Жүзіне әр жағып, қылмың қақты. ~ Қатынын да бұл күнде белсенді қып, төменнен өскен қып қоқайтып апты. Ол — бірінші залым, соның бәрін алдап ұстап, күні үшін өңін жылтыратып жүрген сұрқия әйел. М.Әу. ~ Келдi де, ислам секiлдi таза, мейiрiмдi, бейбiт дiндi насихаттаудың орнына исламмен бетiн жылтыратып, қазақты арабтандыруға құлшынды. З.Ахм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӨҢІ ТҮГІЛ ТҮСІНДЕ КӨРМЕГЕН
Таң қаларлықтай ерекше оқиға туралы. ~ Ал мұның ішінде қазақ халқын алсақ, ол соңғы елу жылда бұған дейін өңі түгіл түсінде көрмеген табыстарға ие болды. С.Мұқ. * Бұдан ақылды, бұдан тартымды адамды өңі түгіл, түсінде де көрмеген болар. Е.Мырз. * Сол бетімен тағы екі-үш қымбат бұйымды саудалап көріп, бәрін іске алғысыз етіп, өзі өңі түгіл, түсінде көріп білмеген «Орынбор базарынан» біраз мыслдар келтірді. О.Сәрс.
ӨҢІ ТАЙДЫ (ТОЗДЫ)
Көркі кетті, бет шырайы қурады. ~ Теміреткі орныңдай сары ала өң күш алды, жайлаудың жасыл өңі тайып, жас баланың жаялығындай жалқақ тартты. М.Қаб. ~ … текемет, алашалар кезінде жайнап тұрған жаңа еді, әр нәрсе кезінде, бұлар да бізбен бірге қартайып, жібі босап тозып, өңі тайып қуарып келеді. С.Жүн. ~ Қырыққа таянып қалған әйел, жиырманың ішіндегі келіншектей әдемі сақталған еді, осы бірнеше сағаттың арасында күрт қартайып, өңі тозып кетті … Ә.Тар.
ӨҢІ ТАЙҒАН ЖОҚ (ТАЙМАҒАН)
Көрік-сәні кетпеген, сыны бұзылмаған. ~ Рақилаға көзі түскен жерде– ақ, япырмай, Рақила қалай жұғымды, жасы отыздан асса да, әлі жап– жас, өңі тайған жоқ. Аққұба, маңдайы да жарық, әнтек мұрыны шошағырақ болмаса, өзі де биязы, киімі құба төбел болса да, кірі жоқ, таза, бойына қонымды, не керек, қазақша биялайға лайық бір әйел. Ж.Айм. * … төргі үйлерде сексеуіл бұталарынан буып жасалған екі төсекке мұқият жиналған бірнеше ескі текемет, алаша, кей жері тықырланып, түгі түссе де өңі таймаған қалы кілем, кезінде тәуір матадан қабылган, қазір оңып, сетінеп, әбден тозған екі-үш көрпе ғана бар екен. М.Мағ. * … жалған жасандылығы жоқ, кіршіксіз таза тұлғасымен қызықтыра түскен, өңі таймаған қара торы қазақ келіншек әдеппен сызылып кеп атымды ұстап, қысыла қызарып, аппақ қолын ұсына беретіндей сезіледі. Ж.Сәм.
ӨҢІ СЫНЫҚ
Қабағы түсіңкі; көңілсіз. ~ Сұлу әйелдің мінсіз көрікті дидарын анық көргендей. Ол аппақ білегі жарқ етіп, алыстағы біреуге наздана күледі, бірақ өңі сынық сияқты. А.См. ~ Қамардың бір жері ауыра ма, өңі сынық қой? — деп сұрады. Бұл сұраққа жауап бергілері келмеген Мақсұт қарт та, Салиха шешей де ананы-мынаны сөз етіп, жалтара берді. С.Мұр. ~ Бүгін де өңің сынық қой, қарағым-ай, жұмысқа бармай-ақ қойсаң нетті! — деп Ұлжан бұған мүсіркей қарады. Ә.Тар. ~ Басында кестелі шашақты сәнді ақ жаулық. Күн қақты қара торы өңі сынық. С.Ел. ~ — Не, жаным, бiр жерiң ауырып жатыр ма? — дедi әйелi өңі сынық күйі, ерiнiң аңысын аңдып. Ә.Ыб.
ӨҢІ СЫНБАДЫ
Жасымады, ұнжырғасын түсірмеді. * Ит салпақ өміроны да тоздырып біткен. Соның сорлы тағдыры Айдынбайға аса ауыр тиседе, оған жасымаушы еді. Еңсесін өзінің өр кеудесімен көтеріп, өңі сынбайтын. Т.Рыск.Әрі, бояуы кетпеген. ~ Ұзына бойына тартылғантүрлі жіптердің бояуы әлі оңып, өңі сына қоймапты. С.Үс.
ӨҢІ СҰСТЫ
Бет-әлпетінен зіл сезіледі. ~ Өңі сұсты, көзі отты батыр есіктен енген жерден бөкенің қасында отырған әйеліне сұқтана қарап мелшиіп қалыпты. Б.Жұм. ~ Керімбайдың өңі сұсты, қабағы қатулы көрінді. Қ.Жұм. ~ …самбреро» шіләпісін көз алдына мемілдете киген Қарасай тірі жанды елемеді. Өңі сұсты. Қ.Жиен. ~ Өзін қоршап, ұсыныс беріп тұрғандардың бәрінің өңі сұсты сезілді. Ж.Сәм.
ӨҢІ СОЛҒЫН (ТАРТТЫ)
Жүзінің әрі кетті. ~ Кірген бетте әкесінің қасына келді.Шалдың өңі солғын, бет терісі босап қалыпты. Қ.Түм. ~ Күлімсірей қарайды… менің өзім. Жүзіне күлкі үйіргенімен өңі солғын, жүдеу. Д.Қуат. ~ Ол кісі студент кезімде сабақ бергендіктен жақсы танитын едім. Өңі солғын, түрі тұнжырап кеткен, біртүрлі көңілсіз көрінді. Қ.Шам. ~ Қашан көрсе де ақжарқын мінез танытып, жүзінен жылылық ескен шофер жігіттің өңі солғын тартып қалған екен. К.Жүн.
ӨҢІ САЛҚЫН
Көңілі жоқ, жүзі суық. — Иә, жай жүрсіңдер ме? — деп сұрады Сақыш, оңаша шыққан соң. Көзі күлімдемейді. Өңі салқын. С.Шай. ~ Келесі сахнада Ләззат жалғыз. Оған қарсы Нияз келе жатады. Қолтығында сілеусін көзді ақсұр қыз. Өңі салқын, төңірекке тыжырыла қарайтын, тәкаппарлау. Т.Ах.
ӨҢІ ӨРТ (ОТ) СӨНДІРГЕНДЕЙ (БОЛДЫ)
Екі беті оттай қызарып, қатты үрейленген , зәресі ұшқан адамның кейпі. ~ Шаш будыраған, камзолының түймелері үзілген, көйлек жыртылған, өңі өрт сөндіргендей Күнікей күркесіне келе етпетісінен түсіп, ышқынып, солқылдап жыламасын ба? Ж.Айм. ~ Мен сол әнді орындаған сайын жүзі түтігіп, өңі өрт сөндіргендей қарауытып кететін. Ү.Жәлеке. ~ Сұржекей үндемеді. «Отыра беріңдер!» дегендей ишара етті қол ұшымен. Бақабас отырды. Шеге де отырды. Сұржекейдің өңі өрт сөндіргендей, сұрланып қанын ішіне тартып алған. С.Ел. ~ Сабаққа бармай түс ауғанша тапжылмай жатып алған. Қыздар келгенде есі шықты. Бәрінің өңі от сөндіргендей. Н.Дәут. ~ Осы сөзді айтқанда молданың күрең жүзітүтігіп, өңі өрт сөндіргендей болып кетті. П.Дүйс.
