АҒАТ МІНЕЗ

Кім-кімге де жараспайтын әдет, қылық. ~ Сөйте тұра, оның әлдебір ағат мінезін де көрген емен. Бірақ: «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деп халық бекер айтпаған ғой. С.Шайм. ~ Бас сәулетші «қай мінезің» деп қазбалап сұрамады, бұл көкең «осындай ағат мінез таныттым» деп тіс жарып айтпады, арадағы сөз өрбімей, жабулы қазан жабулы күйінше қалды. Д.Дос.

АҒАЙЫН АЛА (АЛАУЫЗ) БОЛДЫ

Туыс адамдардың арасына от түсіп, араздасты, жауласты, қырғи қабақ болды. ~ Ағайын ала болса ауыздағысынан айрылар. М-Мәт. ~ Қазақтың басы біріксе кімнің тісі батар еді? Ағайын алауыз болған соң, басқаға жем боламыз. Т.Рыс.

АҒАТ СӨЗ

Артық сөз, асығыс айтылған, жаңсақ пікір, келіссіз ой. ~ Әй, сен бара бер… — Отыра берсін. Ешқандай оңашалайтын ағат сөз жоқ, — деді Дәуренбай атам. Б.Мом. ~ Енді міне, қар бесіктің құндағында жатып, сана сарабына салса, тіпті де бұл ойлағандай алжығаннан айтылған ағат сөзден гөрі, көңіл жүйріктігімен ертеңін болжаған қарттың аһ ұрған арманға толы аманаты екен-ау. О.Бөк.

АҒАЙЫН ТҰТТЫ

Туысқа балады, жанашыр жақын санады. ~ Әзір шалқақтау, «жылы-жылы сөйлесе жылан інінен шығады» емес пе. Әкесі мен ағасын ағайын тұтып, бауырына еніп жүрген жайым бар. Ғ.Мұс.

АҒАТ ІС (ҚАДАМ)

Асығыс, ойланбай жасаған іс, әрекет. ~ Қайсыбір жолдас-жорамыздың сәл-пәл ағат ісіне зілсіз кейіген кезде: «Өй, сен де бір Мырқымбай екенсің!» дейтініміз сондықтан ғой. Ғ.Қаб. ~ Бәлкiм, алынбаған кек өзiмнiң де ағат iс, артық әрекетiмнiң есесi шығар… К.Сег. ~ Кергимiн деп кеселге ұшырадым. Алып та жығар, шалып та жығар, алпыс айла, қырық қатпар қулығы бар Қамбар сол бiр ағат қадамымды алдыма келтiрдi». К.Сег.

АҒАЙЫНДЫ ҚОҢЫР ҚАЗ (ҚАЗДАЙ)

Қатар өскен құрбы-құрдас, тетелес, жақын адамдар туралы. ~ Ал, ағайынды қоңыр қаз, бірің таптың, екіншің табылдың. Менің міндетім осымен тәмам, — деді Пірімқұлов алақанын құшырлана ысқылап. М.Қаб. ~ Мына бітеу қара екеуінің ағайынды қоңыр қаздай жұптары жазылмай бірге жүргендерін көріп, «япырай, бұл да қиянатқа қия тартар ма екен?» деп іш жиып қалып едім. Т.Сәу.

АҒАТТЫҚ БОЛДЫ (КЕТТІ)

Шалыс басқан қадам, ойланбай істелген іс туралы. ~ Апыр-ау, соншама не бүлінді? Ұрсам, өз баламды ұрдым. Бүтінді бүлдірме, жаңаны тоздырма дегенім бе? Әрине төбеден нұқығаным ағаттық болды. С.Смат. ~ ─ Әнеугі келгенінде осы іс жайын Қасболатқа айтып едім, соным әнтек ағаттық болды білем, — деп, бүгінгі көңілсіздігінің себебін осыған сайды. С.Ом.

АҒАЛАП ШЫҚТЫ

Шеберлік танытты, айқын басымдылықпен жеңді, көш ілгері болды. ~ Екеуміздің достығымызды ұлғайта түсетін тағы бір әулекілігіміз бар: екеуміз де «бокс» ойынында жұдырықтасуға бірге түсеміз. Салмағымыз да бірдей, өнеріміз де бірдей. Кейде ол қапы кетеді, кейде мен қапы кетем. Сонда ғана бірімізді-біріміз бірер жұдырық ағалап шығамыз. Ғ.Мүс. ~ Тоғай бойының жігіттерін күрескенде қырғи тигендей қылам. Менімен біреуі де бел ұстаса алмайды. Шөп басында, өзен бойында, кешкі ауылда әлдеқалай бір күрес бола қалса алысқан жігіттерді ағалап шығам. Ат үстінен аударыссақ та мені аларлық жігіт жоқ. І.Жан. ~ Абайдың кейбiр қыстарда, үйде отырып қалғанда, әдейi шақыртып алып, жиырма күн, бiр айдай табан аудармай ойнап қалатын кiсiлерiнiң бiрi Мақыштың Смағұлы, не Марқабай болса, тағы бiрi осы Көрпебай. Iшiнде Абай бар, осы үш-төрт ойыншы бұл атраптағы басқа ойыншылардан озып, ағалап шыққан және өзара

АҒАТТЫҚ ЖІБЕРДІ (ЖАСАДЫ)

Қателік жасады, жаңсақ басты. ~ Анасының әлгі әңгімесі осы жасында емес, сегізінде айтылса, мүмкін, дәл осындай ағаттық
жіберіп, әке-шешесін осыншалық сарсаңға салмас па еді. О.Бөк. ~ Бастық қызметкерлерін бөле-жарып қарамайтын. «Өңкей
қылшылдаған жастар «жұмысынан ағаттық жібермесе, кешеде бірдеңеге ұшырап қалмаса» деп іштей тілеп отыратын.
М.Қаб. ~ Өз денсаулығымызға өзіміз кесірімізді тигізіп, темекі шегіп, арақ ішіп, жүйкемізді аямай тамақты тоя жеп ағаттықтар
жасаймыз. Қ.Бег.

АҒАЛЫҚ АҚЫЛ АЙТТЫ

Өмірлік тәжірибесіне сүйеніп, кеңес берді, дұрыс жолға тартты. ~ Жол-жөнекей менің барлық жайымды сұрап, істе жіберген кемшіліктеріме талдау жасап, ағалық ақыл, кеңесін ақтарыла айтып, жөнге келетін, жобаға жанасатын істеріме қатты қуаныш білдіріп, жанымды жасытпай, жігерлендіріп ынталандырып отырды. С.Ел. ~ Штабқа жиналған бөлімше командирлеріне ағалық ақылын айтып таратқан еді. Ә.Нұрш.