Адамның ішкі құндылықтары, иманы, ұят-намысы. ~ Қорқынышым — ұятым, Қозғалтпастай қылды мұз… Адамшылық арыңыз, Тек сол менің кепілім, Арыңызға алыңыз, Берілуге бекіндім… І.Жан. ~ Сондықтан «Әттең-ай!» деп мен Сақышты Сәрсеннен қызғанған жоқпын. Адамшылық арыма келіспесе де, «Саған осы керек!» деп мен оны іштей табалап кеттім. І.Ес. ~ «Барайын, тәуекел,– деп ойлап ол,– көрейін, сөйлесейін. Егер бұзық мінезді болса, енді қайтып бармаспын. Болмаса, адамшылық ары болса, нашар халді естіп жібір. Мүмкін, жеңілдетуге көмегі тиер». С.Мұқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АДАМШЫЛЫҚ АР (АР-ҰЯТТЫҢ) ТАРАЗЫСЫ
~ Абай мынау жиынның бәрінің суырылған шешендік дейтін, өз әлінше ақыл-парасат дейтін жайларының бәрінен жоғары соғып, биіктеп шықты. Адамшылық ар таразысын атап, бөліп қойғандай болды. М.Әу. ~ Ал оңашада, айғақсыз, куәсіз, өзімізбен өзіміз жеке қалғанда, адамшылық ар-ұяттың таразысынан сүрінбей өтуге біздің адалдығымыз, кісілігіміз жете ме? Қ.Жұм.
АДАМШЫЛЫҚ АР СЫНАЛДЫ
Адамның адами қасиеттері (ерлігі, кеңдігі, парасаты т.т.) бой көрсетуге тиіс төтенше жағдай, сын сағаты туралы. ~ Абай көңілінде Бөжейді Кәмшат үшін, жазықсыз жас нәресте үшін айыптаған үкімге ақтау жоқ. Үлкенмен араздық, дәл бұндай адамшылық ар сыналатын жерге арашашы бола алмайды. М.Әу.
АДАМШЫЛЫҚ АР-ҰЯТТЫ (АРДЫ) БЕЛДЕН БАСТЫ (БҰЗДЫ)
~ Әндерінің сазы, әдетте, қайғылы болып келеді. Сөздері жүрек қылын шерткендей әсерлі. Тыңдаушының көзіне жас әкеледі.
Музыкасы да, сөзі де былапыт, адамшылық ар-ұятты белден басып қорлайтын да ән, өлеңдер бар. Б.Соқ. ~ Мінеки, достар! Зұлымдық, қиянат қылып әдеттенгендердің қоя алмайтыны да, адамшылық арды бұзбауға құмарланғандардың адал еңбек, ақ ниеттің жолында құрбан болатындары да әдет алып, шын құмар болып кеткендіктен болады. Шәк.
АДАМШЫЛЫҚ АРЫ КӨТЕРМЕДІ
Ұяты жібермеді, намыс көрді. ~ Әуелгі сөзді Таңжарықтың өзі алды: – Жұртқа істелген әділетсіз зорлық-зомбылықты, қиянатты ести тұра үндемеуге адамшылық арым көтермеді. Т.Рыс.
АДАМШЫЛЫҚ ЖОЛЫ
Шынайы адамгершілік, имандылық. ~ – Е, мына сөзін құлаққа кіреді, — деді әкесі тез жадырап. — Осындай бір ой менің де басыма келіп жүруші еді… Ата жолын, адамшылық жолын ұмытсақ та, құдай жолын ұмытуға қақымыз жоқ. Қ.Жұм. ~ МАХМҰТ: Мейлі, шариғат жолын тәрік қылсаңыз, мейірім, адамшылық жолы қайда? Қ.Ысқ.
АДАМ КӨРМЕГЕН
Жан төзгісіз, шектен шыққан. ~ — Мынаны қараңызшы: мына бір вагондардың ішінде қамаулы адамдар жатыр. Адам көрмеген азапта… Бәрі де бұралған аш. Адам баласын осынша азапқа салар ма!.. С.Сей. ~ Тұщы етіне ащы таяқ тигізді. Мұңын айтар, шерін тарқатар жан таппады, адам көрмеген қорлықты көрді. С.Бег.
АДАМ КӨРМЕГЕНДЕЙ
Таң-тамаша болу; үрке, үрпие қарау. ~ Ойынды тастай сала бәріміз бірдей топырлап жүгіріп әлгінің қасына келдік. Адам көрмегендей бір-бірімізді кимелеп, қоршалай тұра қалдық. С.Мұр.~ Адам көрмегендей бәрі үдірейе қарайды. Бір-біріне қарап, күліп те қояды. Д.Әш. ~ Кебеженің бергі алдында көздері бақырайған, жіңішке арық мойындары менің мойным құсап қылқиған үш қара сирақ кішкене балалар отыр. Үшеуі де маған адам көрмегендей тесіліп қарап қалған. Бұл үйдегілер сірә, бөгде біреу келіп, есіктен қарауды баяғыда-ақ ұмытқан болулары керек. Б.Соқ.
АДАМ ҚАЛПЫНА КЕЛДІ (ТҮСТІ)
Жөнге келді, түзелді, оңалды. ~ Сардар мұнар көзбен Оңғарға, Ақанға жаңа көріп отырғандай тоқталып қарады. Бөлмедегі жұпыны заттарды көзімен түгендеді, бетіне қан тепті, тіріліп адам қалпына келді. М.Қаб. ~ Осынау мәңгі өшпес ғажап шығарманы көргенде, ол дүкеннің барлық керемет асыл қазынасын, түсіндегі шатасқан сандырақтарының бәрін түгел естен шығарып, адам қалпына қайта келді. О.Бальз. ~ Ешкімге ренжіген де жоқ. Ол үшін ең қымбаты мына құты қашқан қазіргі күйінен қайтадан адам қалпына түсіп, өзіне–өзі келу. Мына күйінде ол өзін дені сау адам екенмін деп ойлаған жоқ. Т.Әбд.
АДАМ ҚАРАҒЫСЫЗ (КӨРГІСІЗ)
Бет-әлпеті, ұсқыны жан шошырлық. ~ Малға жығып алдым. Жүздеп жылқы, бестеп жамбы, тай-тұяқ бердім. Не көрдім алғанда? Оң жақтан-ақ жанымды жылытып пейілін бір шешкен жоқ. Әкесінің үйіндегі қылжағы — еркелігі, асаулығы болсын. Ал ендігісі не? Жоқ, мен мұны еркінсіте алмаймын. Не жеңіп қатын: қылам, не бетіне адам қарағысыз етіп абиырын төгем…. І.Жан. ~ Бет-аузы көкпеңбек ісік, киімі далба-дұлба. Пенжагының әр жерінде баттаса жабысқан қан. Бетіне адам қарағысыз аянышты. Аяғын әзер-әзер басады. Жел үрсе құлап кетердей. Солдаттар айдаған беті алаңның ортасына алып келді. І.Ес. ~ Суы табандап қалған көлдің беті адам қарағысыз ала — айран боп, борсыған сорған, топырағы төңіректі мүңкітіп жіберді. С.Мұқ.
