Posted in

ШІЛДЕНІҢ САРША ТАМЫЗ ЫСТЫҒЫ

Жаздың қайнаған ыстық кезеңі; жазғы шілде. ~ Біз барған шақ «шілденің сарша тамыз» аталатын ыстық мезгілі болғанмен, Сасықтың үстінде етек-жеңі мол үлкен күпі, басында тыссыз елтірі тымақ, аяғында байпақты үлкен етік. С.Мұқ. ~ Осындай бірін-бірі аңдыған ұрыс жиырма күнге созылды. Сөйткенше шілденің сарша тамыз ыстығы келді. І.Ес. ~ Талас алқабын жайлаған қырғыздар арасында бір аңыз бар. Шілденің сарша тамыз ыстық кезі. Ш.Айт.

Posted in

ШИКІ ЕТ

Іштегі бала. ? * Алпыстан асып, жетпіске таяса да шыр еткенге зар болып өткен қосқарияны аяғаннан айта ма, әйтеу екі шал туралы жұрттың күңкіл-сүңкілі бітпейді. «Алла Тағала да қызық осы, екі бейбақты зарықтырмай бір шикі ет сыйлай салса несі кетеді? Пәленбайға он бала бергенше осы екеуіне берсеші! Әй, тұрлауы жоқ дүние-ай!» деп бір қоятын. Ы.Дәбей

Posted in

ШІЛДЕНІҢ ШІЛІҢГІРІ

* Ассалаумағалейкум, Есаға! Мына шілденің шіліңгірінде қасқыр тымағыңыз не? Қ.Ысқ. * аспан айналып жерге түскендей шілденің шіліңгір аптабында да мойнынан қамыт, мұрнынан мұрындық бір түспеді. М.Сүн. * Баяғыда деймін- ау, жылқы бағып жүргенде, торсығымыздың сыртын ақ киізбен қаптап, оны суық сумен шылқытып қойсақ, ішіндегі сусынымыз шілденің шіліңгір ыстығында да сап- салқын боп тұрушы еді… Д.Әш. * Бұл ауылдан аттанғанда, ел жайлауға жаңа беттеген шіліңгір шілденің басы еді. Қ.Жұм. * Шіліңгір шілденің беті қайтып, су суый бастағанмен Сыр жұрты әлі үйге кірмеген шақ. Қ.Түм. * Шілденің шіліңгір ыстығында сүйекті сырқырататын тау суының ызғарын өзің білесің, сол мұздай суды кеудесіне дейін кешіп, Жәмеш те аласұрып алға ұмтылады. Д.Әш. шілдесінде шырақ көрмеген — Мен бұрынғы Қарқаралы уезіне қарасты Балқаш болысында, Балқаш көлінің жағасында 1865 жылы туыппын. Әкем Қошқарбай шілдесінде шырақ көрмеген кедей еді. Жасым оннан асқан кезде әкем өліпті. Ендігі бас көтерер шешем жарымжан.

Posted in

ШИКІ КІРПІШ

Күйдірілмеген кірпіш. * Білетіндердің айтуына қарағанда, шикі кірпіш әу баста қой сүтіне аттың қылы мен саз балшықты араластырып соғылған. БАҚ. * Шығыс Қазақстанның халықтық мемориалдық сәулетшілігінде тек шикі кірпіш пайдаланылған, мұның өзі аймаққа тән ерекшелік болып табылады. БАҚ.

Posted in

ШІЛДЕСІНДЕ ШЫРАҚ КӨРМЕГЕНДЕЙ (БОЛДЫ)

* Бұлармен қатар отырған манағы ала тақиялы кісілер шілдесінде шырақ көрмегендей осыншама обығып, маңдайларынан аққан терді сүртуге шамалары жетпей ас ішкен "орынборлық мырзаларға" таңданған жүзбен жадт-жалт қарай бергесін … О.Сәрс. * — Мен бұрынғы Қарқаралы уезіне қарасты Балқаш болысында, Балқаш көлінің жағасында 1865 жылы туыппын. Әкем Қошқарбай шілдесінде шырақ көрмеген кедей еді. Жасым оннан асқан кезде әкем өліпті. Ендігі бас көтерер шешем жарымжан. С.Бег,

Posted in

ШИКІ ӨКПЕ

Сәби, қарадомалақ бала. ~ Тоқалды бай бір шикі өкпе көру үшін алған. І.Жан. ~ Жыласақ, өлмелі кемпір-шал, мына бір шикі өкпелермен омалып қалған, біз жылайық та. Сен неге жылайсың?! Ж.Нәж. ~ Босанып орауда отырғанымда үзілді ол. Шикі өкпесін көре алмай кетті. Жоқтауындай-ақ жоқтадым. Ізтөлеуім әкесінің аузынан түсіп қалғандай, соған алдандым. Ө.Кәр. ~ Абыралы анада: «Бұл кісілер еркек кіндікті бір шикі өкпені өмір бойы армандап келеді» деп еді, бұйырмаған сол баланың бейнесін Елтайдан іздеп тауып, сарғайған сағынышын мұның басына бірден үйіп-төкті ме? М.Қаб. ~ Жыладың не, жыламадың не, ежелде жазу солай болған соң, көнеді екен басқа түскенге. Бір емес екі қайтара тұтылып, шырмалып қала жаздағаны аздай-ақ, сүймеген біреумен қосақталғаны былай тұрыпты, тәңірдің бір шикі өкпеге зар қылып қойғанына не шара?! Ө.Кәр.

Posted in

ШІЛДЕСІНЕ ШЫҚ ЖҰҚПАДЫ

Түкке жарымады. ~ — Есесіне қоңдымыз, — деді мардымсыған мамырлақ. — Шілдесіне шық жұқпаған сендер деймісіңдер?! Жаратушы ие әу бастан біздерге оң көзімен карап, несібемізге таршылық жасамаған. Орақша орып та, шоқып та, шұқып та жейміз. Жатып та, тұрып та жейміз. Сонда да ортаймайды ризығымыз. Қайта молыға түседі. Ішіп жемесек несі қызық дүниенін?! Ө.Кәр.

Posted in

ШИКІ ӨКПЕ, ШИ БОРБАЙ

* – Ой, оның несін сұрайсың, шикі өкпе, ши борбай, сүзбе буаз желөкпе ел баяғы… қанды көген қарғадай улап-шулап жүрген. О.Бөк. * Сонда кім мұның жоқшысы? Жалғыз ұлы ғана, тек сол аман ғана… ал ұлы жас, кәмелетке әлі толмаған, шикі өкпе, ши борбай. О.Бөк.

Posted in

ШІЛДІҢ БОҒЫНДАЙ (БЫТЫРАДЫ, ШАШЫРАДЫ, ШАШЫЛДЫ)

Тоз-тозы шығып, жан сауғалап жан-жаққа тарап кетті. * Мынау заман енді не болар екен? Шілдің боғындай бытырап жүрген қазақтың басы біріксе жарар еді. К.Қаз. * Шілдің боғындай бытыраңқы өмір сүру жарамайды. Т.Әлімқ. * * Жал-жалдың басында шілдің боғындай шашырап отырған қазақтың малы жоғалмас па, басы ауырып, балтыры сыздамас па, ұлы ер жетіп, қызы бой жетпес пе … Ә.Кек. * Көз алдында — әлгінде ғана ақ жайманың әр жер-әр жеріне бүрісе шоңқиған жиде тастары. «Шілдің боғындай шашырап түсті-ау!» Ә.Кек. ~ Самархан кетерінде ғана ат басын бұрып: — Шілдің боғындай шашылмай бір жерде болалық,-деді, қимастықпен айтса да сөзі қатқыл шықты. Қ.Ысқ.

Posted in

ШИКІ САРЫ

* Басқа-басқа, өзінің сыралғы досы десе де боларлық, осы әйел келген кезде де алпамсадай шикі сары, қаны бетіне шығып тұратын қызыл өңді ол өзінің ықтиятты қожайын екенін көрсетіп қалуға тырысады. Ж.Айм.