Posted in

СӨЗІ ҚҰЛАҚҚА ЕНЕДІ

Айтқаны шындыққа жанасады. * Көпшілікке тағы да қозғау түсті. «Жаңалыққа ұмтылуымыз керек» десе, екінші біреулер, «Меніңше Нысан сөзі құлаққа енеді»,— деп бұра тартты. Ө.Кәр.

Posted in

СӨЗІН ЖЕРГЕ ТАСТАМАДЫ

Біреудің айтқанын, тілегін, жауапсыз қалдырмады, айтқанына көнді, сөзін мақұл көрді, дегенін істеді, бұйымтайын орындады. * Ашушаң, алып соқпалау көрінгенмен, көбіне турашылдықтан аспайтын, сол себепті оқушы балалар оның сөзін жерге тастамайды… О.Сәрс. * Ол кеше ауданға бара жатқан мұны оңаша шығарып ап, Көптілеудің қылуасын мөңіретіп жазған бір буат қағазды тиісті жерге тапсыр депөтінген еді. Ержігіт оның сөзін жерге тастай алмаған. Б.Алд. ~ Тірлігінде Әкбардың жарты ауыз сөзін жерге тастамай, жанын үзіп тұратын Сейіт мінезін сөз еткен жақын-жуықтар, кейде таңырқаса да, кейде бұл екеуінің жанқияр татулықтарын қызғанғандай… Ж.Ахм. ~ Жәніке қанша тентек болғанмен, Ақын өкшелес інісі, шын мойнын салып барса, оның сөзін жерге тастамайтын еді. З.Шүк. ~ Осы қара тас жарылып қақ бөлінгенше сөйлеуші болма! — Жасынан шеше тыңдап, айтқанын екі қылмай өскен қыз келіншек болып барған жерінде де шеше сөзін жерге тастамапты. Б.Қыд.

Posted in

СӨЗІ МАЙДА

Әдепті, ибалы, жұмсақ сөзді адам туралы. ~ Ерекше естен кетпес қызық қайда? Жолығатын қыз қайда терең сайда? Сұлулығын қояйын, мінезі артық, Ақылды, асыл жүрек, сөзі майда. Абай. ~ Сәлеметсіз бе, мырза,— деді ақырын ғана. Дауысы жұмсақ, сөзі майда, бірақ алқымынан алған қолы көзін шарасынан шығарып жанын сығып барады. Ә.Кек. ~ Жоқ, мінезі жұмсақ сөзі майда Бірлән ондай әйел болмайтын. Бірдемені ұнатса, шын ұнатып, біреуді сүйсе, шын сүйетін. І.Ес. ~ Ойбу, байғұс бала, үсіп кете жаздапсың ғой, неғып жүрсің? – деп Баян бәйек болды. Құс мұрыны болмаса, түсі жылы, сөзі майда кісі еді, жарықтық. Ш.Мұр.

Posted in

СӨЗДІ СОЗБАДЫ (СОЗБАҚТАМАДЫ)

Әңгімені ұзаққа созбай, негізгі мәселеге тікесінен көшті. ~ Ерте, ерте, ерте екен, Ешкі жүні бөрте екен. Сөз бастайын ертеден. Сөйтіп кеңес қозғайын, Бірақ сөзді созбайын, Қайырайын келтеден. М.Жұм. ~ …үйез билеушісі тегінде қытай емес, Шапшал үйезінің бүкіл Ілеге аты әйгілі, қазағуар, атақты сібесі Лың жы — осы болатын. Ол — сөзді созбай, таза қазақшалап: Өзің, дегенмен, мүйіз жүрек екенсің!.. — деді. Ж.Ахм. ~ Генерал да сөзді созбақтамай бір мезгіл үнсіз отырып қалды. Б.Тоғ.

Posted in

СӨЗІ МАЙДАЙ ЖАҚТЫ

Айтқаны көңілінен шықты, ұнады. ~ Бір сөзінен бір сөзі майдай жағып барады. Елдостың келіні босанған екен. Алғашқы немересі… Ертең соның шілдеханасына шақырады. Қ.Жұм. ~ Айтқандай-ақ қурап, кеуіп тұрған көкнәр бүкіл суды сорып алады. Түскеніне үш-төрт жыл болса да бала көрмей жүрген келіншекке Әбекеңнің сөзі майдай жағып шәйін де, тамағын да беріп күтіпті. Ә. Ысқ.

Posted in

СӨЗДІҢ ЖҮЙЕСІНЕ ЖЫҒЫЛДЫ

Сөздің қисынын мойындады. * «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» дейді, біз иттік жасамайық» дедім. Олар да сөздің жүйесіне жығылып, қайтіп ол әңгімені біз кеткенше қозғамады… Айтқанымның астарын түсінген шығарсың, міне осындай. Н.Нүс.

Posted in

СӨЗІ МЕН ІСІ ҚАТАР ЖҮРЕДІ

Айтқан сөзі мен істеген ісіде қарама-қайшылық жоқ. * Жаңа тағайындалған ревком Қашке (Қашқынбайды жұрт осылай атап кетсе керек) – қапсағай денелі, сөзі мен ісі қатар жүретін өткір, жылдам жігіт екен. Б.Тоғ.

Posted in

СӨЗДІҢ ҚЫСҚАСЫ

Бір сөзбен айтқанда; тоқ етері. ~ Қызарып, ісіп, бір тынып, Едірей мұртын ширатып, Барқылдады қолбасы. Не керек, сөздің қысқасы, Басқаға о да сілтеді. М.Жұм. ~ Ертеңнен бастап іске кірісіңіз, Толғанай жеңгей”,– деп, Үсенбай кесіп айтты. Қойшы, сөздің қысқасы – бригадир болуға көндім. Көнбегенде қайда барамын. Ш.Айт.

Posted in

СӨЗІ МІРДІҢ ОҒЫНДАЙ

Тілі өткір, орып түседі д.м. ~ Жарылғап. Елдің баяғыдан жол қып айтып жүрген сөзін айтшы! Осы қоспа сөздерің мірдің оғындай болып, құлағымызға жат тиіп жүр. Тіпті біз. елемесек те, мына құдағиларыңды жүдететін көрінеді. М.Әу. * Дана адам жүріс-тұрысын да, сөйлеген сөзін де ой елегінен өткізіп, ақылмен айтады. Сөзі мірдің оғындай тыңдаушыларын ұйытып әкетеді. Ә.Шәр. ~ Ол жалғыз емес, соңында ызалы күштің толқынындай, сөзі мірдің оғындай, келешекке тартқан жолы күндей жарқырап… Ә.Әб. ~ — Сөзі мірдің оғындай тегі! — Сол сөзді сіздің хұзырыңыздан, абыройыңыздан аяп жүр ме деген қаупім бар. Д.Дос.

Posted in

СӨЗДІҢ ОРАЙЫ

Айтылған пікірдің мәніне қарай, сөздің мағынасына сәйкес д.м. ~ — Бір көріскен ағадан мұндай ащы, ауыр сөз естимін деген жоқ едім. Әттең ағаны сыйлайтын әдетім жібермей тұр еркіме, әйтпесе сөзіңіздің орайына түріңіз жаңарғанмен, жүрегіңіздің де әлі ескі екенін жасырмастан айтар едім, — деп еді, Темір сыры белгісіз бір суық күлкімен мырс етіп. Ә.Әб.~ Сөз орайына сәйкес ертедегі қазақ биінің білік парасатын, қара қылды қақ жарған әділдігін, жер мен елдің тұтастығын, ауыл-аймақтың амандығын ойлаған сұңғылалығын танытатын тағы бір нақты мысал келтіре кеткеніміз артық болмас. Б.Дул. ~ Ол өзімен өзі сырласқандай осыны айтты да, жүріп кетті. Бөлекбас бұл сөздің орайына бірдеңе дегісі келіп: «Ол былай ғой, Сәулеш, неткендей», — дей беріп еді. Ә.Әб.