Posted in

ӨҢІ ҚУҚЫЛ (ҚУАҢ) ТАРТТЫ

Бет әлпеті өзгеріп салды; үрейден не басқа сезімнен түсі бұзылды. ~ Тұршабай төсектен көзінің алды күлтеленіп, беті ісіңкіреп тұрды. Байқаса, жан сүйері Шәрбан да солай екен. Жақ еті суалып, өңі қуқыл тартқан. С.Шәйм. ~ Естемес тағы да үндемей қалды: көзі өткір жылтырап, өңі қуқыл тартып алысқа қарайды. Т.Ах. ~ Сүйінғараның  атын естігенде Әліптің реңі қуқыл тартып кетті.  М.Әбд.  ~ Ашуланғанда, пышақтың қырындай сылыңғыр қара жігіт Шегенің сұсы тым ызғарлы еді. Бақабас тергеуші ығысып қалды. Өңі қуқыл тартты. Шегеге де керегі сол еді. С.Ел. ~ Дәулет өзінен-өзі қысылып, көзінің алды күлбіреп, өңі қуаң тартыпты. Ә.Кек.

Posted in

ӨҢІ ҚУАРДЫ

~ Күн бата Мирас далаға шықты. Өңі қуарып, әлсіреген. Соны өзі сезеді. Сол халі өзіне ұнайды. Ә.Тар. ~ Гүлнаштың өңі қуарып, көкірегі болмашы сырылдап, демін ентіге, зорыға алады. Т.Әл.

Posted in

ӨҢІ ҚУ ШҮБЕРЕКТЕЙ

Жүзі солғын тартып, тозған, құп-қу болған. ~ Аз күн ішінде сақал-шашы ағарып, өңі қу шүберектей болып кетіпті.  Б.Тоғ. ~ Түнгі қонақ әлжуаз, аурушаң адам секілді эсер қалдыратын жас жігіт екен. Кішкене қара мұрты өңінің қу шүберектей қуқылдығын айқындай түсіп түр. А.К.-Дойл.

ӨҢІ ШҮБЕРЕКТЕЙ ҚУАРДЫ ( ҚҰП-ҚУ, БОЗАРДЫ)

Қорыққаннан бет-әлпеті құп-қу болды. ~ Не істедің сен? – деді Қайырболды айқайлап, – Неге осынша қатты келдің? – Кешіріңіз, аға, – деді өңі шүберектей қуарған шопыр, – Мына жерден атып шығатынын кім білген. Т.Әсем. ~  Артыма жалт қарасам қайыңды тасаланып Прошка келіп тұр екен, үстіңгі ерні дүрдиіп, ұртын тістеп алған, өңі шүберектей құп-қу. Т.Ахт. ~ Босағада шешесі күмпілдетіп саба пісіп тұрған. Болған сұмдықты ол да балалардың айқайынан естіп, піспегі қолында, өңі шүберектей бозарып тұр екен. С.Ел.

Posted in

ӨҢІ ҚАШТЫ

Қорыққаннан не қобалжудан түсі бұзылды; үрейіұшты. ~ Анда-санда қыстыға жөтеледі. Түрі өзгеріп кетіпті. Өңі қашып, бозара түскен. М.Мағ. ~ Әсіресе, бағанадан үркіп, қатты өңі қашып, қабағын түйіп, жүдеп отырған Құралдың даусы жанын өртеп жібергендей болды. М.Әу. ~ –  Бейуақытта не ғып жүрсің, шырағым? Бір нәрседен қорықтың ба? Өңің қашып кетіпті ғой. Не болды? – деді.  Ә.Шәр. ~ Сонау Мәскеуден, одан Орынбордан шыққан хабар ел құлағы елумен бізге жеткенше көнеріп, өңі қашады немесе түрлене құбылып, өзгеше болып жетеді. К.Сегізб. ~ — Ботам-ай, өңің қашып кетіпті ғой, ауырып қалғаннан саумысың. Қай жерің ауырады, басың ба?- деп алақанын кең маңдайына басты.  С.Жүн.

Солғын тартты, бұзылды. ~ Шала жабылғанергеншек сәл көтеріліп қалыпты да, киіз есіктің бір шеті болар- болмас ашық тұр. Таң жарығы тайталасып, жартыланып қалған бозамық айдың өңі қашқан. Т.Рыск. ~ Злиха бүгін көңілсіз. Көңілсіз болғанда жайшылытағыдай емес, бүгін өзгеше өңі қашып, жақ жүні үрпиіп берекесі кетіп отыр. Не істейтінін, не істеп отырғанын езі де білмейтін секілді.  Б.Май. ~ Былтыр ұлттық киім киген екі қыздың архитектуралық мүсіні боялған. Алайда жауын шашын, күн мен желдің әсерінен мүсіннің өңі қашқан. БАҚ.

Posted in

ӨҢІ КІРДІ (ЕНДІ)

Жүзі әрленді, бетіне қан жүгірді. ~ Бұқпан жеңсіз камзолды иығына жамылып, төсектің үстінде отырды. Оның енді өңі кірді, беті ашылды.  М.Дәу. ~ Сонда Момыш 1/2 деп жазып, жарты дегеннің осы екенін түсіндіріп беріпті, қанша күн басы қатып, қамалып отырғандар өңі кіріп, кайта тіріліп, қуанып, құнжындасып, әкеме тәнті болып қалса керек. Б.Мом. ~ Хан өңі енді кірген құндыз мұртын бір сипап қойды.Ә.Кек. ~ Баламның өз ұяты өзін жеңіп, Түзелген, басқа ой жоқ өңі еніп, Әжібай Күлтай жақтан қауіп қылмай, Келмес деп Әнуарға да қойды сеніп. С.Тор.

Posted in

ӨҢІ КЕТТІ

Бетінің әрі тайды, көркінен айрылды. ~ Он төртте еді, төрт жылдай заман өтті, Бай баласы буланып, өсіп жетті. Үйінен жасқа толып келген қыздар, Тұрмыс басты, күн сайын өңі кетті.  С.Тор. ~ Шешесі еңіреп тұр, шыға келсе, Қояр ма еңіремей мұң-зар жеңсе, Аз күнде өңі кетіп, жүдеп қалған, Еңкейіп белі имиіп, түсіп еңсе.  С.Мұқ. ~ Кішірек бала өңі кетіп, бозарған қолын менің, иығыма салып:  — Қасиын ба? —деді.  Ғ.Мүс.

Posted in

ӨҢІ ЖЫЛЫ

Жүзінен мейірлі адам екені танылады. ~ Өңдерің жылы, сөздерің пысық жігіт екенсіңдер. Бұл ел көзі ашық, көкірегі ояу қонаққа кенде. К.Сег. ~ Әйел шарбақтың есігін ашты, қанша дегенмен күйеуі емес пе, қалбалақтап–ақ жатыр. Көшеге шығып қарсы алып, атты айдасты, шу–шу деп, қолын ербеңдете береді, бағанағыдай емес, өңі жылы. А.См. ~ Нағашы, осы әділетсіздіктің жойылар күні бар ма? Леонид Ильич біле ме? Әлде ол кісіге маңайындағылар сездірмей ме екен? Өңі жылы, иі жұмсақ.  Білсе, жояр еді теңсіздікті. С.См.

Posted in

ӨҢІ ЖАДАУ ТАРТТЫ

Жүдеді, бет-жүзі солыңқы тартты. ~ Үй ішінде аяқ-табақ та салдырамай, құрбы қыздары да қатынай алмай, не сырттан, не іштен жылы қабақ көрмеген Ақтоқты аз күнде сары ауруға шалдыққандай көзі кіртиіп, өңі жадау тартты. С.Жүн. ~ Сол жарықтан бір тізерлеп, бір қолымен жағын таянып, қыбыр-қимылсыз мұңайып отырып қалған Қалиманның бейнесінен ауыр бір ойдың көлеңкесі көрінгендей еді. Қабағы түйіліп, өңі жадау тартқан жас келіншектің мына кейпінде бұрынғы сұлулық жоқ. Ж.Сәм.

Posted in

ӨҢІ ЕКЕНІН, ТҮСІ ЕКЕНІН БІЛМЕДІ (АЙЫРМАДЫ)

Не болып жатқанын ұға алмай, ұйқы буғандай, мең-зең қалыпта болды. ~ Қос шеңгелмен төсіндегі мамық көрпені мытып ұстап апты. Жөнейіт қапелімде, бұның өңі екенін, түсі екенін біле алмады; әрі-бері солай жатты да ішінен қалимасын қайырды. Ә.Кек. ~ Шаршағаны ма, ұйқы ма, мең-зең әйтеуір. Денесі айнала түгел ине шаншып қойғандай тыз-тыз етеді. Шеке тамырларының соғысы ат шапқандай естіледі. Қазір тарс етіп жарылып кететіндей. Басын мәңгіртіп әкетіп барады. Өңі екенін, түсі екенін білмейді. К.Қаз. ~ Оны оятып жіберген де осы дүрсіл-дүбір еді. Өңі екенін де, түсі екенін де әбден айыра алған жоқ, сонда да есікке қарай жүгірді. Х.Ес.

Posted in

ӨҢІ БҰЗЫЛДЫ

Үрейден бет әлпеті өзгерді; құп-қу болды.  ~ Жұрт шу ете түскенге жүгіріп барсам, етпетінен сұлап жатырекен! – деді Өмірзақ еске алудан түршіккендей өңі бұзылып, бетін тыржитты. – Миы шашылып қалыпты. Т.Сәу. * Молда артына әйелдері жаққа жалт қарап, есікке қарай иегін бір-ақ қақты. Байқасам, өңі бұзылып кеткен екен, екі әйел бірдемелерін жиыстырып алып, қарсы үйге шығып кетті. Қ.Шаб.