Айтқан пікірлері, сөз саптауы. * Қыс бойы кәмпескеге ұшырап, совет үкіметіне наразы болған бұрынғы байлар, ауылнайлар, кейбір орта шаруалар үсті-үстіне дүмеліп келіп жатты. Сөз іләмдарына қарағанда, бәрінің де қалқозға жаны қас. Б.Алд. * Олардың сөз іләмдарын байқап, аман-саулық сұрасқаннан. кейін Жаманқұл желдей есіп: — Кеше ғана өздерің менің айтқаныыды тыңдамадыңдар. Б.Алд.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СӨЗ ОРАЙЫ
Әңгіме барысы, сөз ыңғайы. * «Бұ да бір Әлмұқан ғой», «ой, мынау Әлмұқанның ісі ғой», «мынау нағыз Әлмұқан боп шықты ғой» деп ылғи сөз орайына қыстырып отырады. Т.Ахт. * – Халің қалай, Кәкібай? – Хал нашар, жолдас лейтенант. Сөз орайына сай «хал жаман емес» деген сияқты бейтарап жауап күткен Ержан ыңғайсызданып қалды. Т.Ахт.
СӨЗ КЕСТЕСІ
Біреудің сөйлеу, жазу ерекшелігі, стилі. * Аударғандағы алған жолымыз — мүмкіндігі болғанша Пушкиннің өз үлгісіне жақындау. Ақынның сөз кестесін, образын, ақындық рухын сақтап аудару. І.Жанс. * Дауысының ырғағын бұзбай түйдектүйдек шабыттана сөйледі. Кешелі-бергі әсердің бәрі көркем өріліп сөз кестесіне түсіп жатыр. Т.Сәу.
СӨЗ ОРАЛЫМЫ
Сөздің қолданыс ерекшелігі. ~ Махамбет поэзиясының ырғағы, мақамы, сөз оралымы, екпіні сезіліп тұрған жоқ па? Г.Бел.
СӨЗ КӨБЕЙДІ
Бос әңгіме, мәнсіз сөз, құр өсек етек алды. *Тегінде құсбегілер, аңшылар өз сөзінен басқаға топастау келеді ғой, Бекболат та осы жолы өзінің топастығын байқайын деді. Қай жерде, қай дүниеде отырғанын өзі де білмеді. Сөз көбейген сайын басы қатып бара жатқан соң, тысқа жөнелді. Ж.Айм. * Енді Америка әдісін қолдану керек деген әңгіме көтеріліп келеді. Бүл әдістің қандай екені туралы сөз көбейтудің керегі жоқ. Үйткені, оған лайықталып жазылған бізде әліп-би жоқ. Ж.Айм. * Салиқа әкесіне аңырайып қарап қапты. Асқар соны байқап: ─ Қазір сөз көбейіп жүр, — деді жастығынан басын көтеріп. Біреуге біреудің айдалада жүріп бәлесі тиіп жатады. Т.Әбд. * Құр дәрілеп атқан мылтықтың сесі сияқты сұраққа тарту деген. Сөз көбейсе пәле-жала көбейеді қабаттасып. Т.Рыс.
СӨЗ ОРАМЫ
Сөз мәнісі, реті, ыңғайы. * Бір жап-жақсы әннің өлеңінде «мен сенің құдіретіңе түсінбедім» — деген жол бар. Сол туралы Әспет бір сөз орамында:» қандай аңғалдық! Түсінсе ол құдірет бола ма? Құдіреттің құдіреттілігі түсініксіздігі мен жұмбақтығында емес пе?.. Неліктен оған таңданып қамығады?» — деп еді. С.Шайм. * Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ салты», «Қазақ қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» т.б. өлеңдерінің … ішкі сазы мен ой-өрнек, сөз орамы қазақ поэзиясына тән өзіндік жаңалық, ерекше өзгеріс әкелді. БАҚ
СӨЗ КӨТЕРЕ АЛМАЙДЫ
Өкпешіл, шырт етпе адам туралы. ~ Өмірге деген өкпесі қара қазандай ұлғайып, шырт етпе намысшыл, сөз көтере алмайтын кекшіл болып алды. Ә.Асқ. ~ Табиғатында мінезі сабырлы, әр нәрсенің қыбын ақылмен тауып, аптықпай пішетін саясатқа жүйрік бай осы тұста сең соққандай қатты алдырып қалды. Сөз көтере алмайтын кісі, қайғыны жеңе алмайтын күйрек боп, күннен-күнге төмендей берді. С.Жүн. ~ Облыстық полиция департаменті «ыдыс жумадың» деп ұрысқан анасының сөзін көтере алмай үйінен безіп кеткен жетінші сынып оқитын қызды қаладағы базар аумағынан тапқан. БАҚ (ЕҚ") СӨЗ КҮРЕСІ Керісу, дауласу, сөз таластыру. ~ Осы арақтың үстінде сөзден-сөз шығып отырып Фазыл мұғалімді біреулер мақтап, біреулер боқтап сөз күресі болды. Шалматай Фазылды жақтап, оны жамандағандардың сөзін өрге бастырмай қызып кеңірдекке түсті. І.Жанс.
СӨЗ ӨРНЕГІ
Ақынның, жазушының, шешеннің сөз қолдану ерекшілігі, көркемдік стилі. * Қазақ тілінің өз қасиетін сақтай отыра кейбір түсініксіз келген жерлерде Пушкиннің сөз өрнегін, өлең жолдарының жатысын да өзіне жақындаттық. І.Жанс. ~ Абай тілінің көркемдік бітімі, «өткірдің жүзі, кестенің бізі» сала алмайтын сөз өрнегін толғауы тоқсан қызыл тілмен салудың құдіретін танытқан ұлы Абайдың сөз қолдану, сөз таңдау, сөз құбылту, сөз үйлестіру, сөз үндестіру тәсілдері мен тәжірибесі талданады. Р.Сызд.
СӨЗ БҰЙДАҒА САЛМАЙ
Мәселені ұзаққа созбай, әр нәрсені сылтау қылып, кейін ысыра бермей уақытында шешіп беру туралы. ~ Партияның не мәселеге де айқын, анық кесіммен келіп, сөз бұйдаға салмай тез, әділ шешетін, бойын жасырмай, биікте бар мінез-құлқымен құлпырып тұратын ескі көз кадрларының орны ерекше бөлек екенін біраз уәлі ауыздан естіп еді. М.Қаб. ~ Әкімнің дене бітімі төртбақ, қимыл- қозғалысы ширақ. Сөзге де шешен. Қолдан келетін мәселені сөз бұйдаға салмай тез шешеді. Қ.Жиен.
СӨЗ ҚАҒЫСТЫ
Салғыласты, сөз жарыстырды. ~ Біз Сақышпен амандасып, бір-екі ауыз сөз қағыстық. Қыздың аузынан «шүкір» дегеннен басқа лебіз шықпады. С.Ом. ~ Ұрсысып, сөз қағыстырып әдет қылмаған басым, Бақтыгерейдің удай ащы сөзін естігенде қайнап кеттім… Б.Тоғ. ~ Менің қадірлі екенімді, сыйлы орынға жатқанымды көргенде жігіттер біріне-бірі жымындай қарасып, сөз қағысып отырды. М.Әбдіх.
