Жүрек суытатын сезік, күмән. ~ Кенет бір мұздай күдік көңілін қарып алды. Ә.Нұрп. ~ Айналайын… Ақ патшам менің! Осылай жүрегің елжіреп тұрғанда, кенет кеуде толы қуанышқа бір мұздай күдік жыланша ирелеңдеп кіріп бара жатты. Ә.Нұрп.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
МҰЗДАЙ КИІНДІ
Тап-тұянақтай боп киініп алды. ~ Бірақ жаяу кетіп едім, түйе мініп келдім, жалаңаш кетіп едім, мұздай киініп келдім, ол кезде бала едім, енді жиырмадағы жігітпін. Ә.Әб. ~ Сені әскерше мұздай киіндіреміз, өзімізбен бірге алып кетеміз, тілмаш боласың, бізді елмен тілдестіресің,- деді командир. С.Ом. ~ Келесі күні Ақбөпе ерте тұрып, мұздай киініп алды. С.Жүн.
МҰЗДАЙ ЖАҢА
Жап-жаңа, су жаңа. * Кеше ойнап жүріп, шалбарымның тізесін жыртып алып едім, соны уайымдап, тұруға ерініп жатырмын. Тақия, бәтеңкең, көйлек-ыштаның мұздай жап-жаңа болса қандай жақсы! Т.Берд.
МҰЗҒА (САЗҒА) ОТЫРҒЫЗЫП КЕТТІ
Алдады, қулығын асырды, жер соқтырып кетті. * Мәселенки, кеше түнде сан қилы айла жасап, Қасен, Семейхан, Ерлан,Мұраттарды тақыр мұзға отырғызып кеттім. М.Қаб. * … енді қараса, әлгі кіп-кішкентай кеше сержанттан көтерілгеншілтікей бастығы үлкен елден қару-жарақты үйіп-төгіп алыпты да, көк тиын төлемей мұзға отырғызып кетіпті. Ә.Нұрп. *«Пәлесінен аулақ!» — деп, сазға отырғызып кеткен оларды бір боқтап, сазға отырып қалған езін бір боқтап, көрші суды жайлайтын қыпшақ құдаларына таман жылжып қонуға мәжбүр болады. Ә.Кек. * Бұл немелердің жалба тымағының асты толған айла-шарғы болса керек. Оп-оңай сазға отырғызып кете берулері мүмкін. Ә.КЕк. ~ Әлгі өздері жылқы сатқан базардағы кеуек бас байталдың саудасы төңірегіндегі қызу-қызу тұжырымдар құлағында қайта жаңғырды. «Е, біз өзбектер
мал тануда, тұлпар шығар құлын-тайларды айыруда қазақтарды тақыр мұзға отырғызып кетті» деп, қан қақсасақ мал табудың
тірі құдайлары мұнда екен. Ұ.Досп.
МҰЗ ШАЙНАП, ҚАР ТҮКІРДІ
Ызғарлы, боранды күннің сипаты. * Жазғырма қыс дейтұғын “кәрі қуды”, Жұтқандай тазармақ боп тағы да уды, Мұз шайнап, қар түкіріп қабарып тұр, Кім айтты оп-оңай деп Арылуды. Е.Рауш.
МҰЗ ҚҰРСАНЫП, ҚАР ЖАМЫЛДЫ
Адам төзбес суыққа, неше қилы қиындықтарға душар болды. ~ Бала-шағаңның көз жасына: атудан, асудан аман қалдың; кескен мерзімін мұз құрсанып, қар жамылып жүріп, толық өтедің. Ауыр азапты жұмыстан, ұрып-соққаннан, ауру-сырқаудан, аштықтан Сібірдің ит тұмсығы өтпейтін орманында жер жастанып, бір қарағайдың түбінде қисайып қалсаң, біз қайтер едік? Ш.Бейс.
МҰЗ ҚҰРСАНДЫ
Қар басып, мұзға оранды. ~ Мұз құрсанған түнде де үні естіледі біреудің, «Жауыз жандар, қылмыстарың бастан асқан білемін, М.Мақ. ~ Жапар iнiсiне түсiн бермей алдыға қараған қалпы мұз құрсанып, сұлқ отыр. Ә.Ыб. ~ Сай-сала, қойнау-қолат көкорай шалғынға бөгіп, етекте көбелектер көлбеңдеп ұшып, шегіртке шырылдап, ара-сона гуілдеп, шілденің шіліңгірі сезілсе, мұз құрсанған тау шыңдарына қарасаң қыс ызғары хабар беретіндей. Т.Мәм.
МҰЗ ҚАРА КӨК
Бүтіндей, түгелдей, біржола. ~ «Көрдім деген көп сөз, көрмедім деген бір сөз»,- деп, білгенін жасырып, мұз қара көк танып кететіндер де болады. — Сынай күлімсіреп тына қалды тергеуші. С.Ом. ~ Бәрі де жоқ: жұп-жұрдай мұз-қара көк. Не болмады бұл жерде, өтпеді не? Тіршіліктің асуы, өткелі де. Басталды ғой мен үшін осы арадан, Басталды ғой өмірдің көктемі де. Қ.Шаңғ.
МҰЗ ЖҮРЕК
Жылуы жоқ, мейірсіз, ештеңеге жұмсармайтын суық жүрек. ~ «Көркем ай қара бұлттан сырғып шығып көк дариясының көгілдір суын шомылды, долы адамның мұз жүрегін ерітетіндей, әйтпесе жанын улаған зарлы шарасына ем ететіндей, ызғарлы нұрын жерге түсірді. Ж.Айм. ~ Жыр құйылды осындай Мұз жүрек, кәр құлаққа, Осындай жыр жосыды- ай! Елжіреп шал тыңдады. І.Жан.~ Мұз жүрек, суық көкірек, кеудең биік, Өмірге тебіренбейсің басынды иіп, — Өмірге жібіместей мұз боп қатқан, — Бар ма әлде көкірегіңде арман, күйік?.. С.Сей. ~ – Бауырым өмір деген сол екен. Сонан ең жақсы көрген адамымнан сол құбылысты көріп жүрегім мәңгілікке мұздады. Енді мұны ешкімде еріте алмайды. Бәлкім, мұз жүрек тас жүрекке айлануы да мүмкін ғой. Ж.Шәк.
МҰЗ ЖАСТАНЫП, ҚАР ЖАМЫЛДЫ (ТӨСЕНДІ )
Асқан қиындықтарды бастан кешуге мәжбүр болды.. ~ – Ағаңыздың апталап мұз жастанып, қар төсеніп кететін аңшылық әдетіне әбден үйрендік қой. К.Сег. ~ Құдай-ау, олар талай қанкештi майданды басынан өткiзiп, тәуелсiздiк үшiн күрескен,халқының тағдырын ойлап, мұз жастанып, қар жамылған қас ба- тырлар емес пе едi?! ~ Нық қадап туралықтың тал қазығын, Ел-ел — деп мұз жастанып, қар жамылдым. Бас пайдасы кірмейтін түсіне де, Ұлымын Амангелді сарбазының. Ж.Сом.
