Posted in

ШАРАСЫНАН АСПАДЫ

Шектен шықпады, әдеп сақтады, өзін-өзі ұстай алды. * Сағат томырық емес-ті — шарасынан аспады да: — Тегінде, осы таласымыз шешілер, Сәке, асықпай тұра тұрайық, — деді. Ғ.Слан.

Posted in

ШАРТ ЖҮГІНІП ОТЫР

Екі аяқты бүгіп, тізерлеп отыруды айтады. ~ Балалар тоңып келді ғой. Бірер рет көтеріп жібер, — деп қарт ыдыс- аяқ әкеп жүрген жігітке қарады. Өзі шарт жүгініп отырды да, шоқша сақалының ұшын тарамдап, ерніне қыстырып қойды. С.Шай. ~ Ең алдымен төбе би жиналған елге істің барысын баяндайды, билікке қағысын отырғандарды таныстырады. Жүгіністің шарты бойынша екі жақ та би алдында шарт жүгініп отырады, екі қолын салалап, тізесінің үстіне қояды. "Қазақ құқығы". ~ Машина орнынан қозғала ауыл адамдары да жетті. Айнамкөзді қолтықтап үйіне кіргізген олар шарт жүгініп отырып, ұлынан айырылып қалғанын естіртті. Айнамкөз меңіреу болып қалғандай көзі төбеге қарап шақшиып отырды да алды. Қ.Мүб. ~ Батекең бір мезетке тоқтай қап, әрқайсымыздың жүзімізден әңгімесінің әсерін іздейді. Өзі кеудесі гуілдеп, шарта жүгініп отыр. Екі мықынын таянып алған — «ф» әрпінен аумайды. Ж.Нәж.

Posted in

ШАРАСЫНАН АСТЫ

1. Асқынып кетті, шамадан артып кетті. * «Адамның реніші тамшыдай жиналып, шарасынан асып төгілетін кез болады. Сол сияқты кісінің бір кездегі біреуге деген ықыласы жіңішкеріп барын, үзіліп кетеді. Т.Ахт. * … осы жасына дейінгі іркіле- іркіле шарасынан асқан өкініш, уайым тамшылары көзден арна тауып, жас болып төгілген екен. О.Бөк. * "Кемдігім, қорлығым ғана тапсын! " деген үнсіз қарғысын ғана арнап келіп еді, бүгін ақыры шарасынан асып төгілді. С.Смат. 2. Шамасын білмеді, шектен шықты; тым дандайсыды; бұлқан-талқан ашуланды. * Болыс. Ендеше, несі бар? Обалы өзіне! Әбден өрісіне жібердік, даңдайсып шарасынан асып алған екен… М.Әу. * Әңгіменің басында шиыршық атып, шарасынан асып төгілген Саурық ашуы тарап еңкілдей күліп, көңілді отыр. Ә.Шәр. М.Әу. * Ол Бөкеншінің шарасынан асып, бұрқ-сарқ етіп жатқан хабарын да есітті. * Сөйтіп, тарихи өмірге шеттің отаршысымен, өзінің бай-манабына ұлтарақ болып келген, тапталып келген халықтың мерейі 1921 жылы бір көтеріліп, шарасынан асып, көңілі тасқан. Тап тартысы тасқындаған. І.Жанс. * Шатақан, әпкел, кісен әкеліңдер мына иттерге! Көгендетермін бәлем! Шарасынан асқан, тәубесінен жаңылған қулар… тәубеңнен жаңылған екенсің! М.Әу.

Posted in

ШАРҒА БОЙЛЫ

Тапал, алас бойлы. ~ Жайнақ дейтін бала Шоқан мен ол бір жылда, бір айда, бір күнде, бір мезгілде, таң сәулесі алаулай қызарған шақта туған. Шоқан ересек жасқа дейін булығып, шарға бойлы болып өскен, ал, Жайнақ жас мөлшерінен өресі биік, бойшаң бала болған. С.Мұқ ~ … Хасен шарға бойлы, көзі шүңірейген, шикіл сары кісі екен. Кешіккеніне қайта- қайта кешірім сұрап, тұрғандарға жағалай қол беріп жатты. Қ.Жұм. ~ Ыбырайдың қасында гармоньшы, жыршы жігіт Зәки мен Рифхат деген скрипкашы бар. Зәки шарға бойлы, қаршығадай ғана шымыр жігіт екен. Қ.Жұм.

Posted in

ШАРҒА ҚАЙРАДЫ

Өткірледі, баптады. ~ Мамай, Болатын шарға қайраған Мамай, Бедеу атын байлаған, Мамай, Шағанның бетін шаң қылып, Төрт түлік малды айдаған Мамай. А.Байт. ~ Қара қошқыл қан жұтып, Қан жұтпаса, шерленген, Болатын шарға қайраған, Бедеу атын байлаған, Шағанның бетін шаң қылып, Төрт түлік малды айдаған. А.Байт. ~ Дұшпаныңа тірелген, Айналайын әкеке-ай, Аумайтын еді табаның. Бір күндерде әке-кем Арғымақ бедеу байлаған, Болатын шарға қайраған, Наурызым, Сыпсың-екеу су. А.Байт. ~ Мың жапырақ — мың қайғысы өзінің Қара шарға қайрап өсер төзімін. Сар далада сарын айтқан теректің Көкірегі — қобыз дерсің, көзі — мұң. Б.Раис.

Posted in

ШАРҒА САЛДЫ

Дауысқа түсірді. ~ Баласы пәленшенің дейді халық, Боп жүр ем болыс қоймақ шарға салып. Өзгесі басымыздан өткен іс қой, Жүрмейді сол арасын есіне алып. С.Тор. ~ Шар саларда елубасылар болыс қоямыз деп, байғұстың ноғайдан вексельмен алған шайын алдап алып, қойындарына салыпты. Шарға түсіп, болыс болмақ түгіл жұртқа күлкі болып, шайынан айырылып, шертиген шенқұмар сорлы салы суға кетіп, үйіне қайтты" . Ж.Айм. ~ Аға сұлтандыққа Кұсбек Таукин екеуі қатар түскен. Шарға салғанда Құсбек басым шығады. Сол кезде жаңағы арыз сайлау құжаттарымен қоса Омбыға жөнелтіледі. Т.Жұрт.

Posted in

ШАРҒА ТҮСТІ

Дауысқа түсті, сайлауға қатысты. ~ Шар саларда елубасылар болыс қоямыз деп, байғұстың ноғайдан вексельмен алған шайын алдап алып, қойындарына салыпты. Шарға түсіп, болыс болмақ түгіл жұртқа күлкі болып, шайынан айырылып, шертиген шенқұмар сорлы салы суға кетіп, үйіне қайтты" . Ж.Айм.

Posted in

ШАРҒА ҰСТАҒАН БАЛТА ЕДІК, ШАБУЫН ТАППАЙ ҚОР БОЛДЫҚ

~ Егер қазірден бастап етегінен тартып, шаужайына жармаса берсек, өз– өзінен мүжіліп, екі жастың біріне келмей шау тартар, өзін– өзі өшіріп шаршап қалар. Содан соң… «Шарға ұстаған балта едік, шабуын таппай қор болдық», – деп, түңіліп кетуі де мүмкін-ау. Бұлар қазір нағыз орда бұзар ор теке жаста ғой». О.Бөк.