Не істесе де, қайтсе де. ~ Күйігі өмірі басылмастай күшті. Ол күйікті мұз жалап, қар шайнаса да өшіре алмасын біледі. Қашуға сол себептен бел байлаған. Ү.Жәл.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
МҰЗ ЖАЛАП, ҚАР ШАЙНАСА ДА
Не істесе де, қайтсе де. ~ Күйігі өмірі басылмастай күшті. Ол күйікті мұз жалап, қар шайнаса да өшіре алмасын біледі. Қашуға сол себептен бел байлаған. Ү.Жәл.
МҰЗ БОЛЫП ҚАТЫП ҚАЛДЫ
Кеудеде мәңгі сақталған суық сезім, өшпенділік, кек. ~ Ол кезде қолынан ештеңе келмесе де, көтерілісші-бүлікшілерге деген өшпенділік мәңгі жібіместей, көкірегінде мұз болып қатып қалып еді. Қ.Жұм. ~ Келіншектің жүрегі сыздап, жан түкпірінде әлдене бүлк еткендей болды, мұз болып қатып қалған әлдене жібігендей болды, әлдененің өлік сүлдесі тіріліп кеткендей болды. Ә.Тар.
МҰЗ БАЛАҚ
Қыран бүркіт, ақ иық қыран; сайыпқыран. ~ Бүркіт емес, қырдың қыраны. Қапсағай, жебелі саусақ, жезтырнақ. Қайқы жауырын, қарашегір, қанды көз, орақ тұмсық, делдең танау, балуан балтыр, еңкіш еңсе, мұз балақ, үш түлеген тас түлек. Ж.Айм. ~ Ақ иық мұз балақпын жерге түспес, Кең қолтық арғымақпын алқымы іспес, Басайын аптығыңды, тез шық, Сара, Сен түгіл әкеңдеймен болдым істес. Біржан Сал. ~ Тізіліп сапқа тұрған сірі садақ, Ақ сары алдаспандар жалақ-жалақ. Сықылды Ержан, Науан ерлер де жүр, Мұз балақ, қаңтардағы қырау қабақ. І.Жан. ~ «Ұзақ түн зындан екен — жалғыз жатқан Кім тапқан жалғыздықты, қалай тапқан? Иесіз отау қараң, мен де қараң, Оп-оңай айрылыппын мұз балақтан». Ә.Тәж.
МҮШКІЛ КҮЙ (ХАЛ)
Нашар хал, өлім алдындағы жағдай. ~ Осы мүшкіл күйімде тыныш тұрмай, Жағалбайлы елінен Жайыққа қыз іздеп барған Төлегенді есіме алдым. Ә.Нұрш. ~ Әйелінің мұндай мүшкіл халін көрмес үшін мына қарғыс атқыр көмірдің ондаған вагонын бір өзі-ақ төңкеріп тастар еді ғой. Ш.Айт. ~ Жан ұшырған жас киіктің аянышты мүшкіл халі мен оны осы күйге душар еткен мерген аңшы, жаны сұлу адамның мүсіркеу сезімі оқушының көз алдына келіп, көлденең тұра қалады. Қ.Мырз.
МҮШЕЛ ТОЙ
Белгілі бір жас мөлшерін тойлау дәстүрі. ~ Ал бізді бүгін кешке аудан әкімінің өзі мүшел тойына арнайы шақыртып отыр. Ж.Шағ. ~ Той- томалақ, шілдехана, мүшел тойдың көп уағы ғой. М.Сүн.
МҮШЕЛ ЖАС
Қазақ жыл санауында әрбір он екі жылдан кейінгі жас. ~ Әсем, осы сенің жасың нешеде? — Жиырма жетідемін. — Дәл мүшел жас. Әрбір мүшел жаста жүрек соғысы қалыпты ырғағынан ауысып өзге жылдамдыққа түседі деген рас па осы!? Д.Дос. ~ Өзі ақылды, өзі сөзге жүйрік, оның үстіне тапқыр Шолпан өзінен мүшел жас үлкен, қырықтың үстіне иек артып кеткен, ірі денелі сақа адамды «Отағасы» дегені ірімшікке май қондырғандай келісті шығып еді. Х.Ес.
МҮТТІМГЕ ЖОҚ
Мүлдем жоқ д.м. * Бұл елде жылқы сату деген мүттімге жоқ, сойысқа, сыйға, құдалыққа, өлім-жітімге, тағы басқа шығын-шығасыға арнамаса, сату дегенді естіген емес. Ш.Құм.
МҮРДЕМ ҚАТТЫ
Өліп кетті, мерт болды. ~ ─ Әй! .. Адамның жолдан туған балалары! Өліп, мүрдем қатып қалдыңдар ма? Неге тұрмайсыңдар?— деді сәкінің үстінде серейіп– серейіп ұйықтап жатқан тұтқындарға айқайлап. М.Дәу. ~ Көзді ашып-жұмғанша оңаша бұлақтың басында мүрдем қатқан екі-үш өлік пен ыңыранған екі-үш ауыр жарақатты сұлап жатты. Ә.Кек.
МҮРДЕМ ҚАТ!
Қпрғыс, біреуге өлім тілеу. ~ Уәй, Оразбай, не дауың бар!? Шын жақсы болсаң, саған айтылған сөз емес. Ал жаман болсаң, жаңағы сөзден өзіңді-өзің танысаң — өз обалың өзіңе!.. Мүрдем қат!—деп, Оспан сақылдай күлген-ді. М.Әу.
