Posted in

ӨТІРІККЕ ЖОЛ БЕРМЕДІ

Алдауға, жалған сөйлеуге тосқауыл болды. ~ Мұндай ар-ұжданмен жайбарақат өмір сүру оңай емес, ол өтірікке жол бермейді, өзінің қырағы көздерімен барлап, бақылап, адамға шынын айтқызады, өкіндіреді. Ш.Сағ. ~ Білім саласында өтірікке жол бермеу – күрмеуі қиын екінші мәселе. А.Сал.

Posted in

ӨТІРІККЕ ЖОҚ

Жалған сөйлемейді, біреуді алдауға ұяты жібермейді. ~ Жолдастарына қадірлі, өйткені жолдасына кең етіп ойып берендей, өтірікке жоқ, бір сөзді жігіт, сөйлегенде, даусы дөнен қошқардың маңырағанына ұқсайды. С.Сей. ~ Сиғат мырс етті. Алдай білмейтін, өтірікке жоқ ақ көңіл келіншек шынын айтып, қызарып құтылды да Әбдіжапар бөтелкенің әбігеріне көшті. Қ.Ыс. ~ Балайым оның оралымсыз сөзіне шамданбады. Қайта ризаланды. Өтірікке жоқ ол басынан. Сол әдетінен жаңылмаған. Ө.Кәр.

Posted in

ӨТІРІККЕ ЖАНЫ ҚҰМАР

Өтірік айтып, жалған сөйлеп, біреуді алдап күн көруге құныққан адам туралы. ~ — Сен де желігесің де отырасың, бар, тыңдағың келсе. Өтірікке жаның құмар ғой. С.Жүн.

Posted in

ӨТІРІККЕ ЖАНЫ ҚАС

Жалған сөйлегенді жек көреді. ~ Мен әлі күнге дейін өтірікке жаным қас. Б.Есен. ~ Қажет кезінде тайсалмай турасын айтатын, өсек пен өтірікке жаны қас қайсар қызды айналасы ерекше сыйлайтын. Б.Әбіл.

Posted in

ӨТІРІККЕ АУЗЫ БАРМАДЫ

Жалған сөйлеуге ұяты жібермеді, арланды. ~ Бастапқы кезде өтірікке аузы бармаған Антонина Евгеньевна біртіндеп дағдыланып, аздан кейін «бар» деп айтатын кісіге де, «жоқ» деп қалатын күйге ұшыраған. С.Мұқ.

Posted in

ӨТІРІК СОҚТЫ

Шімірікпестен өтірік айтты, жалған сөйледі. ~ Көз дәрігерінің алдына келгенде жұдырықтай әріптерді көрмеймін деп, көпе-көрнеу өтірік соқты. Ә.Нұрш. ~ — Аға, мен сіздің атыңызға сыртыңыздан қанықпын, менің әке-шешем Қарекентте сондай бір ағаң бар деп аузынан тастамай отырушы еді! — деп, беті шылп етпей өтірік соғып жіберді. Ә.Тар. ~ Сөйлеп тұрып ол да менің түріме қарап – қарап қойды. — Өзіңіз қай ұлтсыз? – деп сұрады соңында. —Мен да перроткамын, — дедім құйдай өтірік соғып. Ж.Сәм.

Posted in

ӨТІРІК АЙТСАМ, АУЗЫМ ҚИСАЙСЫН

Сөзінің шындығын дәлелдеу үшін қарғану түрі. ~ «Меңтайдың өтінішін орындап, қыздар мұнда жоқ екен деп, неге өтірік айта салмадым оларға? Өмірімде бір рет өтірік айтсам, аузым қисайып кетпейтін еді ғой» деп және қиналдым. Ә.Нұрш.

Posted in

ӨТІРІК АЙТСА ЖАНЫ ШЫҚСЫН

Алдаса, қиянаты өзіне келсін, өліп кетсін д.м. ~ Несібелді аузы-мұрны қисаймастан маған айтты. Өтірік айтса, жаны шықсын, – деп түзге барған үш қатын көйлектерін тізесінен асыра түріп қойып, ыстандарын қызартып, беті-қолдарын жуып жатып, біріне-бірі бой бермей, Дəмегөй: Бұйырмасын, мұрнымды кесіп берейін, – дей бергенде: Дəмегөй-ау, құртымдай құрғырыңды кесіп беріп сымбылбайыңмен дем аласың ба? – деп, арт жағынан Қатыш келіп, иықтан бір салды. Ж.Айм. ~ Ол өзінің қазір осы колхозда агроном екенін, енді менімен бірге Мойынқұмды зерттеуге баратынын, өтірік айтса жаны шықсын, оған мен келеді деген соң өзі тіленгенін, бүгін экспедицияға барып та қайтқанын айта бастап еді… Ә.Әб. ~ Айтушылар: «Рәуіш те отағасыға лайықты қиуазын қайтарыпты. Екеуінің Дәуіт кабинетінде сүйісіп жатқанын да көргенбіз» дегенді айтады. Өтірік айтса жаны шықсын. Ондай сөзді теретін адамың біз емес. Ғ.Сл. ~ — Қой, өсек болар? — деді Күнтуар сенбей. — Ләйім, айтқаның келсін! Бірақ маған көрген адамдар солай деді ғой. Өтірік айтса жандары шықсын! І.Ғс.

Posted in

ӨТІРІГІҢЕ БОЛАЙЫН

Біреудің сөзіне күмән келтіру. ~ Қожекең бері бұрылды, аспай-саспай ышқырын көтерді. Ержаннан түк қорқып тұрған жоқ. Ерін ұшымен керенау ғана: – Не? – деді. – Неге піш етесің? – Кім? – Сен? – Өтірігіңе болайын! Қап, мынаның бетсізін-ай! Қалай ұялмайды-ей, ә?М.Қаб. ~ — Құлап қалдым, — дедім дайын жауабымды айтып. — Өтірігіңе болайын! — деді сынып жетекшіміз миығынан күліп. Д.Мам. ~ — Тұтақ! Жаман қатты иландым. Құбашжан теміржол бұзады дейді. Зиянкестік жасады дейді. Өтірігіңе болайын. Соқ, соқ! Шұбар атты мертіктірді дейді. Оу, аттан да бұрын өзі өліп қала жаздамады ма? С.См.

Posted in

ӨТІРІГІҢЕ БЕРЕКЕ БЕРСІН (ДАРЫСЫН, БЕРМЕГІР)

Біреудің сөзіне иланбағанда айтылатын кекесін. ~ «Иә, шіркін, өтірігіңе береке бергір, өзің шығар қыз іздеп қымыңдап келе жатқан!»– деп, күбір еттім. М.Қаб. ~ -Ойбай, апа! — шоршып түсіп артына тығылдым.— Шұңқырда бірдеңе жатыр, ешкінің басы ғой деймін, сақалы бар. —  Өтірігіңе береке берсін,— деп, апам сене қоймады. О.Бөк. ~ ◊ Өтірігіңе береке берсін! Барып тұрған есектің миын жеген екенсің! М. Рысд. ~ Одан әрмен аң-таң қалған Анажар Ақбикештің мына айтқанын тіпті қисынсыз көрді. Қисынсыз көргені сонша: – Ой, өтірігіңе береке берсін, — деп күліп жіберді. Е.Әлім. ~ – Па, шіркін, өтірігіңе береке бергір! Сене қойдым. Түн, мереке, өзен жағасы, жігіт пен қыз…  М.Қаб. ~ Қарағанына да сеніңкіремегендей, әрі-беріден соң саусағымен қыз көйлегінің жағасын ұстап көрді де: — Әй, өтірігіңе береке дарысын сенің, Белбармақов!.. Дәл мынадай қызыл түлкі дүние жүзінде болмас. Талай өтірікшіні көріп те, өтірігін есітіп те едік. Сенікі тіпті өлшемсіз екен, — деді көңілі қалып. Т.Нұрм. ~ — Өтірігіңе береке бемегір-ай! Сарысу бойын жайлаған, құмдауытта ойнаған сулы жердің баласы жүзу білмейді дегенге итім сене ме! Аң атуға ше? — деді Төлеп суға құлаған қалың киік табынына көз жіберіп. Ө.Кәр.