Posted in

ӨРМЕК ЖІП

Өрмекке арналып иірілген түрлі-түсті жіптер. ~Керген төстік керілген, Өрмегің жібі аладан. Б.Майл. ~ Орман шетінде қар басқан төбе тұр. Оған қарай бірнеше телефон сымы өрмек жібіндей созылған. Б.Мом. ~ Ал, жаңа келген қызыл жаулықты келіншек ту сыртын бері беріп, әжесіне таяй бере, етегін қылтасына басып, жүрелей тізе бүгіпті. Алуан түсті өрмек жібіне саусағын салып, қызықтай қадалған қалпы бар. С.Үс. ~ Қасіретім түйілген, Қыл жібіндей өрмектің. Қ.Бекх.

Posted in

ӨРЛЕЙ АСТЫ

Жоғары болды, асып кетті. * Қара жамылған Айғаным, маңындағы төре тұқымының жас қатындары мен бойжеткен қыздарын: таң ата, түс бола, күн бата жинап алады екен де, өзі бастап, күн сайын оларға үш мезгіл жоқтау айтқызады екен, сонда даусы өзгелерден өрлей асып отыратын ғажап әнші екен, «сол дауысты тыңдаған жұрт қатты әсерленіп, еңіреп отырады екен» дейді.  С.Мұқ.

Posted in

ӨРКӨКІРЕК (КӨКІРЕК) КЕУДЕ

Менмен, тәкаппар, мақтаншақ. ~  Қайнысының әңгімесін естіп болғанда Аршагүл күлерін де, күлмесін де білмеген еді.  Тыңдап отырса, ел естімеген тосын жағдай екен.  Өркөкірек кеудені күй тылсымдап, күй тыншытыпты.  Күй тоқтатыпты. С.См. ~ Көкірек кеуде надандар, көңілдің назын білмейтін. А.Лек.

Posted in

ӨРКЕНІҢ ӨССІН!

ӨРКЕНІҢ ӨССІН!Бақытты бол д.м. тілек, бата. ~ − Өркенің өссін, қарағым! — Ол қунақ қозғалып, маған қарай сәл жылжыды. — Дәрігеріңе апармасаң да ризамын. С.Ом. ~ Сен көмектеспегенде, Төлебай екеуіміз тас көшкіннің астында қалар едік. Мың да бір рахмет, айналайын. Өркенің өссін, ғұмыр жасың ұзақ болсын. Б.Ыбыр.

Posted in

ӨРКЕН ЖАЙДЫ

Жан-жақты дамып, өсті, көркейді, құлашын жайды, аясын кеңейтті. ~ Әлі біте қоймаған Мәдениет сарайының қабырғасы көтеріліп қалған. Төңіректің бәрі өркен жайып, қанат қомдап өсіп келеді. С.Бақ. ~ Биіктің жанында төменнің өзі өседі, өркен жаяды, гүлдейді. Т.Әс. ~ Жұмекен Нәжімеденов қазақ өлеңінің өзіндік жаңа шаңырағын көтеріп үлгіріп еді, қазақ поэзиясын кең жайдырып, түтінін түтетіп, үй көтерген әдебиет аулының, нағыз өркен жайған әулетіне айналған. Ш.Сар.

Posted in

ӨРІСІН ТАРЫЛТТЫ

Жерінен айырды, қонысынан аударды. ~Байқаймысың, заман өзгеріп барады. Мына целина келмей жатып өрісімізді тарылта бастады. Тарылтқан емей немене, пәлен жылдан бері колхоз табынында жүрген жылқыларымызды түгел айдап әкеп тастады. С.Жүн. ~ Дала деген жетеді, әне, қалай шапқыласаң да. Алайда өрісіңді тарылтып, қуырып жіберетін — осындай пысықайлар. Б.Ыбыр. ~ Жәңгірдің дархан қағазын ұстаған байлар, сұлтандар, билер мен қожа — молдалар кедейлердің өрісін тарылтты. Ә.Әлім. ~ Қарт сұлтанның өзі Көкшетау дуаны ұйымдаспай жатып-ақ Орынбордың әскери губернаторы Эссенге арыз түсіріп, генерал Капцевичтің Көкше тауларының төңірегінде қала салып, қазақтарды қонысынан тайдырып, өрісін тарылтып, сұлтандар мен Тама рулары келіп қосылды. С.Ақт.

Еркіне жібермеді, аяғын тұсады, құлашынжаздырмады. ~ Совхоз шаруасын сөз қылдық. Жүсекең тым салқын, уһлеуді күшейтіп, әңгіменің өрісін тарылта түседі. Б.Майл. ~ Қапар сергіп салды. Ішті-тысты боп өрісін тарылтып, адымын шектегендерді бір сәт есінен шығарып өзін еркін сезінді. Ө.Кәр. ~  Әлемнің геосаяси кеңістігіндегі державалық елдердің арасалмағы ауысты. Өтпелі кезең ұлттардың рухани өрісін тарылтып, қуаттылардың қуатсыздарға күш көрсетуін өрістетті. БАҚ (ЕҚ»). ~ Былайша айтқанда, елдің анасы, жердің панасы болған ханша мүмкін-қадерінше туған жұртының өрісін тарылтқызбаған, өңірін таптатқызбаған. С.Ақт.

Posted in

ӨРІСІН КЕҢЕЙТТІ (КЕҢ ЖАЙДЫ)

Өсті, дамыды, қанатын жайды. ~ Театр өскен сайын, қанатын жайып, өрісін кеңіткен сайын ән-күй де өседі, өзгереді, түрленеді. І. Жанс. * Көбінің үйрендім, болдым-толдым деген қанағатпен ғана қала беретін түрі бар. Қанат жайдырып, өрісін кеңейтуге құлық жоқ. Қ.Тол. * Бірақ одан анамыз не қысастық көрді, өмір бойы ішкені алдында, ішпегені артында, Құдайға шүкір біздей ұрпақ өсіріп, өрісін кең жайып отыр. С.Жүн.

Posted in

ӨРІСІ ТАРЫЛДЫ

Аяғы тұсалды; жолы кесілді.  * Ал соншабейнеттеніп, неге тұтас бір кітапты толтырып шықты десек, ол да ап-айқын: шпион өрісі тарылғанын, қайда барса құтылмайтынын аңдаған, аңдаған да, өзін ақтайтын, ақтайтын емес, басқа біреу етіп көрсететін деректер инастыра бастаған. Міне, гәп қайда! М.Мағ. * – Жылдан-жылға мынадай өнеріміздің өрісі тарылып, өнегесі өшіп  бара  жатқанын  да сезбейміз. Қ.Тол. ~ Жәнібектің де олардың жағына шыққаны бұның өрісінің біржола тарылайын дегені ғой. Ә.Кек.

Аяқ басар жері, мал жайылымы кеміді. ~ Жер-суданайрылған қазақ-қырғыз кедейленіп, аяқты малдың өрісі тарылып, азайып, егін салып, егінші боп күн көруге жайлы жері, суынан айрылып, әлгі келімсектерге малай боп сіңеді. І.Жанс. * Осыдан кейін куәлік сөзін бітіре келе: «Дау-дамайсыз, бүгін өрісі тарылған, өздері жер емшегін еміп, адал кәсіпке ауысқан Көкен елінің жер дауы сол елдің пайдасына шешілсін», – деп, Абай бір байлау жасады. М.Әуез.

Posted in

ӨРІСІ ТАР, ӨРЕСІ ҚЫСҚА (ТӨМЕН)

Білімі таяз, болашағы жоқ. ~ Зорлық-зомбылық пен қастандықты бірінші орынға қойған өнер мен әдебиеттің өрісі тар, өресі қысқа. С.См. ~ Сөйтсе де бәзбір өрісі тар, өресі төмен бастықтарға ұқсап жұмысының жайын айтып мақтанып, немесе басқаларға қыр көрсетіп қыжыртып та отырмады. Е.Әлім.

ӨРІСІ ТАР

Ақыл-ойы төмен, парасат-танымы шектеулі. ~ Ал жамандықтың қашанда өрісі тар, түбі таяздай, ызғары аяздай. Ә.Ыс. ~ Немесе күнделікті өрісі тар күйкі өміріне әлде бір жат дүниенің маған кел деп шақырған өктем үні келіп жетті ме екен?  Дж.Лонд. ~ Қытай жау санаған Оспанға жаулық, жат пиғыл танытушылардың өзі тар ма, өрісі тар ма!? Ж.Шәк.

Posted in

ӨРІСІ КЕҢЕЙДІ

Жолы ашылды; тынысы кеңейді, еркінсіді. * Жаның шықсын! Нұрбикені сағынып отырған шығарсың! Келмей қалғанына қуанған шығарсың. Ай, бір өрісің кеңіп, арманыңнан шығатын болдың-ау!.. Қ.Ысқ. * Жаз шықты. Балалардың өрісі кеңейді. Демалысы да жылдағыдан тәуір. Баудың үйге тақау, бақшалық, ашық жеріне егілген жеміс-жидектерін қадағалап, алма, алмұрт ағаштарын суарып, көлеңкеде кітап оқып, аунап-қунап жатыр.  М.Мағ. * Мен сол машинаның қызығын жалғыз көреді деймісіз. Апам екеуіңді салып алып қыдыртпаймын ба? Өрісіңіздің кеңігенін танытпаймын ба?» — демесі бар ма?! М.Сүн. * Сонда бір ауылдың ғана мақтанышы саналған көп бұйымдардың елден-елге таралатын өрісі де кеңейер еді-ау…  Қ.Тол.