Аяғынан тұрғызды, ел санатына кіргізді, адам қылды. ~ Үш жыл оқ астында жүріп одан да аман қалдым. Мына сендерді не ішем, не кием дегізбей тәрбиелеп, адам қатарына қостым. Қ.Жұм. ~ Сонда Итжемес күнде алдарына барып жүрген ескі көзтаныста. ~ Шам жанған соң отағасы тағы да: ─ Әкеңе қарызым көп еді, – деді күрсініп. – Жетелеп жүріп жеткізді, сүйрелеп жүріп адам қатарына қосты. Сені көрген сайын аруақ алдындағы қарығым есіме түседі де өзімнен – өзім қысыламын. Қ.Ысқ. ~ «Жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ жоқ» дейді. Жаңылған мен сүрінгеннің қолтығынан демеп, азамат қатарына қосып жібермесек, біздің азаматтығымыз, қала берді, тіпті елдік дәстүріміз қайда? О.Сәр.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АДАМ (КІСІ) БЕТІНЕ ҚАРАЙ АЛМАДЫ
Ұялғаннан не жасқанғаннан жанарын төмен сала берді, біреудің көзіне тік қарай алмады. ~ …әйтеуір қазір Ақбасов тергеуші емес. Шолпан адам бетіне қарай алмайтын халде. Бұл сорлы әйелдің басына төнген қара бұлт емес пе? Х.Ес. ~ Жазған баланың назары төменшіктеп, кісінің бетіне тура қарай алмайды. Төмен қарап тостағанын созып тұр. С.Ел.
АДАМ АЙТҚЫСЫЗ
1.Керемет, ғажап, суреттеуге сөз жетпейтін. ~ Қарсы жағы Бошманды ала алмайтындарына көздері жетіп, енді әрі қарай жүрмек боп тұрғандарында кенет адам айтқысыз қатты жел тұрып, аралдың бір жағындағы суды қуып, біраз жерін қарайтып тастады. І.Ес. ~ Содан соңғы Имашпен істес болғаны осы жолы. Имаш Боқбасарға бұл жолы адам айтқысыз ұнады. Б.Май. ~ — Мен адам айтқысыз бір күшті кісі көрдім, — деді. І.Жанс.
2.Тым өрескел, жағымсыз д.м. ~ – Өздері ата-бабадан түсіп, адам айтқысыз тілмен боқтап-боқтап алады да, оған қарсы әділдік айтқан адамдарды сабайды, бұл қайдан келген жуандық?! Қ.Шаб.
АДАМ АЛАСЫ ІШІНДЕ
Адамның не ойлап, не қойғанын біліп болмайсың. ~ «Қайткен күнде де дабыра көтеріп, шу шығарып жату қажет болмас»,— деп түйді Сәрсенбай,— бірақ бақылауға алып, тексеріп те қойған жөн. Кім біледі, адамның аласы ішінде дейді атам қазақ. Ендеше… Ә.Тар. ~ Қайдан білейін, адам аласы ішінде ғой, түріне қарасам, иманмен қаптап қойғандай,— деді. Ә.Нұрп.
АДАМ АТА (АДАМ АТА, ХАУА АНА)
Діни ұғым бойынша жер бетінде алғаш пайда болған ер адам мен әйел. ~ Адам Атаның орашолақ тілмен лаждап жеткізген ілтифатына ырза боп кеткенде, тым құрыса, қазіргідей бомба жарып, темір тұяқ танкілер тапап жатса да мыңқ етпейтін құдайдың қара жері де емес, көк мұзға шалқалап жата кеткені тегін бе еді? Ә.Нұрп. ~ «Опасыз жалған дүние, кімдерден кейін қалмаған» деп әлсін-әлсін кайталап, сонау Адам атадан басталған адам ұрпағының небір асылдары, әлемді тітіреткен Сүлеймендей патшалары, Ескендірдей ерлері байыз таба алмаған бұл жалғаннан, ешкім де опа таппаған деп айтады. С.Ел. ~ Сөз адамның пайда болуынан басталып, біз білетін “Адам ата, Хауа ана” жайына қалды да, маймыл тұқымдас бір жануардан таралғанымыз жөнінде дәлелдер дамып, көбейіп отырды. Қ.Шаб.
АДАЛДАН ЖИҒАН МАЛ
Еңбекпен келген байлық. ~ Көп қайырың тиеді Еліңде қоңсы-сыбайға. Көз салмадың, жан көке, Бірге туған жұбайға. Адалдан жиған малыңды Залымдарға тапсырдың. «Қара қыпшақ Қобыланды».
АДАЛДЫҚ ЖОЛЫ
Ұлы мақсат, әділеттілік үшін күрес туралы. ~ Құтылар қорлықтан. Бар еңбегін, шын тілегін. Салса адалдық жолына. Алып білім, төгіп нұрын, Түссе адамдық соңына. Шәк. ~ Балапан басына, тұрымтай тұсына болған кезде Ырысбек өз басы үшін қам-қарекет жасаса, бәлкім ол артық та болмас еді. Ольганы да Ырысбекті де адалдық жолынан алғалдық жолға тайғызбаған адамгершілігі, коммунистік ары, намысы еді. Б.Қыд.
АДАЛ ЖОЛ
Адами құндылықтарға сай ұстаным, дұрыс бағыт-бағдар, оң іс-әрекет. ~ Онша көп ақылды болмағанмен шексіз адал, діншіл, үй ішіне қатал әкесі өзі білген өмір сүрудің адал жолын бұған мықтап ұғындырды. Т.Ах. ~ Қайтадан ол адал жолға түсе ала ма, әлде түсе алмай ма білмеймін. Тек ол маған енді мәңгі өлген адам. І.Ес.
АДАЛЫНАН АРАЛАСТЫ
Шет қалмады. ~ – Тілің де, кеудеңдегі отың да – бүкіл елге жетті. «Өнер алды қызыл тіл» болса, сол саған дарыған екен. Ұлықты да еңкейттің,– деді Шылбы Алымахұн. …»Ел басына күн туғанда адалынан араласпасам, азамат боламын ба?! Күйерімді біле тұра, отқа өзім түстім. Баяғы сорым!..»– деген ішінен. Т.Рыс.
АДАЛ ЖОЛДАН АДАСТЫРДЫ (ТАЙДЫРДЫ)
Азғырып, әлденемен қызықтырып, адами қасиеттерінен, ақ ниетінен айырды, жаман жолға түсірді. ~ Жүрегі бұрынғыдан да жаман өртеніп кетті. «Жоқ, жоқ, сұлу қыз, мүмкін, оны адал жолдан адастырған болар. Бұл қайғыға, мүмкін ол емес, Өрік себепкер шығар… І.Ес. ~ (Шайтан:) Менің жайған торымнан, құрған қақпанымнан құтылып кете алмасы анық. Ендеше адам және оның жұбайын жұмақта ұзақ тұрғызбаймын. Адал жолдан тайдырып, адастырамын. Көздеріне көк шыбын үймелетіп, үрім-бұтағына дейін «соқыр теке» ойнатамын. Ж.Шәк. ~ Шал қитығады: “Адам таза ма?” “Черт знает”. “Онда неге…” “Самогон действительно арақтан таза. Менікін айтып отырмын. Таза, бірақ естественно адал жолдан тайдырады”. Н.Дәу.
