Posted in

ӨҢІН ЖОҒАЛТТЫ

Жүзі солғын тартты, қоңырқай түске енді. ~ Құдықтың ішіне үңілсең, басың айналады — саңылауы жоқ қара түнек. Еңсеп ыссыдан өңін жоғалтып алған күлгін аспанға қарады; сосын құдықтың ішіне аяғын салбыратып сыз қабырғадан тесіп жасаған теппеге башпайын тіреді. Ә.Кек. ~ Ұясына енген күннің қан қызыл, сарғыш, күреңіткен, алуан түрлі шапағы да ала–құла, олар да біртіндеп кіршең тартып, өңін жоғалтып барады. А.См.

Posted in

ӨҢІН ЖЕЛ ҚАҚТЫ

Жүзі күнге күйіп, күреңітті. ~ Машинадан басында жеңіл қалпағы бар, сұр костюм киген, өңін жел қағып, күн тотықтырған, еңсегей бойлы, басшы түсті. Б.Тоғ. ~ Үстіне келте қара тон, басына түлкі тымақ, аяғына қара пима киген Мұсажан өңін жел қағып, кәдімгі қара тонды қағылез шопанға айналыпты. Б.Тоғ.

Posted in

ӨҢІН БҰЗДЫ

Жақтырмай қарады, хош көрмеді. ~ Күнікейдің ерлігіне апасы өңін бұзғанмен, көмейі бос: өзіне тартқанын, бозбаланың көз салғанын бір есептен теріс те көрмейді. Ж.Айм. ~ Немене? Қабырғаңа кеңестің бе? – деп Керімбай сипақтап қайта кіргенде, Қызылбике өңін бұзып, назданған әйел пішінге түсіп: – Сен де еркекпін, жігітпін, әлеумет қызметкерімін жүрсіңау, а! ? – деп ернін жымырып, басын бір шұлғыды. Ж.Айм. ~ Шеркес Қали қанжарды ұстап қатып, есік алдында кезеніп тұрып: —Жандарыңнан үміттерін болса дереу біреуін қалмай осы үйден шық!—деп өңін бұзып жіберді. І.Жанс.

Posted in

ӨҢІН БЕРМЕДІ

Сұлулығын, көркін сақтап қалды. ~ Елудің жуан ішіне енсе де, өңін бермеген, салмақты, паң, манардай ақ бәйбіше еді. Тез кетуіне ел шетіне қиқу ілінгені де себеп болды ма деймін. М.Мағ. ~ Самайын да әлі қырау шалмағандай. Осындай сүйегі асыл адамдар сыланып-сипанып, күтініп өссе, елуге дейін өңін бермейді. Т.Әл. ~ Алдымыздан шилеуіт өзек кес-кестеді. Шашағы ағарып піскенмен түбіндегі теке сақал көкшулан қияқ аптапқа өңін бермепті. Т.Сәу. ~ Жәмилә жиырма үште күйеуге тиді деген не сұмдық! Отыз, қырық… ойпырым-ай, қырыққа келгенде қандай болар екенмін. Бірақ қырыққа келсе де өңін бермейтін әйелдер бар ғой, соның бірі болсам жарар еді-ау… Қ.Мұх. ~ Мұнда жер бетінің басқа тарабындағыдай қыс,  күз деген ұғым жоқ. Жыл — он екі ай бір-ақ маусым шыбынсыз, қоңыржай жаз. Қашан көрсең де өңін бермей жайқалып тұрған мәңгілік жасыл желек. Т.Сәу.

Posted in

ӨҢІН АША ТҮСТІ (АШТЫ)

Бет-жүзін бұрынғыдан да нұрландырды. ~ Қарашаш алдымен Елтай таңдаған пальтоны киді. Қара түлкі жағасы жылтылдап жараса кетті. Өңін аша түскен. М.Қаб. ~ Үнемі тік түрегеп тұратын қою қара шашы өсіңкірегендіктен екі жағына жарылыңқырап кеткен. Бір топ шаш маңдайына салбырап, өңін аша түскен.Б.Қыд. ~ Сәнді тігілген түкті бөрікше де ұнасып тұр. Бетіне опа жағып, ұп- ұзын қайқы кірпіктерін, ернін бояған сүйріктей қыздың өңін аша түскен. С.Жүн. ~ Қолында қол чемодан. Ақ өңін ашатын ақшыл көк көйлегін қуалап жел соғады. Қыздың құлын мүшесі ап-айқын. Кетіп барады. Қайда бара жатыр? Жігіт оған жауап таба алмады. С.Шай.

Posted in

ӨҢІН АЛДЫ

Түсін жоғалтты, реңі кетті. ~ Былайда шөгендей қара қошқыл түсі желге тотығып, қаракүреңденіп кеткен. Оның үстіне алақандай-алақандай боп үсік шалған шилі беті өңін алып тұр. С.Жүн. ~ Шымшуырымен отты қағыстырып, тезек қалап отырып, ауық – ауық күрсініп қояды.  Шажамайына шытыра салған, жуа – жуа өңін алдырған кимешегінің де түсі оңып кетіпті. С.См.

Posted in

ӨҢІН АЙНАЛДЫРДЫ

Шындықты бұрмалады; әлдебір ойдың, идеяның т.с.с. негізгі мәнін яки сырт сипатын өзгертіп (өз атынан) қайта ұсыну туралы. * Қазанға дейінгі қазақтың бәрі сауатсыз, надан дегеніміз қайда? Шындықтың өңін неге айналдырады Мұхтар Әуезов? З.Қаб. * Пәкістандықтар «Махаббат күні» деп өңін айналдырып алған діни мейрамды тойламайды. БАҚ. ~ Сол оқытушылардың бірі — Мусин. Мусин — Профессор. Профессор — зор лауазым. Бірақ, сол профессордан алған өнегесі мұнда келгенде өңін айналдырып шыға келеді. Міне, Тайман соған қайран қалады. З.Қаб. * Бірақ практика жүзінде сол әңгімелердің барлығы өңін айналдырып шыға келеді. Бұл жерден қазақтың тағы бір кемшілігі шығады. А.Жұмад.  ~ Әкемнің айтуына қарағанда, тілмаш дегенің пара жегіш, дауласкер, екі жақты бірдей сорушы жемқор болған. «Сенің сөзіңді сөйлеймін», — дейді де, ұлыққа әңгіменің өңін айналдырып жеткізе береді.  Б.Мом. ~ Әлем философтарының айтқанын жазғандарына сыналап енгiзiп немесе өңiн айналдырып, өзiнiкi етiп шығарады. Ә.Ыб. ~ Отызыншы жылдардағы коллективизация — социализмнің өңін айналдырып бұрмалау. Орыс шаруасы жерден, қазақ төрт түлік малдан айырылды. М.Қаб.

Posted in

ӨҢІН АЖАРЛАНДЫРДЫ

Жүзіне сән беріп, ойнақшытты. ~ Осы оймен өзінің жай-күйін айта бастады. Кемпірдің әңгімесі шешен ұғымды тілмен ұзақ айтылды. Даусын біресе тиісті жерде қатайтып, өңін ажарландырып, біресе ақырындап келіп, аяғын сыбырлап жеке-жеке айтып, ұғымды қылып, барынша көңіл-іждиһатпен айтты. М.Әу. ~ Классиктер бейнелеуіш сөздерді шығармаларының эмоциялы-экспрессивті өңін ажарландыру үшін қолданады. Ө.Айтб.

Posted in

ӨҢІН (ӨҢ) АЛДЫРМАДЫ

Бет ажарын сақтап қалды. ~ Төребаймен арақ iшiп отырып, әлi өңiн алдырмаған жас келiншекке, оның мүше-мүшесiн көзбенен тексергендей боп, тiнте қарап өткен-дi.  Б.Алд. ~ Терісі жұқарған беттің әжімі көп, қиғаш –  қисық торлапты. Өңін алдырмаған өткір көздері ғана. Иегін еңкейте тесіле қарап, әлденені бағып қапты. С.См. ~ Терісі жұқарған беттің әжімі көп, қиғаш —  қисық торлапты.  Өңін алдырмаған өткір көздері ғана.  С.См.

Posted in

ӨҢІН (ЖҮЗ) ҚҰБЫЛТТЫ

Жүзін құйқылжытып, ойнақшыта берді. ~ Шадыман ақырын жымиды да үндеген жоқ, көз қиығын Батталға тастап еді, ол біресе күлімдеп, біресе түнере қалып өңін жүз құбылтып отыр екен. Ә.Әб. ~ Үнемі тұнжыр қабақ қатал үн, жирылыңқы шырайдан бір арылмаған бұл түсі суық жанның қабағын көріп, көз шарасын кеңейте түскеніне қарап Қаршыға да өңін құбылта қалды. Ол тіпті қуанып кетті. «Қоғабайдың өлгеніне риза екен» деген өз болжалына төр бергендей. Х.Есен.