Құйқылжыта, көпірте сөйледі. ~ Тіпті, басқаны былай қойып, елдің жезтаңдай сөз зергерлері Сара мен Біржанның айтысын бір мәрте шолып шық. Екі шешен сөзді жүндей сабап, дүрілдете келіп, өздерін жүйрік атқа теңейді. Құдай-ау, не деуші еді. Ие, Біржан айтады-ау: «Қаз мойын, қамыс құлақ, қара көкпін, тұнықтан жүзіп ішпей қанбайтын»… десе, бірде ол «кең қолтық арғымақпын алқымы іспес»… деп… Енді бірде «жел қабыз, жез тағалы еңіреумін, қаратер шыққан сайын кетем ағып». Сонда Сара да бұдан қалыспай «Сан жүйрік жете алмаған самғағанда» демеп пе еді… С.Бақ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СӨЗГЕ ОРАШОЛАҚ
Тілге шебер емес. * Сөзді Тұрлыбек бастады. Қазақша жақсы сөйлей білетін адам қасындағы төрелер алдында орысша ойланып қазақша сөйлегендіктен сөзі орашолақтау, созалаңдау шығып жатыр. Ғ.Мүс. * — Жілігі татымайтын бірдеңе айтсам, қарның ашып қалар, шырағым, — деп, шал кеудесімен тұтас бұрылып маған қарады. — Сөзге орашолақ жанмын… М.Әбдіх. ~ Өзі сөзге орашолақ, сөзінен қамшысы бұрын қимылдайтын томырық Балықбайдың талғамай айта салған сөзі жас жігітке ауыр тиді. С.Бег. ~ — Жілігі татымайтын бірдеңе айтсам, қарның ашып қалар, шырағым,- деп, шал кеудесімен тұтас бұрылып маған қарады.- Сөзге орашолақ жанмын… С.Ом. ~ Аршын төс, үзілген бел, одан төмен… сілекейімді қылқ-қылқ жұтып тамсанғаным болмаса, сипаттауға менің сөзге орашолақ байқұс тілім мүлдем қауқарсыз. Т.Сәу.
СӨЗДІ ИЕСІЗ ҚАЛДЫРМАДЫ
Жауапсыз қалдырмады, жөнін айтты, тиісті жауабын берді. * Бірақ Байшуақ тамақ ішеді екенмін деп, жауабына отағасының өзі ынта қойып отырған соң, бұл сөзді иесіз қалдыра алмаған. К.Сег.
СӨЗГЕ САРАҢ
Ойын жайып салып, ақтарыла бермейтін, сөйлей қалса да ойланып барып сөйлейтін адам туралы. ~ Көп айтпай, қысқасынан сездіретін — Балаңның мінезі бар сөзге сараң:Кетер деп «суға құлап, отқа түсіп», Қайғы жеп, менің үшін болма алаң! А.Байт. ~ Сен менің шешемді көрген жоқсың. Ол кісі сөзге сараң болатын-ды. Біреуді жек көріп тұрса да, жақсы көріп тұрса да, «мен солаймын» деп ақтарыла қоймайтын. С.Мұқ. ~ Ел ішіне аты кеткен балуан Сәкенмен де бірге жүрген болар. Иманаққа да Сәкенмен бірге талай-талай шыққан болар. Бірақ, амал қанша, мен онда Сәкен туралы сұрай алмадым. Сөзге сараң Битабар өз бетінше айтқан жоқ… С.Шайм. ~ Аз сөйлеп, көп айту деген, міне, осындай болса керек. Мұндай бақыт сөзге сараң, ойға жомарт шайырлардың ғана басына бітеді. Қ.М- Әлі. ~ Бұрыннан да сөзге сараң, тілі майда, жұмсақ мінез шешесі соңғы күндері, тек, көлеңкедей қозғалып жүргені болмаса, үндеуден, сөйлеуден мүлдем қалғандай еді. С.Ел.
СӨЗДІ ПІСІРДІ
Айтар сөзді, қозғалатын әңгімені пысықтап алды. ~ Қасымқан әлі де құлай қоймай: Жоқ, жөнін айт. Әуелі сөзді пісіріп алайық! — деді. М.Әу. ~ Салпаңқұлақты неге мінбегенсің? – Тасырқап қалыпты жануар. – Келгенің жақсы болды, сөзді пісірдік. Д.Дос.
СӨЗГЕ СУ ЖОРҒА
Шешен тілді, ділмар. ~ Бозбала жиынында өлеңнен бәйгені шаппай алатын да Нұрым, жақсылардың тобында жырдан өрмек өретін су жорға да сол. Х. Ес. * Көргенін ұмытпай, естігенін көкірегіне мықтап сақтайтын, сөзге су жорға, аңғарлы ақ көңіл қартқа кезігіп, кеңесте болу өзім үшін ғана емес, халқымыздың қатпары мол тарихынан, тауқыметты тірлігінен дерек беретін жанды айғақтың табылуы, ел мен жердің мақтанышы ғой. Б.Жұм.
СӨЗГЕ ТАРТТЫ
Сөйлескісі келіп, әңгімеге тартты, біреудің лебізін, сөзін тыңдағысы келді. ~ Әсел тәтем де қызық. Қоймай қойды ғой тіпті. «Сөйлесіп көрші, жаны нәзік жігіт» дей ме-ау, «өзі үндемеуі мүмкін, сөзге тарт» дей ме-ау… Мен қайтіп сөзге тартады екем? Е.Жең. ~ Елпілдеп Әсетті де ән салуға зорлаған жоқ. Өздерінің еркіне жіберді. Қабағы ашық, жүзі жайдары. Мұндай кезде Жабықбай естіген-білгенін сұрағандарға ақтарып салатын. Сол мінезіне қанық Шадай қария әдейі сөзге тартты. Қ.Тол. ~ Міне, сол, каншама сәтті олжа әкелген мешін жылының күзінде Шақанды әлдебір жас жігіт іздеп келді. Іздеп тапты. Батыр аға, асыл аға деп ізетпен сәлем берген, құрметпен сөзге тартқан. М.Мағ.
СӨЗГЕ ТОҚТАДЫ
Айтылған сөзді дұрыс көрді, келісті. ~ Мәмбеттер қытайларға ұсыныс жасады. — Сендер бұл жүкті алмаңдар; бәріміз бір болайық, бұлар жұмыскерлерді жейтұғын буржуйлар… Қытайлар бұл сөзге тоқтай қалысты. Олар тасып жатқан жүктерін тастай беріп, Мәмбеттердің айналасына жиылды. І.Жанс. ~ Бүгін сен — алдырған кісі мені "қара" деп отырсың. Екеуміз де ұғысатын бет жоқ. Құр қажағанмен, ажалға мен жығыла алмаймын, сөзге тоқтар болсаң, беретін байлауым — осы", — деді. М.Әу. ~ Сол сөзге тоқталдым да, үн-түнсіз шығып кеттім. Балжан көрген көп жәбірдің есесін түгел қайтарғандай, былай шыға көңілденейін дедім. Б.Тоғ.~ Өйткені олар ертеден үлгі болып келе жатқан ел ішінің бітім жолдарын көлденең тартып шешен сөзбен айтысады. Сөйтіп келіп келелі орынды сөзге тоқтайды. Дау шешімін табады. С.Бег.~ Бірақ сөзге тоқтайтын Жаңабек жоқ, «ата-бабамның аруағын сыйламадың, әкемнің көзіндей болған Талдыбұлақтың түбіне жеттіңдер!»… — дей берген соң, шал тарс кетті. Б.Тоғ.
СӨЗГЕ ҮЙІР
Әңгіме тыңдауға, сұқбаттасуға бейім. ~ Сосын Елтайларға жып береді. Басқа бөлімдерге қарағанда «әдебиет және өнерде» жұмыс аз. Сөзге үйір келімді-кетімді кісі де көп, ылғи дуылдап жатады. М.Қаб. ~ Бір-бірінің сөзге үйір ауыздарына мәз бола қарасып, Тайлақбайдың сыртынан сөйлегенде «Әкеу, бұған жомарт құдай не ғып таупих берді?» дескен. Ж.Ахм.
СӨЗГЕ ҰЙЫДЫ
Біреудің айтқанына ден қойды, сөзін мақұл көрді, ықыласпен тыңдады. ~ Жиылған көп халайық, Сөзіне ұйып тамсанып… Ж. Жаб. ~ Қазыбектің сүйегі — Орта жүз Арғын ішіндегі Қаракесек (Болатқожа). Қазыбектің өз әкесі — Келдібек, ұлы әкесі, яғни атасы Абыз атанған Шаншар. Бабасы — бұлбұл. Шетінен тілге шешен, сөзге ұйыған, уәжге тоқтаған біліктілер болыпты бұлар. С.См. ~ Обер-лейтенант Әлидің мұнша жұмсақтық жасағанын әркім өзінше түсінді. «Мұсылман баласы болған соң аяған ғой» деген сөзге ұйыды көбісі. Б.Тоғ. ~ Біз — ағайынды екеуміз — атадан қалған сөзге ұйып, анадан дарыған өнерді бойға сіңіріп өскен ұрпақпыз. Егер бойымда бір сәуле, са-намда бір саңылау болса, ол — әкемнің құты, анам-ның сүтімен дарыған қасиет. Е.Мұқ.
