АҒЫЗЫП АЙТЫП БЕРДІ

Аса ділмар; әңгіменің майын тамызып айтатын адам туралы. ~ Әсіресе, осы ауылдың жылқышы, түйеші, сауыншы, мал суарушы, жалшы-малшыларына естілмеген өлеңдер мен сөздер шығады Сейіттен. Соны кейде ән мен домбыраға қосып айтса, кейде Сейіт қарадай төгілтіп, есіп сөйлеп, ағызып айтып береді. Бұның осы айтатынының бәрі тек Абайдың өлеңдері еді. М.Әу. ~ Ол жұлып ала сала Абайдың «Бойы бұлғаң» сияқты, «Адасқанның алды жөн» тәрізді өз өлеңдерін Абайға бұрын ол мүлде естіп-білмеген адамдай ғып, қатты томсарып отырып, ойнақыландырып ағызып айтып береді. М.Әу.

АҒАШ АТҚА МІНДІ

Күйінді, көңілі түсіп, күңіренді. ~ Кеше ғана жағасы жайлауға кетіп, көңілді жүрген Саурық бүгін әукесі салбырап, көзі қызарып ағаш атқа мінді. Ә.Шәр. ~ Еркелету үшін ең әуелі айнаға қараңыз. Бала түгіл өзіңіз шошып, ағаш атқа мініп кетерсіз. М.Қаб.

АҒЫЛ-ТЕГІЛ

Аса мол, қисапсыз көп, кернеуінен асқан д.м. ~ Жұрттан алған ағыл-тегіл батасы мен алғысы ең болмағанда жалғыз түйір перзентін көзіне бір көрсетуге жарамағаны ма… Ә.Кек.~ Ол жылы күзем алған бойда ағыл-тегіл жаңбыр жауып арық-тұрықты қырып кеткені болмаса тыныш өтті. Ә.Кек.~ Әшімхан да ұлан-асыр, ағыл-тегіл той жасады. Бұның тойында Жиынбек басқарма көсіле де, шешіле де сөз сөйледі. К.Хам. ~ Ағыл-тегіл сарқырап өте шыққан нөсердің жөні бөлек қой, ақкөңіл адам сияқты — ашу артынан іле-шала жарқырап күліп күн шығатынын білесің. Ә.Тар.

АҒАШ АТҚА ТЕРІС МІНГІЗДІ

Өсек қылды, ғайбаттады. ~ Бұл ағайынның өнер адамдарын ағаш атқа теріс мінгізіп, сыртынан айтақтайтындары жаңа ма.
Бұған дейін де болған, бұдан кейін де жалғаса беретін сыңайлы. Қ.Жиен. ~ Оппозиция деген қызыл көз пәле емес пе.
Оларға кісі түгілі Құдайдың өзін көрсетсең, бойынан талай мін тауып, ағаш атқа теріс мінгізер еді. Т.Сәу. ~ Ал егер бізде
мұның барлығы керісінше болса ше?.. Астапыраллаа-а!.. Олай болса,- тағыда астапыралла-а-а! — онда біз, кешегі ата-
бабаларымыз айтқандай, «ағаш атқа теріс мініп» жүрген жетпегірлер болып шықпаймыз ба?!. Ғ.Қаб. ~ Бұл – басқа
сораптағы әңгіме еді, реті келген соң амалсыз айта кеттік. Ахаңды ағаш атқа теріс міңгізіп жүрген азамат бұдан соң біздің
соңымызға шам алып түсіп жатса, халқымыз оны да естір. Ал, ұяты болса осыған тоқтар. Қ.Олж.

АҒАШ АТТЫҢ БАСЫНА МІНГІЗДІ (ІЛДІ)

Сөз қылды, өсек-аяңға іліктірді, келеке етті, масқара етті. ~ Жорта көлгірсисің деп, күстәналап тастауы да кәдік. Оңы мен солын танымайтын миғұла бола қалғанын қарашы деп ағаш аттың басына мінгізсе, Оспан оған не демек? С.Ом. ~ Оқушылардың арасынан мұндай сөз естілуі мектепке өрт шыққанмен бірдей. Кім жазыпты, кімге жазыпты? Жұрт лезде біліп алады да, екеуін де ағаш аттың басына мінгізіп қояды. Бұдан соң өмір сүргеннен де сүрмеген артық. Б.Соқ. ~ Бригадир мазақ етіп, ағаш аттың басына іліп әкетіп жүр. З.Шаш.

АҒАТ БАСТЫ

Қалт кетіп, қателік жасады. ~ … жазалауға басқалар үлгірмейді. Сол ағат басқан қадамды түзетуге қалған жылыңды сарп етесің. Алшағыр ауған көшін түзеген тәрізді. Ең қысталаң тар жол, тайғақ кешуін артқа тастапты. М.Қаб. ~ Кiнәсiн мойындап, ұлтшылдарды әшкерелеуге көмектессе, жас қой, арбауға түсiп ағат басқан шығар деп кешiрiм жасау жағын да ойлағанбыз. Т.Сәу.

АҒАТ БОЛДЫ

Біреудің әлдебір жаңсақ ісі, қате басқан қадамы туралы.
~ Жүгіріп бара жатқан аңның соңын ала тағы да атқан едім, ол тіпті ағат болды. Ә.Марғ. ~ … мына жігіттің дүние бір жақ, өзі бір жақ бейғам қалпы,»осылай, еттім-ау, ағат болды-ау» деп қиналудан гөрі қайта сол сүйегі қураған, тірі жүрген ақындарды, соларды туғызған мына сияқты жер-даланы әлі де кінәлауға даяр сыңайы оның ішкі азабын ауырлата түсті. Д.Иса.

АҒАТ ЖІБЕРМЕДІ

Босқа кетірмеді, жөнімен пайдаланды. ~ Әр жылда бір келетін бір айлық демалысына қосымша болсын деген ниетпен жексенбі күндерін де осы айқай–шу, қым–қуыттың астында өткізетін. Соның арқасында күндіз–түні тынымсыз тірліктің есебімен келгенде, жазғы демалысының өзі біразға созылатын. Бір күнін ағат жібермей, жүн қырқуға келісіп, ертелі–кеш кашар төңірегінен шықпайтын. Ш.Айт.

АҒАТ КЕТТІ

Қателесті, жаңсақ басты, артық іске, сөзге бару. ~ — Жеңеше, — деді шешем тарамыстанған арық қолынан ұстап. — Елу жыл бірге өмір сүріп едік, жамандығым, ағат кеткен жерім болса, кеш. О.Бөк. ~ Бірбеткей әкем мұндай сөзге шыдай алмады. Әйелінің төркіндерін шақырды да, бәрінің басы қосылған соң өкімді сөз айтты: — Ағат кетсем айып көрмеңіздер. Бірақ осыншама қартайған шағымда қаңқу сөз есітем деген жоқ едім. Б.Мом.

АҒАТ КӨРДІ

Ерсіге санады; лайық көрмеді. ~ Үлкен сөзіне елден бұрын жауап айтып қала жаздап отырғанын Керімбек ағат көріп, бір-екі қайта баласына көзімен тыйым береді. Ж.Ахм.