Posted in

СӨЗІНЕ ТҰРДЫ

Айтқанымен келісті, сөзін мақұл көрді. ~ — Мына итіңді сатшы, — дейді Баубек саудагерге. — Жалғыз екенімді көріп тұрсың. Осы малға ие де сол, жол торыған ұрыға қайрат ететін де өзі. Жолдасыңды сат дегенің не қылғаның? -Ендеше сатпа! Екеуіміз тамыр болайық. Жолда ауылыма келіп тұр, қолымнан келген көмегімді аямаймын. — Ә, бұл сөзіңе тұруға болады. Міне қолым. К.Жүн. ~ Рәжіпхан құшбегі бірауық бұған тесіле қарап, тосылды. Аздан соң кешеден бері бірінші рет жөн сөз айтты: — Жарайды, сөзіңе тұрдым. Енді шаруаларыңды айтыңдар. Дау болса, әділдігіңе бұрайын. М.Әбдәк.

Posted in

СӨНГЕН ІС

Болары болып, бояуы сіңген іс. * Зорлықпен кеткен көп малдың соңынан қуынып, інілеріне қайтарып әкелмекші боп керіп еді, ел ішіндегі Нұртазаның жақтастары мен ояз Коновалов түгілі, көңілі жақын адамдарының өзі сөнген іс екенін аңғартты. С.Жүн.

Posted in

СӨЗІНЕН ЖАРЫҚШАҚ ТАПТЫРМАДЫ

Сөзінің бәрі қисынды, кілтипан табу қиын д.м. ~ Саяси-әлеуметтік мәні бар айтыс-таластарда алдына жан салмай кететін шешен де, сөзінен жарықшақ таптырмайтын ойшыл, пікірлі Мұқанов жайбарақат жай әңгімеде екінің бірінде ұсталып қала беретін-ді. Бірақ сондай кездерде көбінесе қапияда оп-оңай жол тауып шығып та кетуші еді. С.Шай.

Posted in

СӨНЕ БЕРДІ

Біртіндеп көмескі тартты; көз алдынан алыстай бастады. * Көз алдынан бағана таңертеңгі тып-тыныш, ап-аман тұрған көңілді өмірі сөне бергендей болды. М.Әу. * – Анау шаңды көрші, Абай аға! Сол жау! Жатақтың азғантай жылқысына тиген жау. Айдап, қуып әкетіп барады, әні. Тағы тиіп әкетіп барады сойқандар! – деп, жігіт жылап жібергендей болды. Теңіз де, қиял да жоқ. Аз алданыш, қуаныш та сөне берді. М.Әу. * Қазір де бір рет көлбең етіп, бұлаң берді, де, сумаңдай жөнелді. Үстіндегі күміс тұрмандары айға қарсы жарқ етіп барып, сөне берді. М.Әу. * Аузы қыбырлағаны болмаса, шүңі рейген көздері тастай қатып қалған. Қарауыта түскен бөлмемен бірге сол шүңірейген көзден де тіршілік сәулесі сәт санап сөне бергендей. Д.Әш. * Қарсы алдына қараған беті: — Ұйықта! Мен… жазамын,— деп мыңқ етті. Көрпе астынан жылтырап, күйеуіне қарап жатқан жас келіншектің қара көзінен ұшқын жайлап сөне берді. М.Қаб. * Соңына екі түрлі әсер қалдырып ылым-жылым сөне береді: қармаған сәтте беймәлім жаққа алып кететінін ойлап, бір қорықса, сондағы бір сұмдық рахатты жаны іздеп, жанып аңсайды. С.Нұғ.

Posted in

СӨЗІНІҢ АЯҒЫН (СОҢЫН, АРТЫН) ЖҰТТЫ (ЖЕП ҚОЙДЫ)

Айтып тұрған сөзін күрт үзді. * Шаруа басшысы кенет сөзінің аяғын жұтып, сап тиылды … Д.Досж. ~ Қашайық, — деді Әділбек алқына сыбырлап. — Қашқанда, құтылсақ жақсы… Әйтпесе… — Не дерін білмеген Ерік сөзінің аяғын жұтып қойды. – Сиыр дауысты бұл не болуы мүмкін? Б.Ыб. * — Жарайды, ұры деген де керек. Қала берсін! — деп Омарбек сөзінің аяғын жұтып қойды. Б.Қыд. * — Вася атай жақсы адам. Мінезі тік болса да өте әділ. Кейде… — сөзінің соңын жұтып қойды. — Ал, көрші жігіт, сау болыңыз. С.См. * «Баяғыда Семейде, жас кезімде…» деп қойды. Собір жерге келгенде, сөздің соңын жеп қойды. Е.Әук.

Posted in

СУ АҒАДЫ, ТАС ҚАЛАДЫ

Уақытша нәрселер өтіп кетсе де, мәңгілік дүниелер орнында қала береді. * Заман су болса, аспан секілді қарапайым адамдар сол судың табанындағы тас сынды, мәңгі өзгермеген қалпында қалады. Сондықтан да қазақ «су ағады, тас қалады» – деп бекер айтпаған. Ес біліп, етек жапқалы осы Еңбек аулында қаншама бастық ауысты десеңізші… О.Бөк.

Posted in

СӨЗІНІҢ ДӘМІ ЖОҚ

Сөзі сұйық, мән-мағынасы жоқ д.м. ~ Ауаланғыштар, бұзақылар, күшпен тартып алушылар жайынан қаралап сөз айтып, көтеріліс анық басылады, майдандағы әскер жояды деп қорқытты. Петрограттағы (Петроград) көтерілістің күшін көріп отырған уәкілдер алдында сөзінің дәмі болған жоқ. А.Байт.

Posted in

СУ АЯҒЫ (ТҮБІ) ҚҰРДЫМҒА ЖІБЕРДІ

Көзін құртты, келмеске кетірі. ~ Қазақтың маңдайына біткен біртуары Шоқайды, Аймауытовты о ғып, бұ ғып белгісіз себеппен су аяғы құрдымға жіберді, шетінен тізіп жер жастандырды сөйтіп. Д.Дос. ~ Емдеу Орталығына піл түссе де көрер көзге кішірейтіп…бүргедей етіп… түкке алғысыз ғып… су аяғын құрдымға жіберетіндерің қалай осы?! Д.Дос. ~ … қарсы келгендерді су түбі құрдымға жіберіп, кедейдің бақыты жанып жатақ болып, малын бағып, егін егіп жатқанын, сондықтан Шөкенің осы маңда тау бөктерінен орын алып, көөперәтсиә болған елуден астам кедей түтінге барып қосылуына қолқа салды. Б.Жұм.

Posted in

СӨЗІНІҢ ЖАНЫ БАР

Айтқаны шындыққа жанасады. ~ Қыдыш. Мұғалім! Тегі, соған сіз бірдеме айтып қоймасаңыз болмас өзі, тәрізі мынаның мына сөзінің жаны бар. Нұрқан. Шақыртшы сол мұғалімді. М.Әу. ~ Шофердің бұл сөзінің жаны бар. Америка одақтасымыз соғыс кезінде көмекке берген әлгі аталған машиналар, шіркін, машина — ақ қой. Жол талғамайды. Б.Соқ. ~ Сөзіңіздің жаны бар, аға. Бұл мәселе менің де ба сымды ауыртады. Бірақ жөндеу, қайта қарау қолымнан не келмеді, келмейді де. М.Қаб.

Posted in

СУ АЯҒЫ ҚҰРДЫМ (БОЛДЫ)

Зым-зия жоғалды, із-тұзсыз құрып кетті, аяқсыз қалды, құрдымға батып жоқ болды. ~ … ұзына бойын қуалай жүрсең — жоқ, құдай деген о байғұстық қай арада тұрып, қоныс-өріс тапқанын, қай араға жамбасы тигенін шамалап та айта алмайсың. Өтті-кетті — су аяғы құрдым. В.Рас. ~ Бәрі де осылай көз алдында көлкіп тұрған көркем көріністен көңіліндегі әншейін буалдыр елеске айналып, су аяғы құрдым боп зым-зия жоғалатын өткінші көк сағымның кебін киіпті. Ә.Кек. ~ Бітіп жатқан үй жоқ, сонан кейінгі кезекте тұрған шаңырақ көтеру мәселесі болса әзір су аяғы құрдымда. М.Қан. ~ Емдеу Орталығына піл түссе де көрер көзге ішірейтіп…бүргедей етіп… түкке алғысыз ғып… су аяғын құрдымға жіберетіндерің қалай осы?! Д.Дос. ~ – Барғым келмейді, — дедің сен еш шімірікпей. Су аяғы құрдым деген осы еді. Іштен тындым да, сіресіп қатып қалдым. «Ажырасар дос ердің артқы қасын сұрайды» деген. Мынау соның кебі еді. С.Үс.