Еңбекпен келген байлық. ~ Көп қайырың тиеді Еліңде қоңсы-сыбайға. Көз салмадың, жан көке, Бірге туған жұбайға. Адалдан жиған малыңды Залымдарға тапсырдың. «Қара қыпшақ Қобыланды».
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АДАЛДЫҚ ЖОЛЫ
Ұлы мақсат, әділеттілік үшін күрес туралы. ~ Құтылар қорлықтан. Бар еңбегін, шын тілегін. Салса адалдық жолына. Алып білім, төгіп нұрын, Түссе адамдық соңына. Шәк. ~ Балапан басына, тұрымтай тұсына болған кезде Ырысбек өз басы үшін қам-қарекет жасаса, бәлкім ол артық та болмас еді. Ольганы да Ырысбекті де адалдық жолынан алғалдық жолға тайғызбаған адамгершілігі, коммунистік ары, намысы еді. Б.Қыд.
АДАЛ ЖОЛ
Адами құндылықтарға сай ұстаным, дұрыс бағыт-бағдар, оң іс-әрекет. ~ Онша көп ақылды болмағанмен шексіз адал, діншіл, үй ішіне қатал әкесі өзі білген өмір сүрудің адал жолын бұған мықтап ұғындырды. Т.Ах. ~ Қайтадан ол адал жолға түсе ала ма, әлде түсе алмай ма білмеймін. Тек ол маған енді мәңгі өлген адам. І.Ес.
АДАЛЫНАН АРАЛАСТЫ
Шет қалмады. ~ – Тілің де, кеудеңдегі отың да – бүкіл елге жетті. «Өнер алды қызыл тіл» болса, сол саған дарыған екен. Ұлықты да еңкейттің,– деді Шылбы Алымахұн. …»Ел басына күн туғанда адалынан араласпасам, азамат боламын ба?! Күйерімді біле тұра, отқа өзім түстім. Баяғы сорым!..»– деген ішінен. Т.Рыс.
АДАЛ ЖОЛДАН АДАСТЫРДЫ (ТАЙДЫРДЫ)
Азғырып, әлденемен қызықтырып, адами қасиеттерінен, ақ ниетінен айырды, жаман жолға түсірді. ~ Жүрегі бұрынғыдан да жаман өртеніп кетті. «Жоқ, жоқ, сұлу қыз, мүмкін, оны адал жолдан адастырған болар. Бұл қайғыға, мүмкін ол емес, Өрік себепкер шығар… І.Ес. ~ (Шайтан:) Менің жайған торымнан, құрған қақпанымнан құтылып кете алмасы анық. Ендеше адам және оның жұбайын жұмақта ұзақ тұрғызбаймын. Адал жолдан тайдырып, адастырамын. Көздеріне көк шыбын үймелетіп, үрім-бұтағына дейін «соқыр теке» ойнатамын. Ж.Шәк. ~ Шал қитығады: “Адам таза ма?” “Черт знает”. “Онда неге…” “Самогон действительно арақтан таза. Менікін айтып отырмын. Таза, бірақ естественно адал жолдан тайдырады”. Н.Дәу.
АДАЛЫНАН АУЫТҚЫП КЕТКЕН ЖОҚ
Әділдік танытты, шынайы пейілін көрсетті. ~ Арғын алты арыстың ағасы еді, ағалығын анық жасады. Адалынан ауытқып кеткен жоқ. Жағам – жайлау, көңілім – жаз, жадырап тұрмын. С.См.
АДАЛ ЖОЛМЕН ТАПТЫ (КЕЛДІ, КӨТЕРІЛДІ)
Табан ақы, маңдай терімен, ешкімге қиянат жасамай абыроймен тапқан табысы, қол жеткізген жетістігі, көрген игілігі д.м. ~ Біреудің арам малы не қажет? Ақ жолға бара жатқанда адал жүр–дағы, – деп бір қойды.– Немене? Ол бір адал жолмен тапты дейсің бе сол малды. М.Әбд. ~ Атақ, байлық адал жолмен келмеген «Уф!» демей-ақ ұшып кетер желменен. И.Сап. ~ Жаңағы Кәкібай сөзі тағы да есіне түсті. «Оның жолынан менің жолым бөлек. Егер мен жоғарылай қалсам да адал жолмен көтерілем ғой. Т.Ах.
АДАЛЫНАН БЕРСЕ
Қайырлы болса, құдайдың ықыласы түссе д.м. ~ Мырзагелді жездем мені далаға тастамас. «Әкенің жақындығы жездедей-ақ» деген сөз бар. Жезде, Құдай адалынан берсе, жақын ғой, әрине. Ш.Мұр.
АДАЛ ИТСІЗ (КЕДЕЙ)
Өмірі шыр бітпеген жан; үрерге иті, сығарға биті жоқ, тақыр кедей. ~ ─ Шырағым өкіл бала, – деп Ботбай сөзін қайта бастады. – Осы отырғандардың бәрі куә – мен өзім адал итсіз тақыр кедеймін. Тіпті арғы ата–бабамда аузы асқа жарыған ешкім жоқ, несін жасырайын оның… Т.Әбд. ~ Мен емес, жұрт мақтаған Исатайдың — Бауындай тонның ішкі жақыны едім. Малданып Исатайдан маңғаз болдым, Әйтпесе адал итсіз пақыр едім. Шерн.
АДАЛЫНАН ЕҢБЕК ЕТТІ
Өмірі еңбекпен өтті, ел алдындағы міндетін адал атқарды д.м. ~ Рас, ағайынның ала жібін аттаған жоқ, адалынан еңбек етті. Алты бала өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Ә.Асқ. ~ Соғыс ардагері, екі бірдей арысын жауға берді, бөтеннің ала жібін аттамай, соңына сөз ергізбей адалынан еңбек етті. Ә.Асқ.
