Шынайы адамгершілік, имандылық. ~ – Е, мына сөзін құлаққа кіреді, — деді әкесі тез жадырап. — Осындай бір ой менің де басыма келіп жүруші еді… Ата жолын, адамшылық жолын ұмытсақ та, құдай жолын ұмытуға қақымыз жоқ. Қ.Жұм. ~ МАХМҰТ: Мейлі, шариғат жолын тәрік қылсаңыз, мейірім, адамшылық жолы қайда? Қ.Ысқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АДАМ СҮЙМЕС
Қылығы (ісі, мінезі, сөзі) тірі жанға жақпайтын, ұнамсыз кейіптегі адам туралы. ~ Қанша білгіш десе де, Адам сүймес малсызды. М-М. ~ Өлтіріп Ибраһимді жығып салды, Қанжарын қанға бұлғап жұлып алды. Жазықсыз бір қалжыңға кісі өлтіріп, Адам сүймес бір іс қып кете барды. Ақылбай Абайұлы.
АДАМШЫЛЫҚҚА ЖАТПАЙТЫН ІС (ӘРЕКЕТ)
Адамгершілікке қарсы, арды аяққа басатын қиянат. ~ Туысы болса да заңға, адамшылыққа жатпайтын, айуандық істі істегені үшін «атқа тисе, алтынды еріңді жақ» дегендейін, арға жатпайтын істі қылған жақынын да аямаған. Т.Жұр. ~ – Қасеке, Сізді не үшін жазалау керек? – Мен адамшылыққа жатпайтын қылмысты әрекет жасаппын. Тірі адамның беліне тол байлап, жарғыздым. А.Жақ.
АДАМ ТАНЫҒЫСЫЗ (- ДАЙ)
Біреудің (не бірдеңенің) сыртқы (не ішкі) кейпінде (түр-тұрпатында, мінез-құлқында) орын тепкен елеулі өзгерістер хақында. ~ — Ожымбай, Байбатыр да әбден зорыққан. Бастарын жерден алмайды. Сақал-мұрттары беттерін жауып, адам танығысыз аянышты түрге енген. С.Жүн. ~ Сырттай сабырлы көрінетін, орынсыз көп те сөйлей бермейтін Майра бүгін адам танығысыз боп өзгеріп кеткен сияқтанады. Ә.Нұрш. ~ Сол Зарып осы. Екі-үш жылдың ішінде адам танығысыз боп өзгерген-ау. Б.Май. ~ Сәуірдің аяғында бұл төңірек кісі танығысыздай түлеп, түрленіп шыға келеді. О.Сәр.
АДАМШЫЛЫҚТАН АЙРЫЛДЫ
Адамдық ар-ұятын аяққа басты, азғындыққа барды. ~ Оны қылып берейін, мұны қылып берейін деп, соныменен табыс құралмай, борышы асып, дауға айналып, адамшылықтан айрылып, қор болып кетеді. Осы несі екен. Абай. ~ — Сен адамшылықтан шыққан екенсің,— деді Сәлім: — Көзі ашық, оны-мұны біледі, ел жайын ойласа — осы ойлар деп ел сені сайлап отыр. Сол жұртқа сен не істеп отырсың? Б.Май. ~ Өлгеннен тасбақаны қайзаған артық. Европадағы мәдениетті елдерге тасбақа сорпасын ең әуес, таңсық ас ретінде береді. Сонда қалай деп ойлайсың, олар адамшылықтан шығып кетті ме? Б.Қыд.
АДАМ ТӨЗГІСІЗ
Шектен шыққан, шыдап болмайтын қиянат; айуандық әрекет; ұнамсыз қылық; ауыр жағдай. ~ Отыз жасында бұның мойнына артқан зілқара тас азабын тағдыр енді азырқанса керек, он екі жыл бойы жүрегін жаншып, еңсесін езген адам төзгісіз азап бұның басына енді түскен қияметтің қасында ойыншық болып қалған! Ә.Тар.~ Көз қырын айнаға аударды. Өңі бозарып әбден жүдеген, жағы суалып кеткен, көздері де жат біреудің көзіне ұқсап адырайып, күңгірттене бедірейіп қалыпты. Жанарында адам төзгісіз жан азабы бар еді. А.Чех. ~ Қарын аш, шел шыдатпас, адам төзгісіз аштық пен шөл ақылдан адастыра жаздайды. Ш.Айт.
АДАСҚАН ҚАЗ
Өмірлік жолын таба алмай, бағыт-бағдарынан жаңылған д.м.~ Дарханды әке-шешеден тірідей айрылған, ағайынсыз адасқан қаз санамай, барын аузына тосты, базарлы күндеріне қызғаныш жасаған жоқ. О.Бөк. ~ Стамбұлда адасқан қаз, жеті түнде желкемде, Сабаланып қаңқылдайсың үміт артып ертеңге. Д.Кәп.
АДАМГЕРШІЛІКТЕН АЖЫРАМАДЫ
Адами абзал қасиеттерін сақтап қалды. ~ Сондықтан ауыл-аймағыңмен біз жаққа көш. Мына жігіттердің де ағайын-туғандары бірге көшсін. Бәріңе жер бөліп беретін, құшақ жайып қарсы алатын ел бар, адамгершіліктен ажырамаған ел жақсылары бар. Б.Тоғ.
АДАСҚАН ҚАЗДАЙ (ҚУДАЙ)
Жападан-жалғыз, жанашырсыз, көптен саяқ, оқшау күйде болу. ~ Ендігі жүргендер кісі ме? Бір атым насыбайға сатып кетеді. Сенің кім екеніңді неғылсын? Тұрғыласың азайды-ақ, адасқан қаздай артық жан болдың да. Ж.Айм. ~ Бұла болып өскен жанға, күншіл жұрттың сөзі қасірет әкелді. Топ қарғаның ішінде адасқан қаздай, бір үйге бас сұқпайды. З.Шүк.
АДАМГЕРШІЛІКТЕН ЖҰРДАЙ
Бар қадір-қасиетінен айрылған, жүрегінде титтей де иман жоқ д.м. ~ – Әй, алжыған шал! Мынауың нағыз айуан екен ғой адамгершіліктен де, қасиеттен де жұрдай болған. З.Нұрт. ~ Біздің заманның геройы тәрізді адамгершіліктен жұрдай біреуді бізге үлгі етіп тартты деп біреулер өте қатты намыстанды… И.Бун.
