Біреудің жасаған жақсылығын аяққа басты, сенімін ақтамады. ~ Теріскей елінен артына мінгестіріп шүйкедей бала жігітті әкеліп еді. Қойдың түнгі күзетіне жарап, әжептеуір қолын босатқан. Іш тартып, мейірімі түсіп, әлгіні аяқтандырып жіберейін деп жүрген. Міне сол бала дегені пәле боп шығып бүгін адал асын арамдап кетіпті. С.См. ~ Екеуі екі сөзден араздасты, Ақбикеш түнгі отаудан тұра қашты. Шолпысын үзіп, күйеу алды өшін, Күшіктей лайлаған адал асты. Т.Әл.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АДАЛ АСЫН ІШТІ
Біреудің жақсылығын көрді, қамқорлығын білді. ~ Әуелі оны да қамаған, қолхат беріп босаныпты ғой. Өмiр қалай, ә-ә, қазiр көрсе сәлемдеспейдi де. Талай қолымнан адал асымды iшiп едi. Ә.Ыб. ~ Бұл шаңырақ – бәріңнің басыңды қосып, осы елді ел қылған шаңырақ еді ғой. Осы үйде адал асымды ішіп, қолымнан талай дәм татып едіңдер ғой… Қ.Жұм. ~ «Сыйға – сый, сыраға – бал» дәметкен дастархан иесі қылт етіп өкпелеп қалды: – Адал асымды ішіп отырып, ақ көңіліме түкіргенің бе сонда? Т.Сәу. ~ Адал асымызды жеп жүріп, иттің ниеті арам екен, – деген Батсайы мұңайып. Ү.Жәл.
АҒЫЛ-ТЕГІЛ ЖЫЛАДЫ
Көз жасын тия алмай, тоқтаусыз егілді. ~ Қыз тоқтап, сәл сабыр тұтып, сөз бастамақ боп, көзін сүртті. Сөйтті де: — Заман… Заман… — деп, ар жағын айта алмай, қайтадан кемсендеп, ағыл-тегіл боп және жылады. Ә.Нұрш. ~ Бұл барғанда Рахима Ермектің өзін көрмесе де көзін көргендей болып, ағыл-тегіл жылағаны әлі есінде… Қ.Жұм. ~ Жатақхананың темір төсегіне салынған төсеніштің әр жерге түйіртпектелген мақтасы жамбасына батқанына қарамай ағыл-тегіл жылап жатыр. С.Досж.
АДАЛ АСЫНА ИТ ТИГЕНДЕЙ БОЛДЫ
Жиіркенді. ~ Ержанның адал асына ит тигендей болды. Бірақ айыпты Раушанның өзі емес пе? Сырты қызарып албырап тұрған алманың іші құрт болғаны ма? Т.Ах.
АҒЫЛ-ТЕГІЛ ҚУАНЫШ
Зор шаттық; мол сүйініш. ~ Орасан жеңістен соң, ағыл-тегіл қуаныштан соң әлем аспанында “қырғи қабақ соғыстың” алғашқы қар ұшқындары да қыламықтай бастады. Ш.Айт. ~ Бозторғайдың жұмырықтай денесіне көк әлемін балқытқан соншама ағыл-тегіл қуаныш ән қалай сыйғанына қайран боласың. Т.Ахт.
АДАЛ ЕҢБЕГІ
Табан ақы, маңдай терімен жиған-терген азды-көпті байлығы, абыройы. ~ Бар болғаны оған құдайдай табынатын, бар көргені — соның пұшпақтай ғана жерін өңдетіп, егінін сеуіп, астығын жинатып беріп, итше қорыған адал еңбегі ғана. Қ.Ысқ. ~ Сөйткен Рамазан міне енді адал еңбегінің арқасында ауылдағы мол дәулетті, іргелі бір үйге айналған. Баяғы ұсақтықтың ізі де жоқ. Қолы ашық, қонақ асыға мырза үй. С.Шай. ~ Қыста соғымы мен сойысы, жазда сауыны мен мінісі бар, басыбайлы ешкім жоқ, еркімен жүріп, қалауымен қызмет атқарады, «таптық езгі» көрді, зар жылады дей алмаймын. Еңбек, кәдімгі адал еңбегіне орай ақыларын алып отырды. М.Мағ.
АҒЫН АЙЫРЫП ОТЫРҒАН
Асырап отырған, аштан өлмеуге себі тиген. ~ Шынында ағымызды айырып отырған жалғыз мүйізді жетелеп әкетсе хал мүшкіл-ау. «Жә, қой енді», –– деп, апам жұбатса да болмайды. Қ.Ысқ. ~ Отызыншы жылдардың басында кәліктіп боласың деп қорадағы қыбырлаған қоңызға дейін сыпырып әкеткенде Зүкең ағын айырып отырған қоңыр шолақ сиырын қуалап ауылсоветтің кеңсесіне барса керек. Қ.Ысқ.
АДАЛ ЖАНДЫ
Ниеті ақ, арамдығы жоқ, таза адам. ~ Тарих шежiреге сенедi. Олар ғана емес, адал жанды адамдардың қай–қайсысынан болмасын сұрап қарашы? Олар да саған шындықты айтады. Р.Рай.
АҒЫН АҚТАП, ҚАРАСЫН КҮПТЕДІ
Шамасы келгенше шаруасын тындырды. ~ Осы қазақтың қатындары қақылдап, түзде жүрсе жатқанның жанын суырады. Үйде ағын ақтап, қарасын күптеп отырғанын көресің. Біздің Нағиманың қолынан түк те келмейді, арбалап кіргізсең де, қаптап тартсаң да, қазанына қақ тұрмайды, — деп апама шағынып кеп отырғаны. Қ.Ысқ.
АДАЛ ЖАР
Ақ некелі, сүйіп қосылған, қосағына адал жұбай. ~ Адал жар, аяулы азаматпен тағдыр косқан екi жыл ғана. К.Сег. ~ Тым құрыса асықтай екi баласының әкесi, адал жары емес пе едi?! О, опасыз жалған– ай! Ж.Шағ. ~ «Онда…—» депті бала батыр,— жаңағы үш қасиеті бойына бірдей біткен, маған адал жар берсеңіз болғаны». «Жалғыз тілегіңді берем» деген пайғамбар сөзден жеңіліп, көркі, ақылы, бағы бар Ер Кіндікке адал жар беріпті. Сол адал жар арқасында бала батыр өле-өлгенше дүниедегі ен бақытты адам боп өтіпті. І.Ес.
