Posted in

ПӘЛЕГЕ ҰРЫНДЫ (ТАП БОЛДЫ, ҰШЫРАДЫ)

Әлдебір қырсыққа, жамандыққа тап болды. ~ Дегбірім қашып, жан-жағыма қараймын. Бір пәлеге¬ ұрынбасақ неғылсын. Сәл сезіктенер жағдай туса, Жолдыбайды қалдырып, безіп жөнелуімде дау жоқ. Б.Соқ. ~ Беті қан болған, тізесінен қан аққан, тісі сынған Дубай, Жарқымбай, Құлайғыр да алжа-алжа. Бірақ жырынды, көп шабылған бес-алты барымташы қандай пәлеге ұрынса да, өздері қолға түспей құтылып шығыпты. М.Әу. ~ Еркек дейтіннің ық жағынан жүріп кетсе денесі ысып, буыны босап қоя беретін бір пәлеге тап болып, өзі көрмеген, бірақ түйсінетін төсек тоятына жат та келіп үздікті. Н.Дәу.

ПӘЛЕГЕ ҰШЫРАДЫ

Жамандыққа, кесірлі іске жолықты. ~ Мен дәл мұндай күнімде Қояндыға мал айдасып барғам деді. Өз бетімен осылай еркін жүрсе тез есейеді деді. Әйтеуір өз айтқанын істеді. Өстіп тайраңдап жүргенде Зигфрид шынында да пәлеге ұшырады. М.Мағ. ~ Соңғы кездері ұйқыда жатып коп шатасатын комбат мұны да ұйқыға жорыды. Пәлеге ұшырарда адамның көзі байланады деген рас шығар. Тап солай болып шыққан жоқ па? М.Кәр. ~  Елдің алыпқашты қауесетіне сенсек, басым көпшілігі оны өлдіге санайды да, дейді біреулер Қорғалжын жақта балықшы боп жасырынып жүрген дегенді айтады. Бірақ бір пәлеге ұшырап қалармын деп мұны айтпадым. С.Ом.

Posted in

ПӘЛЕГЕ ҚАЛДЫ

Ойламаған жерден бір қырсыққа ұшырады. ~ Бауыржан. Білемін. Ал сен оның біздің әскерлер Берлинге тақағанда жападан- жалғыз Берлинге ұшып барғанын білесің бе? — «Білемін» десем, тағы бір пәлеге қалармын деп қауіптендім де, «білмеймін» дедім. — Білмесең ол фашистер соғыс бастағаннан кейінгі төрт жыл ішінде Германия астанасына кірген бірінші совет адамы, бірінші қазақ!  Ә.Нұрш. ~ Өзінің табынушыларына әмір етіп үйреніп қалған Ираида Добрушкинді де ұршықтай иіріп бақты. «Хелло, Макс!» дегенде күйеуі тезірек жаyaп бермесе де пәлеге қалатын. Т.Ахт.

Posted in

ПӘЛЕГЕ ДУШАР БОЛДЫ

Әлдебір қырсыққа, жамандыққа ұрынды. ~ Сонда бала көшені кесіп өтіп, Оливерге таяп келді де: — Ей, жігітім, қандай пәлеге душар болдың? — деп сұрады. Ч.Дик. ~ Тың деген дақпырт мені де дедектетіп командировкамен Ақмолаға апарған. Ат құлағы көрінбейтін боранда айдалада қалып, ақыры «гнойный плеврит» деген пәлеге душар болдым да ауруханаға түстім. Қ.Ысқ. ~ Сақ жігіт сүрінбеу жағын ойлап қам жасайды. Бірақ, бір ғажабы, неғұрлым аяғын ақылмен абайлап басқан сайын, о, жасаған, бір пәледен соң бір пәлеге душар боп арандап жатады. Ә.Нұрп.

Posted in

ПӘЛЕ ШЫҒАРДЫ

Әлдебір жамандықты, шатақты, дау-дамайды бастады. ~ Нәпсісін тыйып, бойын тоқтатқан кісінің жаман атанып, нәпсісібилеп, мақтанға еріп, пәле шығарған кісі мықты атанатұғыны несі? Абай. ~ Не үшін десең, халыққа әдет жол болған соң,шаруаға пысық, мал бағуға, мал табуға пысық ол өнерлі кісіге қосылмайды, я өзі пәле шығаруға пысық, я сондайлардың сөзін«естігенім», «білгенім» деп елге жайып жүріп, ырбаңдауға пысық өнерлілерге қосылғандай көрінеді. Абай. ~ Көлікті қайдан таптың? – Қайдан тапсам да таптым. Көлік даяр, – дедім. – Әй, сен оңбағыр тағы бір пәле шығарғалы жүр-геннен саумысың? – Не пәле шығарушы едім. Осы сіз-ақ маған ылғи шүбәланып тұрады екенсіз. Б.Соқ.

Posted in

ПӘЛЕ САЛДЫ

Нақақ қаралап, қиянат жасады. ~ Ауыл адамдары елеңдеп, әскери уәкілге іштей қауіптене қарайды. Ауыл иесі Қойгелді орта дәулетті момын адам болатын. «Әлде-кімдер жала жауып, өсек жүргізіп пәле салды ма?» деп те ойланады. С.Бег. ~ Сөкті, балағаттады деп Нұртай жала жауып жүрер, әлде Нұртайдан пара алып ақтап жіберді деп, біреу болмаса біреу пәле салар деген күдігі бар ма, кім білсін. С.Ом. ~ «Жау жағадан алғанда жанымнан табылмаған, басыма күн туғанда пәле салып, табашым болған Әрін енді басқа емес, көресісін тұп–тура менен көредің  деп қаһарын тіккен екен деуші еді ел. Ж.Сәм.

Posted in

ПӘЛЕ ОЙЛАДЫ

Арамдық ойлады. ~ Әкемнің «Ұшқынға» не пәле дайындауға ойлағанын болжай алмаған мен, онымен керіске келетін тағы пәле ойлағаны түсінікті бола қалды. С.Мұқ. ~ Айтайын, айтайын. Шатырбай ертең кешке бір пәле ойлап жатыр-ау деймін. Қонақтар барда ауылын шаппақшы деген сөзді құлағым шалып қалды. Қарғалыға барар жолға да тосқауыл қойып жатыр деп естідім. К.Қаз. ~ Менімен бірге оқитын балалар кетпей, былайырақ барып, шоғырланып тосып тұр. Бізді тосып, пәле ойлап тұрмаса неғылсын. Б.Соқ.

Posted in

ПӘЛЕ ҚЫЛДЫ

Шатақ шығарды. ~ Команда беруші өзі. Еңсемізді түзу ұстап, аяғымызды дұрыс алып жүрмесек, пәле қылады. Б.Соқ. ~ Кеше ана бір Қайсаров дейтіннің взводын атакаға бастап едім. Артынан өзімді сөгіп пәле қылды. Өзі бір барып тұрған оңбаған екен. Мен оған абырой әперсем… Т.Ахт. ~ Оның да дұрыс екен, – деп иланды Сұлтан. – Сен оқуды тастасаң, маған ілесіп тастады деп, екеуімізді бірден қудалап пәле қылады. Оқи бер. Оқудың түбіне сен-ақ жет. Мүмкін кейін дырдай бастықтың бірі болып- шығарсың. Сонда маған шапағатың тиер. Машинаңды бере тұршы деп, барсам, қалайша бермейсің.Б.Соқ

Posted in

ПӘЛЕ ҚУДЫ

Шатақ іздеді. ~ Ойына не келсе соны істейтін миғұла менен пәле қуған қаракетсіздің әрекеті үшін мөлтеңдеп қыруар уақыт пен жігер орынсыз ысырап болмай ма? К.Жүн. ~ — Өздерің пәле қумасаңдар, біз жанжал іздеп тұрғанымыз жоқ. – Ал пәле қусақ ше? – Онда нағыз майдан болады. Бүгін не бел кетеді, не білек кетеді. Қ.Жұм. ~ «Өсер малдың атан қумас бурасы, ат қумайтын айғыры, өсер елдің пәле қумас батыры, дау жаңғыртпас басшысы болады» деуші еді. Бүгін сеніп ортаңнан ол табылмапты! Ж.Ахм. ~ … додадай боп ісініп кеткен көзімен Қаден жаққа алара қарап:  – Әй, салпаң құлақ тәини, не оттап тұрсың. Пәле қуған мансапқор пысықтығыңа қайта басыпсың ғой, — деді. С.Ғабб.

Posted in

ПӘЛЕ ҚАЙДАН ДЕЙТІН ЕМЕС (ДЕМЕ)

Жамандық айтып келмейді д.м. ~ Уа, құдай, пәле–жалаңнан аман сақтай гөр! Пәле қайдан дейтін емес!.. Байдамталдың тасып кеткені мынау…Қорап–бесікті арқаннан жұлып әкетсе… Сосын іздеп көр… Ш.Айт. ~ Тағдырдың ісі деген қатігез де мейірімсіз, болжаусыз нәрсе. Пәле қайдан дейтін емес… Осыны ойлағанда Сақан қолын бір-ақ сілтейді. Ж.Сәм. ~ Доңыздың етін жеген кәпір оңбас, «Келед деп пәле қайдан?»- айтып болмас. Бұл иттің тақылдаған айғағы жоқ, Жар болса жалғыз тәңірім, боқ та қылмас! Иса Шорм. ~ Жігіттер ойласаңыз іс Құдайдан, Киік боп ес-ақылдың бәрін жойған. Ер Қасен киік болып зар еңірейді, Адамға демеңіздер пәле қайдан. «Нұрғаз.» ~ Бардық. Көрдік. Үріп ауызға салғандай екі қыз екен. Бойымыз қылқан кескендей мына екі пәле қайдан келді дегендей үдірейе қарасты. Қ.Ысқ.

Posted in

ПӘЛЕ ІЗДЕДІ

Жоқ жерден ұрынып, жанжал шығаратын даукес адам туралы. ~ Мұндайда ерегіс отын өршітетін сөз таласы екен ғой. Әпеннің даналығымен біз тырс үндемегеннен кейін пәле іздеп келген Тентек Ахметжанның да сөзі таусылуға айналды. С.Шай. ~ Ақанның жауырын тұсы жіпсіп бара жатқандай. Шаруа шатаққа айналды. Бұл көпе–көрінеу тиісу, пәле іздеу. Адырандауына қарағанда, сол кокаиннен мына бала да сау емес. М.Қаб. ~ Бізде мыналардың, — деп бүллитөндерді иегімен нұсқап өтті, — иә, бұлардың орнына дұрыстап сала қоятын жаңаларымыз жоқ. Іздесек, әрине, табуға болады, бірақ өйткеніміз пәле іздегеннен де жаман болуы мүмкін. Ғ.Қаб.