АДЫМЫН АҢДЫДЫ

Басқан ізін қадағалады, көзінен таса қылмай бақылады, торыды. ~ Шынында, баласы тоқтамаған Науша он үшінші шарананы өмірге әкелгенде ешқайсысының көңіліне қарамай, кәріліктің малын баққан қайын атаға да, адымын аңдыған қайын енеге де бағынбай іштен шыққан жақсысына жаман есімді қалаған. Қ.Түм.~ Тым артық шашылып бара жатса, мына жақта әр адымын аңдып отырғандар тағы бар. Ә.Кек.

АДАСҚАН ҚУДАЙ

Жападан-жалғыз қалды, қорғансыз, қолдаусыз, жетім күй кешті.
~ Борсыда жалғыз жатып ән саламын, Сіздерге ұнай ма екен әнім сазы? Адамнан артық ажар, ақыл, айлаң, Ажары ақ бетіңнің асқан айдан. Адасқан арық қудай болдым асық, Айдындай ақ төсіңе, асыл айнам! Ш.Бөк. ~ Ай, жарықтық, Бозінген Қандай бота тапты екен? Анасынан айырылып, Адасқан қудай қайырылып, Ботақаны еңіреп, Қайтіп тірі жатты екен? «Бозінген»

АДЫМЫН АШТЫРМАДЫ (АШҚЫЗБАДЫ, АШЫРМАДЫ)

Еркіндік бермеді; аттап бастырмады, тұсады, алға жылжытпады.
~ Осы елде екі тайдан озған құнанның адымын аштырмай құртқан сен едің ғой, енді моп-момақан бола қалыпсың. Б.Қыд. ~ Дәнеш қанша бұлтаққа салғанымен, Ақжанов адымын аштыратын емес. Қ.Жұм. ~ Ішпегенде қайтсін дейді. Етегіне тістей қатып кері тартқан бір қырсық өмірі адымын ашқызған емес. Т.Сәу. ~ Бүгін аңшы Мүсірептің бүркіті де көрінген түлкіні адымын ашырмай бүктеп тастап жүр. Бірақ, бүркітке түлкі алдыру деген онша қызық емес екен. Шабу да жоқ, қуу да жоқ. Ғ.Мүс.

АДАСҚАН ҚҰЛЫНДАЙ (ҚҰЛЫН ТӘРІЗДІ)

Айрылып қалған ардақтысын іздеп жан ұшырған адам туралы. ~ Баяғыда түнде аққан жұлдыздай болып кеткен П. қаласына күндіз адасқан құлындай болып қайта оралдым. С.Досж. ~ Айрылып достан жаны ізгі, Ауырлық басты, сеземін. Адасқан құлын тәрізді, Апыр-ау, қайтіп төземін? М.Мақ.

АДАСҚАН ҮЙІР

Бір-бірінен көз жазып қалған туыстар, жақын адамдар.
~ Ашаршылық болып, естен тандырған екі жылдың өзі бұлардың арасын құздай қорқынышты, асудай алыс етті. «Тұрымтай тұсына, бөдене басына» демекші, екі жақ екі дүниеге кеткендей болды. Енді, міне, туысқандық, адасқан үйір шұрқырасып қайта қосылмақшы. К.Қаз. ~ Толып жатыр сорлылар, Мансап іздеп таласқан.
Әр нәрсенің жөні бар, Үйір таппас адасқан. Ойлан-дағы ертерек, Азаматтық атақты ал. С.Мәу.

АДУЫН МІНЕЗ (МІНЕЗДІ)

Бірбеткей, қияңқы, аусар. ~ Сонда Айдекеңнің көк долы, адуын мінезі айқұлақтанып, пәле бастаған. Т.Рыс. ~ Палуан әженің ат үстіндегі кісіні жұлып алатын адуын мінезі Аққұм түгіл, ауданға мәшһүр. М.Қаб. ~ Осындайда қар бұзар жастардан «филосов» Жиенбай мен ақын Кенжебек, үлкендерден ауыл адамы болғанымен, аңғарлы, адуын мінезді Дарқан да сөзге шешен, іске пысық кісі. Т.Рыс.

АДАМШЫЛЫҚ АР (АР-ҰЯТТЫҢ) ТАРАЗЫСЫ

~ Абай мынау жиынның бәрінің суырылған шешендік дейтін, өз әлінше ақыл-парасат дейтін жайларының бәрінен жоғары соғып, биіктеп шықты. Адамшылық ар таразысын атап, бөліп қойғандай болды. М.Әу. ~ Ал оңашада, айғақсыз, куәсіз, өзімізбен өзіміз жеке қалғанда, адамшылық ар-ұяттың таразысынан сүрінбей өтуге біздің адалдығымыз, кісілігіміз жете ме? Қ.Жұм.

АДАМШЫЛЫҚ АР СЫНАЛДЫ

Адамның адами қасиеттері (ерлігі, кеңдігі, парасаты т.т.) бой көрсетуге тиіс төтенше жағдай, сын сағаты туралы. ~ Абай көңілінде Бөжейді Кәмшат үшін, жазықсыз жас нәресте үшін айыптаған үкімге ақтау жоқ. Үлкенмен араздық, дәл бұндай адамшылық ар сыналатын жерге арашашы бола алмайды. М.Әу.

АДАМШЫЛЫҚ АР-ҰЯТТЫ (АРДЫ) БЕЛДЕН БАСТЫ (БҰЗДЫ)

~ Әндерінің сазы, әдетте, қайғылы болып келеді. Сөздері жүрек қылын шерткендей әсерлі. Тыңдаушының көзіне жас әкеледі.
Музыкасы да, сөзі де былапыт, адамшылық ар-ұятты белден басып қорлайтын да ән, өлеңдер бар. Б.Соқ. ~ Мінеки, достар! Зұлымдық, қиянат қылып әдеттенгендердің қоя алмайтыны да, адамшылық арды бұзбауға құмарланғандардың адал еңбек, ақ ниеттің жолында құрбан болатындары да әдет алып, шын құмар болып кеткендіктен болады. Шәк.

АДАМШЫЛЫҚ АРЫ КӨТЕРМЕДІ

Ұяты жібермеді, намыс көрді. ~ Әуелгі сөзді Таңжарықтың өзі алды: – Жұртқа істелген әділетсіз зорлық-зомбылықты, қиянатты ести тұра үндемеуге адамшылық арым көтермеді. Т.Рыс.