДЫ
Аяғын кең басты, жүрісін үдетті. ~ Аласа бойлы ақ сұр бала алға еңкейе, адымын алыс тастап, қабырғадағы қара түймеге беттеді. М.Қаб.
АДАСҚАН ҚАЗДАЙ ЖАЛҒЫЗ ҚАЛДЫ
~ Бұл мәжілісте адасқан қаздай ана шетте жалғыз қалған Ықаң, бұ жақта Бекболат еді. Ж.Айм. ~ Қанат кетсе, осы ауылда Балапан адасқан қаздай жалғыз қалатын сияқтанады. Н.Сер.
АДЫМЫН АЛЫСҚА САЛДЫ
Алдына үлкен мақсат қойды. ~Тілге келмей тітіреніп, бір күн үшін дос болып, бір сөз үшін жау болатын, ақыл-парасаттан ада, күнкөріс үшін күнелткендермен, өңкей өңез төлімен қанша алысқа барасың. Адымыңды алысқа салудың орнына сен тізгініңді қысқа ұстайсың. Б.Қыд.
АДАСҚАН ҚАЗДАЙ ҚАЙРЫЛДЫ
Жоғалтып алға жұртын, жақындарын іздеп жан ұшырды. ~ Ай, жарықтық, Бозінген Қандай бота тапты екен? Анасынан айырылып, Адасқан қудай қайырылып, Ботақаны еңіреп, Қайтіп тірі жатты екен? «Бозінген». ~ Орай соққан жел жаман деуші еді, адасқан қаздай қайырылмас арманның шоғы өшпей, сақталғаны ма? Мына еркіндікте қайта тұтанғаны ма? Қаншама жыл өтсе де, өкінішті махаббаттың оты сөнбейді екен-ау адамның кеудесінен?!. Күлге көмілген шоқтай қозданып, тереңде жалындап жатқаны ма? Қ.Тол.
