Өмірі еңбекпен өтті, ел алдындағы міндетін адал атқарды д.м. ~ Рас, ағайынның ала жібін аттаған жоқ, адалынан еңбек етті. Алты бала өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Ә.Асқ. ~ Соғыс ардагері, екі бірдей арысын жауға берді, бөтеннің ала жібін аттамай, соңына сөз ергізбей адалынан еңбек етті. Ә.Асқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АДАЛ КӨҢІЛ
Жаман ойсыз, пәк ниет. ~ Торғынның ол хатының әр сөзі жатталып қалды емес пе? Арманын да, адал көңілін де ашық жазыпты. К.Қаз. ~ Комунистік партияға адал көңілмен қарап келген ақ пейіл қаламгер өзге ұлт жазушыларында жатырқаған жоқ. Ж.Шәк.
АДАЛ ҚҰС
Еті жеуге жарамды құстар. ~ Желінетін құстардың адам етін, жұмыртқасын жейді, жүнін, түбітін, қанатын пайдаланады. Бұлардың бірсыпыралары шөл сағалайды. Адал құстардың балапандары тез аяқтанады. Бұл адал құстардың бір толық белгісі. А.Байт.
~ Біраздан кейін мырзалар қайтып келді, олжалары көп, адал құстың әр түрі бар, тіпті бұл маңда сирек кездесетін қызыл қаз да оққа ұшыпты. А.Смай.
АДАЛ МАЛ
Еңбекпен келген дүние, игілік, мал. ~ Сарала таңнан іңір қараңғысына дейін арбаға жегілген боз інген пішенде жүрген; бірде. Қаражан қарт адал малын өз көзімен көріп қайтқалы қосқа соққан еді. М.Сүн. ~ Қарагер атты жоғалттық, Кім көрді, қандай адам бар! Иесі мына ер жігіт, Жинайтын дәйім адал мал. Б.Мом.
АДАЛ НИЕТ (НИЕТТІ)
Шынайы, ақ, таза көңіл, адал мақсат. ~ — Көркіңе мінезің сай деуді айта алмай жатырмын, сіңлім. Адал ниетіңе шалалық еткен айыбымды түсіндім. С.Смат. ~ Біздің жауларымыз осындай адал ниетімізді көре алмай өсек өрбітіп, қиянат қылышын жалаңдатады. Б.Мом. ~ Жалынып та, жалбарынып та өтінерім – бұл некелесуге шын жүрегіңізбен, адал ниетіңізбен, өзім қалай нансам, солай сеніңіз іштей… О.Бөк. ~ Түндегі Галяға айтқан сөздерім есіме түскен сайын денем түршігіп, өзіме өзім ызаланамын. Мүмкін ол, менің адал ниетті досым болар. Ә.Әб.
АДАЛ АҚЫ, МАҢДАЙ ТЕРІМЕН КЕЛДІ (ЖИНАЛДЫ)
Ауыр да адал еңбекпен келген табысы туралы.~ Мынаның бәрі адал ақы, маңдай терімен келген – ақ шығар. С.См. ~ Неге десеңіз, сол мұра дегеніңіз көбінесе арамнан жаратылған, өзгенің табан ақы, маңдай терімен, алдау-арбаумен, қанаумен жиналған, сондықтан да ондай мұраның негізінде зұлымдық, күнәкарлық, әділетсіздік бұғып жатады. Ш.Айт.
АДАЛ АС
1. Таза, халал тағам. ~ Әй, жаңа ғана тышқан аулаймын деп тұр едің, балық оған қарағанда адал ас емес пе? Б.Тоғ.
2. Еңбекпен, маңдай терімен келген тамақ. ~ Екеуі адал ас ішсе, құдай аштан өлтірердей, құртқа дүниеге құнығып, өзара жорық, құмда керуен тонаусыз күн көре алмайды. А.Кем.
АДАЛ АСЫН АРАМДАДЫ (ЛАЙЛАДЫ)
Біреудің жасаған жақсылығын аяққа басты, сенімін ақтамады. ~ Теріскей елінен артына мінгестіріп шүйкедей бала жігітті әкеліп еді. Қойдың түнгі күзетіне жарап, әжептеуір қолын босатқан. Іш тартып, мейірімі түсіп, әлгіні аяқтандырып жіберейін деп жүрген. Міне сол бала дегені пәле боп шығып бүгін адал асын арамдап кетіпті. С.См. ~ Екеуі екі сөзден араздасты, Ақбикеш түнгі отаудан тұра қашты. Шолпысын үзіп, күйеу алды өшін, Күшіктей лайлаған адал асты. Т.Әл.
АДАЛ АСЫН ІШТІ
Біреудің жақсылығын көрді, қамқорлығын білді. ~ Әуелі оны да қамаған, қолхат беріп босаныпты ғой. Өмiр қалай, ә-ә, қазiр көрсе сәлемдеспейдi де. Талай қолымнан адал асымды iшiп едi. Ә.Ыб. ~ Бұл шаңырақ – бәріңнің басыңды қосып, осы елді ел қылған шаңырақ еді ғой. Осы үйде адал асымды ішіп, қолымнан талай дәм татып едіңдер ғой… Қ.Жұм. ~ «Сыйға – сый, сыраға – бал» дәметкен дастархан иесі қылт етіп өкпелеп қалды: – Адал асымды ішіп отырып, ақ көңіліме түкіргенің бе сонда? Т.Сәу. ~ Адал асымызды жеп жүріп, иттің ниеті арам екен, – деген Батсайы мұңайып. Ү.Жәл.
АҒЫЛ-ТЕГІЛ ЖЫЛАДЫ
Көз жасын тия алмай, тоқтаусыз егілді. ~ Қыз тоқтап, сәл сабыр тұтып, сөз бастамақ боп, көзін сүртті. Сөйтті де: — Заман… Заман… — деп, ар жағын айта алмай, қайтадан кемсендеп, ағыл-тегіл боп және жылады. Ә.Нұрш. ~ Бұл барғанда Рахима Ермектің өзін көрмесе де көзін көргендей болып, ағыл-тегіл жылағаны әлі есінде… Қ.Жұм. ~ Жатақхананың темір төсегіне салынған төсеніштің әр жерге түйіртпектелген мақтасы жамбасына батқанына қарамай ағыл-тегіл жылап жатыр. С.Досж.
