Айтқаны көңілінен шықты, ұнады. ~ Бір сөзінен бір сөзі майдай жағып барады. Елдостың келіні босанған екен. Алғашқы немересі… Ертең соның шілдеханасына шақырады. Қ.Жұм. ~ Айтқандай-ақ қурап, кеуіп тұрған көкнәр бүкіл суды сорып алады. Түскеніне үш-төрт жыл болса да бала көрмей жүрген келіншекке Әбекеңнің сөзі майдай жағып шәйін де, тамағын да беріп күтіпті. Ә. Ысқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СӨЗДІҢ ЖҮЙЕСІНЕ ЖЫҒЫЛДЫ
Сөздің қисынын мойындады. * «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» дейді, біз иттік жасамайық» дедім. Олар да сөздің жүйесіне жығылып, қайтіп ол әңгімені біз кеткенше қозғамады… Айтқанымның астарын түсінген шығарсың, міне осындай. Н.Нүс.
СӨЗІ МЕН ІСІ ҚАТАР ЖҮРЕДІ
Айтқан сөзі мен істеген ісіде қарама-қайшылық жоқ. * Жаңа тағайындалған ревком Қашке (Қашқынбайды жұрт осылай атап кетсе керек) – қапсағай денелі, сөзі мен ісі қатар жүретін өткір, жылдам жігіт екен. Б.Тоғ.
СӨЗГЕ ТОҚТАДЫ
Айтылған сөзді дұрыс көрді, келісті. ~ Мәмбеттер қытайларға ұсыныс жасады. — Сендер бұл жүкті алмаңдар; бәріміз бір болайық, бұлар жұмыскерлерді жейтұғын буржуйлар… Қытайлар бұл сөзге тоқтай қалысты. Олар тасып жатқан жүктерін тастай беріп, Мәмбеттердің айналасына жиылды. І.Жанс. ~ Бүгін сен — алдырған кісі мені "қара" деп отырсың. Екеуміз де ұғысатын бет жоқ. Құр қажағанмен, ажалға мен жығыла алмаймын, сөзге тоқтар болсаң, беретін байлауым — осы", — деді. М.Әу. ~ Сол сөзге тоқталдым да, үн-түнсіз шығып кеттім. Балжан көрген көп жәбірдің есесін түгел қайтарғандай, былай шыға көңілденейін дедім. Б.Тоғ.~ Өйткені олар ертеден үлгі болып келе жатқан ел ішінің бітім жолдарын көлденең тартып шешен сөзбен айтысады. Сөйтіп келіп келелі орынды сөзге тоқтайды. Дау шешімін табады. С.Бег.~ Бірақ сөзге тоқтайтын Жаңабек жоқ, «ата-бабамның аруағын сыйламадың, әкемнің көзіндей болған Талдыбұлақтың түбіне жеттіңдер!»… — дей берген соң, шал тарс кетті. Б.Тоғ.
СӨЗГЕ ҮЙІР
Әңгіме тыңдауға, сұқбаттасуға бейім. ~ Сосын Елтайларға жып береді. Басқа бөлімдерге қарағанда «әдебиет және өнерде» жұмыс аз. Сөзге үйір келімді-кетімді кісі де көп, ылғи дуылдап жатады. М.Қаб. ~ Бір-бірінің сөзге үйір ауыздарына мәз бола қарасып, Тайлақбайдың сыртынан сөйлегенде «Әкеу, бұған жомарт құдай не ғып таупих берді?» дескен. Ж.Ахм.
СӨЗГЕ ҰЙЫДЫ
Біреудің айтқанына ден қойды, сөзін мақұл көрді, ықыласпен тыңдады. ~ Жиылған көп халайық, Сөзіне ұйып тамсанып… Ж. Жаб. ~ Қазыбектің сүйегі — Орта жүз Арғын ішіндегі Қаракесек (Болатқожа). Қазыбектің өз әкесі — Келдібек, ұлы әкесі, яғни атасы Абыз атанған Шаншар. Бабасы — бұлбұл. Шетінен тілге шешен, сөзге ұйыған, уәжге тоқтаған біліктілер болыпты бұлар. С.См. ~ Обер-лейтенант Әлидің мұнша жұмсақтық жасағанын әркім өзінше түсінді. «Мұсылман баласы болған соң аяған ғой» деген сөзге ұйыды көбісі. Б.Тоғ. ~ Біз — ағайынды екеуміз — атадан қалған сөзге ұйып, анадан дарыған өнерді бойға сіңіріп өскен ұрпақпыз. Егер бойымда бір сәуле, са-намда бір саңылау болса, ол — әкемнің құты, анам-ның сүтімен дарыған қасиет. Е.Мұқ.
СӨЗГЕ КЕЛМЕДІ
Қарсы уәж айтпады. ~ Мейірбек сөзге келмеді, шаруасы тығыз болса да ат басын Тұрсынның үйіне бұрды.Б.Тоғ. ~ Гүлбаршын зерделі қыз ғой, мұнан әрі тәжікелесіп, сөзге келмеді. Шолпысы шылдыр етіп болмашы иілді де, кері бұрылып жүріп кетті. А.Сей. ~ Жігіттерді ертіп бізге бөлінген үйге келдім де: «Аттарыңды тұсаңдар да жатыңдар!» деп бұйырдым. Ешқайсысы сөзге келмеді… Б.Тоғ. Сөйлей алмады, тілсіз кетті. ~ Берсе Құдай өмірін Сансызбай берер сазаңды, Тәңір алдында көрермін.Төлегеннің тілдері Екінші сөзге келмеді, Батқан күнмен қызарып, Үш қайтара Жібек деп, Дүниеден көшіп жөнелді. "Қыз Жібек".
СӨЗГЕ ШОРҚАҚ
Сөзге жоқ, сөйлеп қатырмайды. ~ Бірақ дәл осындай дос көңілін демеп жіберетін жерде де бұл өзі тілі–жағы байланған кісіше жұмған аузын аша алмайтын, сөзге шорқақ жігіт еді. Ә.Нұрп. ~ Ол бусынып, терлеп сала берді. Әй, өзі де сөзге шорқақ қасқа. Кейде бас жоқ, көз жоқ түйеден түскендей, дүңк еткізіп қойып қалады-ау! Бұ не әдет? Н.Сам. ~ Табыс тапқаны болмаса, Тастыбай сөзге шорқақ. Қ.Жиен.
СӨЗГЕ КЕЛМЕСТЕН
Жөн сұрамастан, әй-шәйге қарамай д.м. ~ Аудандық прокурор Сұранышев сөзге келместен Сұржекейдің ұсынған адамдарының бәріне санкция беріп жатты. С.Ел.~ Осы кісіге неге екенін білмеді Еркеш іші жылып, еркелегісі келіп кетті. Тіпті сөзге келместен столға жақындап, ұйқыдағы Умиданың жанына жайғасты да, дастарқандағы тамаққа қолын созды. К.Өтж. ~ Қос өркеш құм төбеден асып, өздері алтыбақан тебетін дөңгелек сазға жеткен соң Жантас сөзге келместен атынан домалай түсті де, құм беткейге құлай кетіп қор ете қалды. Б.Тоғ.
СӨЗДЕН ЖЫҒЫЛДЫ
Сөзден ұтылды, дауда есесін жіберді. ~ Енді бақ-дәулет үш атасына шейін-ақ барар» деген екен, — деді. Ісләмбек Қазыкеме үш атадан соң келеді екен: сөзден жығылыпты. Ж.Айм. ~ Сонда Бергі мысық әулие: «Әй, қолымды бекер ұстадың-ау! Енді бақ-дәулет үш атасына шейін-ақ барар» деген екен, — деді. Ісләмбек Қазыкеме үш атадан соң келеді екен: сөзден жығылыпты. Ж.Айм. ~ Ханның Жиреншеге осындай қисынсыз тапсырмалар немесе сұраулар берудегі себебі — ол Қарашашқа құмар болған. Егер Шешен сөзден жығылса, сылтауратып әйелін тартып алмақ екен дейді жұрт. С.Мұқ. ~ Ақыры таң алдында Үбиан күйеу бала отырған отауға баруға келісіпті. Бұл кезде кеш бойы сөзден жығылып, терлеп–тепшіп қысылған екеуі әбден қалжырап, оның үстіне қалындықтың соншама кешігіп, көңілдері қобалжып отыр екен. Б.Мом.
