Күн арқан бойы көтерілген кездегі күншығыс жақ. ~ Ойпаңда көк ала құрақты кішкене көлшүмек. Айнала төңірек ылғи белес. Күншығыс сәскелік жақта көгеріп, зеңгір тартып, Көкшетаудың басы көрінеді. С.Сей. ~ Бесін кезі, күн қоңыр бұйралау еді. Жол аузында түстеніп, дамылдап жатырмыз. Қалашылар осы жерде сәскелік жағына қарай, өз елдеріне жүрмек. С.Сей.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
СӘН ТҮЗЕП, САУЫҚ (САЛТАНАТ) ҚҰРДЫ
Әдемі киініп, бойын түзеп, сәнденіп, ойын-тойға, сауық-салтанатқа бой ұрды. ~ Анау Жақып сән түзеп, сауық құрған Құрдасым емес пе еді бір күн туған? Мен туғанда, табылмай қара сабын, Ол туғанда, иіс сабын тәнін жуған. С.Тор. ~ «Ұрын барып, есік аттап, сән түзеп, салтанат құратын менің балам сылқылдаған бай баласы емес қой, жақын арада бір жөнін істейік, Қанипаны ұзатуды тездетсін», — деп, бір туысынан Жәукеге сәлем айтты. С.Ом.
СӘСКЕЛІК ЖЕР
Сәскеге шейін жетуге болатын қашықтық. ~ Арбаның дауысы шыққан соң, Көңілім тұрды ұнатпай. Ішім жаман мұздады. Бөрі көрген ылақтай. Тап Жолекке келгенде, Жан тапсырады ұзатпай. Бұйрық болды Алладан, Сәскелік жерге шыдатпай. Намаздыгер шағында, Дауысы шықты арбаның. А.Байт. ("Төлебай") ~ Шырағым, алыс емес Қаршыға ақын, Болады сәскелік жер аулы жақын. Есітіп дабылыңа сенің қанық, Шақыртып алдырайын көрсең мақұл. "Қыз Жібек". ~ Күн сәскелікке көтеріліп, енді күдер үзе бастағанда, қырдан құмырсқадай қыбырлап, қалың жылқы құлайды. Сонда сәскелік жерден есіткені-ау… З.Шүк. ~ Жалғыз інім Жанғазы совхоздың қойын бағады. Осыдан сәскелік жерде Тасқұдықтың ойпаңында отыр. Ә.Тар.
СӘНГЕ АЙНАЛДЫ
Әлдебір істі, әдетті ерекше сәндікке, салтанатқа балайтын болды. ~ Әрине, бұл заманда балаларының өз әке-шешесін керенаусың деп қорлауы сәнге айналып кетті ғой… Ф.Дос. ~ …жалаң бас, бас киім орнына иманжапырақ пен шырмауықтың балғын жапырақтарынан гүлдесте таққан, — соңғы кезде бұл сәнге айналып, оны әшекейлеуге алуан сипатта құбылта қолданылатын Тир пүліші мен жібек пайдаланылады. М.Серв. ~ Ертең кешке сен сымбатты жұрт алдында сәнге айналған әйелді графиня Теодораны көресің. О.Бальз.
СӘСКЕЛІК КЕЗ (ШАҚ)
Күн арқан бойы жоғары көтеріліп қалған шақ. ~ Поезд Алматыға күндіз сәскелік кезде келді. Күздің аяқ кезі болса да күн жаздыгүнгідей маужырап тұр. Жұрт жеңіл киіммен жүр. Б.Соқ. ~ Екі аттық бос арбаны салдырлатып айдап, міне Тұйыққа келіп отырмын. Бұл сәскелік кез. Көше қаңырап бос. Кәзір көктем егісінің нағыз қарбаласқан қызу кезі. Жұрттың бәрі жұмыс басында. Б.Соқ. ~ Сәскелік шақ. Шілденің аптабы белең алған. Бесқанат қоңыр үйдің кел бетке қараған іргелігі мана түрілген еді. М.Сүн.
СӘНІ (СӘН) КЕТТІ
Мән-мағынасы, сән-салтанаты өшті. ~ Арыстан Алатауда мерт болғанда, Оқжетпесте тұрған қарт тасқа айналды. Содан бері бірталай заман өтті, Алашты улай-улай жаман өтті. Тұлпар ¬ тулақ, ер арып аруақ боп, Сарыарқа сайран жердің сәні кетті. М.Жұм. ~ Әрбір жиырма бес шақырым сайын бекет болған. Бекетті патша қызыл кірпіштен соққан. Енді пойыз шыққалы бері қара жолдан сән кеткен, бекет үйі құлаған. Ш.Мұр. ~ Ондай кезде оған «ағатай, мә, сырғанашы», — деп шанаңды кесекөлденең тосып жалынсаң, пысқырып қарамайтындай көрінетін. Сонан кейін-ақ ойынның сәні кетуші еді. С.Мұр. ~ Ауылдағы ойын баласының жаны Тарағай. Соның қабағы мен қасына қарайды бәрі. Тарағай жоқ ойынның сәні кетіп, қиюы қашады. Берекесі болмайды. Ә.Тар.
СӘТ-САҒАТЫ ЖЕТТІ
Уақыты келді. ~ Ол ерлікті қай күні, қай сағатта жасайтынын солдаттың өзі білмейді. Сәт-сағаты жетіп, жан толқыны тулап, шиыршық атып аспанға шапшығанда солдаттың жұдырықтай жүрегінен ерліктің жалыны бұрқ ете лаулай атылады. Ә.Нұрш.
СӘНІ (СӘН) КІРДІ
Нұрланды, сұлуланды. ~ Жайлаудың сәні кіріп, жер әлем әдемі гүл көрпе жамылғанда, Гүлсәні алты айға аяқ басқанда, Кенжеғара мен Айгүннің үйлену тойын Тазабек Бетбастаудың баурайында, Құсмұрынның шығыс жақ жазығында өткізді. Б.Нұрж. ~ … жалғыз аққу қанатымен су сыза сыңсып кеп қона қалса қандай болар еді? Бұл да дәп сондай салтанат. Қара-қожыр ауыл бір-ақ сәтте сәні кіріп, жайнады да кетті. Т.Сәу. ~ Соғыс басталғаннан бергі үш жылда бас көтерер ер– азамат майданға кетіп, қаңырап қалған жадау қалаға бірте– бірте сән кіре бастаған. С.Ом. ~ Қандай келісімді, қандай бақытты сурет. Ләззат – көктем, жан құлпырған сән кіріп, Тас қуанған тамырында қан жүріп. Бұл дүниенің шын қызығы тек сонда, Сүйе білсең, күйе білсең мәңгілік, − деп ақын әкелері айтқандай бұлардың да махаббаты мәңгілік болса екен! І.Ес.
СӘТІ ТҮСПЕДІ
Орайы болмады, ыңғайы келмеді. ~ Жаман сөзге аузы бармай, үнсіз қалды. Аздан соң амалсыз әңгіме желісін жалғады.— Мектептен соң жұмыс, оқу, тағы жұмыс… Әзір командировканың сәті түспей жүр. М.Қаб. ~ Хан қалың қолды бұл жолы да Айдосқа басқартты. Ақжолтай бидің сапарына үлкен дәмелі еді. Бірақ, Жаңадария бойын күшпен бағындырудың сәті тағы да түспейді… З.Шүк.
СӘНІ БОЛМАЙДЫ (КЕЛМЕЙДІ)
Қадір-қасиеті, мән-мағынасы, сән-салтанаты кемшін тартады. ~ Замандас ақынымыз Кенен Әзірбаевтың «Базар — Назар» атты әнінің өлеңінде «Көштің сәні болмайды, түйесі жоқ» деген жол бар. С.Мұқ. ~ Махмұт, бүгін алтыбақан құрайық деп едік. Сенсіз жиынымыздың сәні болмас. Келіп гармонь тартып бер, — дегенде: — Мақұл, — деп келісімін беріп қойған. О.Бөк. ~ — Ал енді рұқсат болса, мынадан да ептеп ала отырайық, — деп үстелдің астынан көк мойынның біреуін суырып алды. — Қазір мұнсыз дастарқанның сәні келмейтін болды ғой. Қ.Жұм.
