Posted in

ОН ЕКІ МҮШЕСІ ТҮГЕЛ (АМАН)

Аман-есен, зақым алған немесе дертті жері жоқ д.м. ~ Соқыр жігітке басыңды байлап әуре болмай- ақ қой. Он екі мүшесі түгел, тұрпатына ақылы сай келген теңіңді тап, бақытты бол! С.Ом. ~ Өйткені соғыстан менің он екі мүшем аман болғанымен, мен үшін басқалар жараланды. Ә.Нұрш.

Posted in

ОН ЕКІ МҮШЕ

Адамның бүкіл дене мүшесі, тұла бойы д.м. * Оның қолы адамның ішек- қарнын‚ жалпы он екі мүшесін бипаздап ұстауға бейім болуы керек. Қ.Түм. * Сезініп қана қойғам жоқ, тайгада қауіптің барын тірсегім дірілдеп, он екі мүше, бүкіл денеммен ұқтым. Ә.Асқ.

Posted in

ОН ЕКІ ҚҰРСАУ

~ XVII ғасырдың орта шенінде қазақтардың қолына мылтық тие бастады. Ол — «отты қару» аталатын жеті қазынаның бірі.

Сәнді мылтықтардың дүмі, құндағы, оқпаны зерленіп оюланып, алтындалып, сүйекпен әшекейленген. Аңшылар қолданатын

«шиті» мылтықтардың сирағы болған. Олардың оқпаны дөңгелек не бірнеше қырлы болып жасалған. Соған қарай «алты

қырлы ақ берен», «он екі құрсау жез айыр», «қара мылтық» деген атаулары бар. «Білім-Аl»

Posted in

ОН ЕКІ ҚҰЛАШ

Өте ұзын д.м. ~ Түлкідей көзі жайнайды, Қаруы сыймай қайнайды, Көлденең жатқан көк тасты Сұлым ғой деп шайнайды. Он екі құлаш кезеңнен Атылып Бурыл ойнайды. Қыз Құртқаны көтеріп, Бурыл көкке екі ұшты.

А.Байт. «ҚҚҚ». ~ Тегеуірінді қолдың дүлейлі ашуын күтіп жүргендей. Үзбелі, тоғыз сақиналы қайың найза он екі құлаш қыл арқанын шұбатып белдеуде ілулі тұр. С.См. ~ Осы мығымды сөз ету – тайлаққа емес, атанға жүк. Бұған мақала емес, үлкен зерттеу керек. Қазіргі сөз еткелі отырғанымыз да – білетіндерімнің бірлі-жарымы, он екі құлаш арқанның тұтамдайы ғана. Ахмет Жүнісұлы. ~ Құнаныңда арда емдің, Дөненіңде үйреттім. Он екі құлаш арқанды Жібектен есіп сүйреттім. «Мақпал — Сегіз».

Posted in

ОН ЕКІ ДЕ БІР НҰСҚАСЫ (ҚАЛҒАН) ЖОҚ

Әлі ізі салынбаған, аты бар да заты жоқ. ~ Бұл кезде барлық колхоздың байтағы болады деген жердің бәріне қам кірпіш басып, қоныстандыру сала бастағанбыз. Онымыздың он екі де бір нұсқасы жоқ. Б.Қыд.

Түгі (қалған) жоқ. ~ Бір заманда қамал болған аты, қазір он екіде бір нұсқасы қалған жоқ-ты. Қазған ор көміліп, орнына қалың бұта шыққан. З.Шүк. ~ – Иса, сен қамықпа. Алған бетіңнен таймай, іс шығаратын бол. Бірақ, тағы да айтамын, он екіде бір нұсқаң жоқ, тіреп тұрған сенетін адамың жоқ, қалтаң да қалың емес, сонда «қалайша мектеп саламын» дейсің. А.Жақс.

Posted in

ОН ЕКІ ДЕ БІР ГҮЛІ АШЫЛМАҒАН

Ибалы, нәзік, сүйкімді, қыршын жас. * Осынау он екіде бір гүлі ашылмаған періште жанға еркектің еркінен тыс ессіз үздіккен қарасын көрсетуден ұялды. Н.Дәу. * Марқұмның он екіде бір гүлі ашылмай, арман-жалыны ішінде кетті. О.Сәрс.

  • Адам ұрпағын «тез солсын, он екі де бір гүлі ашылмай сынып, семіп түссін! » деп аңсамайды. С.Смат. * – Кісі дегенің бұл дүниеден түбі бір аттанатын болған соң, он екі де бір гүлі ашылмаған таза қалпымен көз жұмғанға не жетсін. О.Бөк. ~ «Ау, шырағым — ау, қыз алмайсың ба? Он екіде бір гүлің ашылмаған қалпыңмен байдан шыққан әйелде нең бар»,— десе.—«Ғашықпын, оны алмасам, асылып өлем»,— деп арқанға жүгіретін құсайды. Н.Сер. ~ Мектепте оқып жүргеннен-ақ көзімнің құрты түскен. Менде де ұят жоқ, әукем салбырап, он екіде бір гүлі ашылмаған жап-жас қызға сөз салғаным бар. М.Қаб. ~ Он екіде бір гүлі ашылмай келген қыз, тұңғыш рет шын еміреніп жақсы көру дегеннің не екенін Ақаннан біліп еді. С.Жүн. ~ Міне, осы күні кертартпа ақсүйектің еркін кетірген Мамозы он екіде бір гүлі ашылмаған, арманды жасты осы үйдің еріксіз, үнсіз, ойда жоқ «қонағы» етіп қалдырып кетті… Ж.Ахм.

~ Он екіде бір гүлі жаңа ашылған жас жігіт бұған, әрине, намыстанады. Б.Соқ.

Posted in

ОН ЕКІ БАУЛЫ

Он екі рулы. ~ Қыз шыдамай шымылдықтың бір шетін көтеріп, жиылған кісілерге қарап: – «Қаракесектен шығып, он екі баулы арғын сендерді әкем (Бекболат) билеуші еді, әйел де болса, әкемді шешем билеуші еді, әкем шешемнен қорықпаса айтпайтын несі бар? Тоқалдан туды демесе, Тіленші жанның ел ұстамайтын несі бар?» деп шымылдықты қайта жапты дейді (қыз Тіленшімен бірге туысқан екен). А.Байт. Азамат). ~ ~Қырық таңбалы Қырымның, Он таңбалы Ұрымның, Сегіз санды Сейілхан, Он екі баулы Өзбектің, Бұрынғы он сан Ноғайдың, Кетейін десе, жөн таппай, Адыра қалғыр үш қиян, Қол ұстасып жүрген жер. Дулат Баб.