Өмір тауқыметін көп көрген, жетімдікке көндіккен жетім бала. ~ Мен болдым бала күнде тірі жетім, Болғам жоқ еркеленіп ірі жетім. Бала боп ата-аналы, сый көргем жоқ, Қадірсіз, құнсыз, пұлсыз сірі жетім! М.Ж.Көп.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СІЛТІДЕЙ ТЫНДЫ (ТҰНДЫ)
Дыбыс шығармай, үнсіз қалды; мүлги тыныштанды. ~ Қарқаралы үйезін шулатқан, тақауда ғана Сарым Аманбектің ауылын шауып, адамын қырып кеткен Айнабековтен жапсарлас отырған Ақмола үйезінің, қазақтары да сілтідей тұнады. Енді сол аты шулы Айнабеков бандиттың жолмен келіп, басқа елге, басқа дуанға бүлік сала бастады. Ғ.Мұст.~ Маған ілесемін дегендеріңіз қара қойдың қанына қол батырып соңымнан еріңіздер. Ал кетпеймін, қосылмаймын дегендердің өз еркі өзінде, –деп аяқтады сөзін.Сілтідей тынған жұрт аздан соң күбірлесіп кетті. Ж.Шәк. ~Қораның іргесіне терең қазып төрт мықты қада орнатты. Мұндай көрмеген жұрт демін тартып сілтідей тынған. Т.Әсем. ~ Ағатай-ау, осыған бола оп-оңай бүліне қалғаныңыз қалай? – деп орнынан ұшып тұрды. Мұхаң кенет сілтідей тынды. З.Қаб. ~ Жігіттердің көзі қара қасқа атты батырда, сілтідей тынып тұр. З.Шүк. ~ Әлгінде ғана сілтідей тынған жансар табиғат құтырынып шыға келіп, бұлтсыз күн күркірегендей … күй туды. Ғ.Біл. ~ Ініміздің мойнына қарыз мініпті, – деді жайлап қана. «Қарызданып қалыпты» – деген сөзді тағы қайталап айтты. Жұрт сілтідей тұнып отырған. Д.Досж. ~ Қиық қара мұрты жылтырап, жұқа жүзге әлдебір нәзік күлкі тектес рең жүгіріп қалың жұртты сілтідей тұндырған әнші ойнақы, жеңіл әуенді балдай созады. С.Смат.
СІРІ ТАҚЫМ
Ат үстінен түспеген кәнігі ұры. ~ – Мұның не, әй, сірі тақым? Шөп ұрлап жатыр ма екен? – деді үй иесі. Ғ.Мүс. ~ Қараша үйден ұзамаған, қара көжеге өзек жалғаған сірі тақым ұрының жетім қызы алты алаштың аузында жүрсе, одан өткен мәртебе бар ма бұған. Ө.Кәр. ~ Л ә т и п а: Сен болсаң кім қорқады, Кенен ақын, Жасыңнан жарымаған кедей ақын. Мақтанба көрмегендей, білмегендей, Қураған көк шолақпен сірі тақым. "Айтыс" (Кенен-Ләтипа) ~ Қызығатыны бір- ақ зат. Кәдімгі қаламсап. Шәрикіби делінетін жүрдек әптрушканың жаңадан шыға бастаған кезінде Боғашекең атқа қонған. Сірі тақым ұры барымташыдан бір де кем емес. Ө.Кәр.
СІҢБІРУГЕ ДЕ УАҚЫТЫ (МҰРШАСЫ) ЖОҚ (БОЛМАЙ ЖҮР)
Әлдебір жұмыстан басқа ештеңеге уақыты жоқ, қолы тимейді. ~ Ұрлық малдың етіне толған қапты арқалап келе жатқанда қара қатын жолшыбай екі жаққа ұры көзбен жалтақ-жалтақ қарайды. Қап ауыр, мұрнын сіңбіруге де уақыт жоқ. Асығады. М.Әу. ~ — Сіңбіруге уақыт жоқ, Гүлім, — деді, Гүлнармен екеуінің алдындағы қаңылтыр тарелкаға салған күріштің ыстық ботқасын, үлкен темір қасықпен ұртын толтыра асай отырып, — каналды жуырда ашуымыз керек, ол үшін сағасын бекітіп алуымыз керек. С.Мұқ. ~ Өзгелер өз ісін жайғастырсын, олардың уақытын жеп, кесіріңді тигізбе. Олардың да сіңбіруге уақыты жоқ. В.Расп. ~ Бәлкім, басқалай бір қарбалас жұмыстары шығып, сіңбіруге мұршасы болмай жүрген шығар. Еркектің шаруасы деген әйел көңілімен санасып жата ма?! Ж.Сәм. ~ Бірақ Родригестің барлығын былықтыру мен Гвидоның сіңбіруге мұршасы болмай жатқан кезде бос сөзбен жолын бөгеуден басқа қолынан ештеңе келмейтін. Ч.Пав.
СІРІГЕ ЖАМАҒАН БЫЛҒАРЫДАЙ
Жөнсіз, лайықсыз, орашолақ әрекет хақында. ~ Нағыз шынын айтқан уақытта, қазақ тілінде деп бастырылған кітаптардың көбінде қазақтың иісі де жоқ. Неге десең, дені бытпырақ, бытпырақ болмағандарының ағыны теріс. Рухын тексерсек, баяғы айтылған «қатын ойбай». Ал енді, қазақтықты сіріге жамаған былғарыдай қай жеріне апарып жапсырамыз! С.Тор.
СІҢБІРУГЕ ҚОЛЫ ТИМЕДІ
Ештеңеге уақыт таба алмай, жұмысбасты болды. ~ — Атызға келген балықтың бәрін ұстай берсең жер-көкке сияр емес, — деді Сырбай, және оған жүдә уақыт қайда, жұмыстан жүдә сіңбіруге қол тимейді. Бағып отырған негізгі балығын, да, малын, да күріш болған соң, соны жүдә жақсы есіруге тырысасың да. С.Мұқ. ~ Пешті жөндеп, есікті қаптап, терезелердің жақтауларын қиюластырып, үйді қысқа әзірлеудің әлегімен Әбутәліп мұрнынан шаншылып, сіңбіруге қолы тимейді. Ш.Айт. ~ Қатар-қатар дүкен құрып, іс көрігін қыздырып, сіңбіруге қолы тимей, кәсіп қылып жатқандардың өнерін тамашалайды. Ү.Жәл. ~ Кеңкелестеу еді, сіңбіруге қолы тимей жүретін ол да енді… Ж.Аяз.
СІРІҢКЕ ҚАРА
Сырықтай арық, сұр өңді. ~ Бұны ел «қашқын Досбол» немесе «Жапон Досбол» деп атайды. Осында келгесін аспирантураға оқуға түсіп жапондық қызбен үйленген, – деп төмен қарап жымиып отырған сіріңке қараны нұсқады. Ж.Шәк. ~ Есіктен отыздың ар жақ бер жағындағы сіріңке қара кірді имиіп. А.Кеңш.
СІҢБІРУГЕ МҰРШАСЫ (МҰРСАСЫ, МҰРСАТЫ) КЕЛМЕДІ (ЖОҚ)
Әлдебір ауыр жұмысқа салынып, берекесі кетіп,ештеңеге қолы тимеді. ~ Мысалы, өзіңіз күнұзақ бір шалмен төбелессеңіз, тамақ ішуге қолыңыз тиер ме еді. Тамақ түгіл сіңбіруге мұршаңыз келмес еді. О.Әуб. ~ Оны түсінбейтін Сақан ондай ақылсыз жігіт емес. Бәлкім, басқалай бір қарбалас жұмыстары шығып, сіңбіруге мұршысы болмай жүрген шығар. Еркектің шаруасы деген әйел көңілімен санасып жата ма?! Ж.Сәм. ~ … апақ-сапақта аңдыған қатынын, қорыған қызын тарс есінен шығарып, сиырын байлап, қойын қоралап, жылқысын тұсап, отпен жағаласып, ошақпен алысып, сіңбіруге мұршасы келмей кетеді емес пе. Н.Дәу. ~ Егінші, малшылардың көктемгі күй- жайын ұғысып жүр едім. Ертең ауданға жиналысқа барамын. Сіңбіруге мұрсам жоқ қазір, — деді ол аман- сәлемнен соң. Т.Рыс. ~ Қу тіршілікпен кітап оқу түгілі сіңбіруге мұрша жоқ. Н.Дәу. ~ Сіңбіруге мұрсаты жоқ, топылы, топысыз, аузы — басын түк басқан жүдеу жандардың ішінен Лексей Лексеичтен басқа жүзі жылы ешкімді таппаған еді. Қ.Ысқ.
СІРКЕ ЖАУЫН
Ұсақ тамшы түрінде түсетін, майдалап жауған жаңбыр түрі. ~ Шығыстан көтерілген қою қара бұлттар әукекесін жондарға артып, сыздау қабақтап тымырсыған ауаның соңы себезгілеген сірке жауынға айналды. Б.Жұм. ~ Ертеңіне сондай бір сылбыр күн болды. Таң атар-атпастан сірке жауын төпеп берді де, шамалыда басыла қоймады. Көшеде адам аз. Ә.Кек.
СІҢІРІ СОЗЫЛДЫ
Әбден қиналды, запа шекті. ~ Жұтта жылқысы қырылды. Ақырында астында текежәуміті ғана қалды. Жілік майы үзілді, сіңірі созылды. Хош. Д.Досж. ~ Жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдарына жүдеп-жадап, сіңірі созылып зорға іліккен Алтай өңірінің Аханға мақтарлық, Ахан мақтарлық сыйқы да, сымбаты да жоқ. Қ.Ысқ.
