Жүрісі ыңғайлы, жайлы. ~ Артықша, өзгеше көрінем деп сауырынан су төгілмес сәйгүлікті таңдап мінді. Д.Дос. ~ Бұрын Абай ақынның «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген насихатын тік көтеріп, құп алатын. Кабинада ол ойы нілдей бұзылды. Сауырынан су төгілмес машина айнытты. Әлгі кетікке жай саман кірпіш емес, күйдірілген қызыл кірпіш болып қалансам деп ойлады. М.Қаб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
САУЫРЫНАН СЫПЫРЫЛЫП ТҮСТІ (ҚАЛДЫ)
Ат үстінен құлап түсті, аунап кетті. * Жұманай көсе бір жаққа шықса иемдене беретін жуан сіңір ақжал айғыр екенін танып: «Тағы да қарсыласының бір сілтесінен қалмайтын жұқалтаң неме ат сауырынан сыпырылып түскен- ау, шамасы», деп ойлады. К.Сег. * Бойымдағы айқұлақтанып есірген нәпсі шоршыған байталдың сауырынан сырғып түскен кәрі азбандай сылқ ете түсті. Т.Сәу. * Қадап қойған сыпыртқыдай жиектегі белуарынан қарға қылғынған көктеректерді санамалап жылжыған жанары лезде шолақ көшенің сауырынан сырғып түсіп, ұшы-қиырсыз созылған ақ далаға тірелді. Т.Сәу. * Сауырық жақсы ат мінсе сауырынан сыпырылып қалама екен деп, алғашында қатайып-ақ отырып ем, жаңағы екі араға дәйекші болып келген қу жақ өзіммен құрдас неме еді: «Өй, ит болсаң, үлкен үйдің иті бол» демекші, сені кешегі Есімжанның баласы деп, ардақтап, қолқа салып отырған жоқ па, болыс туысың. Ж.Ахм. * Қырсығы шаш-етектен сол қыңыр қысты мына көктем, алтынкүрек көктем құйрыққа теуіп, ауладан айдап шығып, ақ бас таудың сауырынан сыпырып түсіріп, кішкене қаланың көшелеріне табан тіретпей, әйда, алыс-алыс қырға тырқыратып қуып барады. М.Қаб.
САУЫСҚАНДАЙ САҚ, ЖҰМЫРТҚАДАЙ АҚ
Еті тірі, сезімтал әрі сұлу д.м. ~ Шымылдық түрілген. Басына шәлі бүркенген Кәмшат түрегеп тұр. Өмірзақ домбырасын безілдете, беташарды бастады: — Айт келін-ау, айт келін, Атыңның басын тарт келін, Сауысқаннан сақ келін, Жұмыртқадан ақ келін. Т.Әбд. ~ — Жоқ, — деп, кемпір одан сайын қысып қояды. Ерназардың жаны шығып барады. — Оған разы болмасаң, Сауысқандай сақтығы, Жұмыртқадай ақтығы, Желбіреген желегі Жаңа түсіп келеді. Сегізінен бір дана, Ақылы асқан ол дана Кіші келінім Кенжекей, О да болсын сенікі, Бір әділ жан менікі, Жіберші мені, шешеке! — дейді. "Ер Төстік".
САУЫСҚАННАН (САУЫСҚАНДАЙ) САҚ
Секемшіл, өте сақ. ~ Жендетке қылыш қайрап дайын тұрған. Өлгені ит, есектің түнгі бір шақ, Мұндай шақ көп болады, сөзіме бақ. Құрылған тор-тозақтан құтылмасаң, Қарақтап сауысқаннан болсаң да сақ. БС. "Есекқырған". ~ Жетіншісі: — Сауысқаннан сақ болыңдар! — деп сыңғыр ете қалды. М.Қан. ~ Қырық шақты түп қарағаш, сол қарайлас жиде мүлгіген қыстаудың ашық алаңқай, қылта бұрылыстарын сүзіп, тінтіп шықты — Қарала көрінген жоқ. Сауысқандай сақ Голоножкин ат қораға тыққан шығар деп отыр. А.Сүл. ~ Кірпіктерін қайшылап, қанша қалқалайын десе де, қашанғысындай арасына ине шаншып қойғандай бағжиып, бақырайды да тұрды. Құлағы да сауысқандай сақ қалыпқа көшіпті. С.Үс.
САФ КҮМІСТЕЙ (АЛТЫНДАЙ)
Тап-таза, мөлдір; кіршіксіз. * Жып-жылы түн маужырап, Көтерілген жерден бу. Саф күмістей жарқырап, Тыныш жатқан тұнық су. М.Жұм. * Жарысып саф күмістей ақ көбігің, Мап-майда мөлдіріңде қалқыған көл. М.Жұм. * Сондықтан да мыңдаған жылдар бойы саф алтындай сараланған дұға сөзі тірілердің өліге айтатын ең ақырғы сөздерінің ішіндегі ең соңғы сөзі. Салт солай. Ш.Айт. * Сол қадірлі, қымбат күйінде қалады. Ендеше Меңтай сол саф алтын сияқты. Сен алтынға тиген арам қолсың ғой. Ә.Нұрш.
САХАРАНЫҢ САРЫ ЖЕЛІ
Толассыз соққан қатты жел. ~ Бірақ, өмірімнің рақатынан азабы, қуанышымнан қасіретім мол болды. Қазір ойласам, соның бәрі көрген түс сияқты. Төгіп өткен өткінші ме? Соғып өткен сахараның сары желі ме бұл өмір? Т.Рыск.
САХНАҒА ШЫҚТЫ
Қойылған спектакль не басқа өнер туындысы туралы. ~ Қолына ұстаған домбырасын әнге келтірешертпегенмен, құлақ, күйін тартқан болып Тұрар да құйқылжыта жөнелді. Ел аузындағы аңыз-айтыс дастаны болып келген БіржанСара айтысы тұңғыш сайланып сахнаға шықты. С.Бег. ~ Алайда, үлкен талант иесі сахнадан түспейтін салиқалы туынды бергені бәрімізге мәлім. «Майра» пьесасы сахнаға шыққалы көп жылдар өтсе де, әлі көрермендер құрметіне бөленуде. С.Дәу. Сахна төріне аяқ басты, өнер көрсетті. ~ Бірақ залдағы қалың жұрт қызық көріп, «қатыссын, қатыссын!»деп дүрсе қоя берді. Көпшіліктің тілегі орындалып, Иса тездете басып сахнаға шықты. А.Жақс. ~ Бұл уақыттың ішінде Сәкен туралы талай әңгіме естіді. Соның бірі: Сәкеннің өлеңі, әні, домбырасы. Жастар клубта Сәкеннің жырын жырлап, әнін шырқайды екен. Сәкеннің өзі кейде сахнаға шығады екен. Т.Әл. ~ — …Жұрттың көсемді ішінен тынып күткені, ол сахнаға шыға келгенде бүтін залдың ду қол ұрғаны, көз құйрығы күлімсірей түсіп, «болды» дегендей сұқ қолын шошайта қалып төмен сілтеп, қобалжыған жұртты кілт тоқтата қойғаны ауызбен айтып жеткізерлік зат емес. Х.Ес. ~ Өзгелерде несі бар, сахнаға шыққан сайын Шырынкүлдің жүрегі есебін тауып әйтеуір, бір дір ете түседі. Қ.Жиен. 3. Алдыңғы қатарға шығып, жұрттың назарын өзіне аударды. ~ Мейізгүл солай тайраңдап жүре тұрсын. Әке тепкенде басына қатты зақым тиіп, жарық дүниеге жылай алмай, үнсіз келген ұл бар емес пе еді, енді сахнаға сол шықсын, сол бала. Ә.Тар. ~ Бұл шыңды оралысымен оның тасасында тұрған, осы сияқты теңізге төнген екінші шың сахнаға шығады. Ол шыңның етегінде, теңіз ішінде үлкен жартас тұр. Мұны «Скала парус» деп атайды. М.Им.
САЯ ТАПТЫ
Жаны жайланды, көңілі тынышталды, қуанышқа кенелді. ~ «Сорлы, Әбекем! — деді ол күйзеле күңіреніп, тұзаққа біржола түсіпсің ғой. Аңғал байғұс — ай… Баладан да, басқадан да айрылып, елден безіп, сая тапқан жеріңнің түрін қарашы. Апырым- ай, не деген бақытсыз едің?..» Т.Әбд. ~ Аздан соң Темір таяғын құшақтап мұңайған күйі кеудесін кере бір күрсініп алып, Бөлекбасқа жалт қарады. — Досым, қапалы жаным кішкене сая табар ма екен, сен көзімнің алдынан кете тұршы. Ә.Әб. ~ Алда-жалда барған жерінен сая тауып, аяғына нық тұрса — көкейінен кетпейтін хан тағының тақсіретін тартып, туғандарына деген кегі асқындай түсетін. Ә.Ыб. ~ Сонда жайқалған мынау жасыл белдер құлазымай, қол созым жерде орналасқан аудан еңбеккерлерінің сая табар мекені болар еді-ау. С.Ғабб. ~ Сілтідей тынып қалған тыныш маңы, Сәл ғана сая тауып тыныстады. Н.Айт.
САУЫН БИЕ (СИЫР)
Сүті сауылатын мал. ~ Олардың төңірегіне жақындау жүретіндер қымызшылар мен сауын биелердің үйірлері ғана. К.Сег.~ Ұзыншақ дәліздің қарсы, теріскей беті — үш тошала, әрқайсы өзара жалғас екі бөлшек — жаңа төлге, сауын сыйырға лайықталған ауызғы жағынан соң ет, азық-түлік сақталатын түпкіргі жайы бар. М.Мағ. ~ Жездеміздің әкесі Меканайдың әкешешесіне бір сауын сиырын, өсіріп мал қылу үшін үш-төрт тұяқ ұсақ жандығын да берген дейді. К.Сег.
САЯБЫР ТАПТЫ
Тыншыды; бәсеңдеді, толас тапты. ~ Диванға отырып, аз саябыр тапқан әйел, лезде буынын жинай бастады да, ширай түскен дене дәрменсіздігі енді жан жүйесінің босап жүре беруіне кезек берді. Х.Ес. * Әйтеуір жаңағы бір қара дүлей дауылдың өршімей, саябыр тапқанына, басылғанына шүкірлік етті. М.Сүн. * Жаман би елдің шетін жау етедінің керін келтіріп, бейбақ қазақ қайда барып ұшпаққа шыққалы жүрсің! — деп енді ғана сәл саябыр тауып басылыңқыраған секілденді. Ж.Ахм. ~ Мезгіл өлі қонадан ауған шақта екеуі саябыр тапты. Жабырқау түн бауырының ұйпа-тұйпа барағы жүнін одан сайын қоюлатқандай. Ә.Ыб.
