Қасырет көрді, уайым-қайғыдан көз ашпады. ~ Әңгіменің басындағы тезекке кеткен Ұрындық, тамаққа жарымай, ұрлық қылып таяқ жеп отырған Құрмаш, үй артындағы қарны аш Нұрмаш қорлықта жас өмірі өксіп отыр. Олардың көз жасы кімге? Оқушы өзі шешсін. Ж.Айм. ~ Жұдырықпен бір қойғаны үшін сотталады да кетеді, ол бір ұдырықпен кек те қайтпайды, өз өмірі өксиді, қор болады. С.Мұр. ~ Ұшқан құс құтыла алмайтын құм арасындағы Тарым түрмесінде жиырма жыл өмірі өксіп келген атамыз (әкемнің әкесі) бұғаудан босап келген жылы мен туылыппын… Ы.Дәб. ~ «Жас басымнан жалшылықта жүріп тесік өкпе боп өстім, қырыққа келгенше кісі есігінде өмірім өксіді, содан құдайға құлшылық қылуға да қолым тимеді», — деп имандай сырын айтқаны да бар. С.Ом.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӨМІРІ КІСІ ЕСІГІНДЕ ӨТТІ
Бүкіл өмірі біреуге жалшылық етумен, біреудің қолына қараумен өтті. ~ Жұмабектің әкесіз өскен, балауса өмірінің кісі есігінде өтіп келе жатқанын жақсы білетін Мұқаметқали ойлана қарап… С.Бег. ~ Жетімдіктің тақсіретін көп тарттым. Туған әкем Томай өмір бойы кісі есігінде өтті. С.Ом. ~ — Бекберген деген отағасымыз болған. Осы ауылдікі. Аталаспыз, жақын ағаларымыз еді. Кедей еді. Бірақ пысық еді. Көрмегені жоқ. Кісі есігінде өмірі өткен. Б.Май.
ӨМІРЕМ ҚАПТЫ
Өлді, ажалын тапты, мүрдем кетті. * Сол құлағы жылан шағып алғандай дыз ете қалған Қанат төсектен атып тұрды. ~ — Өмірем қапқан екен десем, шыбының кеудеңде екенғой?! Н.Сер. * – Жеткіз! Еркексің ғой… — деп Айдақгүл айбұқалығына басып өкшесін еденге қадады. – Өмірем қапсаң да жетпейді! — деп Жайынбай да зірк ете қалды. Е.Абд. * Бұған Бердібек шыдай алмай Жыланкөздің алдына барады. Ол жақауратып жатпады, белден бір-ақ басты. «Бураны не кісендеп ұстайсың, не мен оны өмірем қаптырам». Н.Дәу. ~ — Өмірем қапқан екен десем, шыбының кеудеңде екен ғой (Н. Сералиев, Ыстық күлше). «Өлмесе өмірем қапсын! Д. Ис. * Сөйте алмаса, сөйту ешкімнің қаперіне кірмесе, осыдан барып әркім өзімен өзі болуға айналып, өзін туған өз жұртын өзекке теуіп өмірем қатыра берсе өмір шіркінде не құн, не абырой қалады. Н.Дәут.
ӨМІРДІҢ ҚЫЗЫҒЫН АЛДЫ
Тіршілік рахатын көрді. ~ — Мен не таптым? Түйе бойламас ұймаға түскен адамдаймын. Өмірдің бар қызығын алам деп бұлқынып, жанұшырып едім, батып кеттім. Айырылғаным ба? — дейді Әділхан басы салбырай күбірлеп. М.Сүн.
ӨМІРДІҢ ҚАЙНАҒАН ОРТАСЫ
Тірліктің қалың ортасы. ~ Өйткені материалы шикі, өмірдің қайнаған ортасынан алынбаған, авторы өз кейіпкерлерін, сірә, көз алдына анық елестете де алмайтын шығар! Б.Тоғ. ~ Өйткені оның арқасында, оның тамаша кемесінің арқасында мен өзімнің білімімді күн сайын толықтырып, теңіз астындағы тіршілік туралы кітабымды, сол өмірдің қайнаған ортасында отырып, қайта жазып шықтым. Ж.Верн.
ӨМІРДІҢ КӨЛЕҢКЕЛІ ЖАҚТАРЫ
Өмірдің қайғы-қиындығы мол, жағымсыз тұстары. * Бас редактор нәумез. Соңғы кезде редакция атына әр тараптан: «Газет азусыз… Кіл сыпыра мақтау. Өмірдің көлеңкелі жақтары неге ұмытылады?» — деген ескерту, аңғарған адамға зілді сөздер айтылған. М.Қаб.
ӨМІРДІҢ КӨБІ КЕТІП, АЗЫ ҚАЛДЫ
Жасы біразға келіп қалған, жер ортасынан ауған адам туралы. * Сырықтай болған бойыма, алға ұмсынған кеудеме, дөп-дөңгелек бөксеме, қысқасы, өзіме-өзім риза боп өмір сүріп, төртінші ондықтың есігін қағып, өмірдің көбі кетіп, азы қалғанын білмей де қаппын ғой. Қ.Түм. * Есейген күйдің күйігі басқашалау болғанын ұқты. Өмірдің көбі кетіп, азы қалды, — дейді санасы. Р.Мұқ.
ӨМІРДІҢ АЩЫ-ТҰЩЫСЫН ТАТТЫ (КӨРДІ)
Басынан өтпегені жоқ, бәрін көрді; көп жасады. * — Иван ағай мен Қартбайлар өмірдің ащы-тұщысын татқан адамдар. Солардан үйренуіміз керек. Т.Ахт. * Не дегенмен Субанқұл екеуміз біраз жыл өмір сүріп, өмірдің ащы-тұщысын татып, балалы-шағалы болдық, тілегімізге жеттік. Ш.Айт. ~ Он екі жас үлкен,үйленген, бала-шағасы бар, өмірдің ащы-тұщысын талай татқан! Д.Ис. ~ Оның менен он екі жас үлкен екенін,өмірдің ащы-тұщысын көп көргенін неге айттым? Ол менің сөзімсіз-ақ мұны көп ойлайтын шығар! Д.Ис.
ӨМІРДІҢ АЩЫ-ТҰЩЫСЫ
Өмірдің қуанышы мен қиындығы, қызығы мен қайғысы; басқа түскен тағдыр. ~ Бәрі де танымал, бәрі де өткен күндердің ащы-тұщысын есіне түсіріп, ойын әлде қайда сүйреп әкетті. Ауылы да, үйі де, әжесі де есінен шығып кетті. Ж.Айм. * Балалықтың дәмін шала сезген Қарлығаш ерте есейіп, өмірдің ащы тұщысына еті үйреніп алды. А.Әлт-а.
ӨМІРДЕН ТҮҢІЛДІ
Үмітін үзді, өмірден безінді, баз кешті. ~ Зарлы үн естігеннің ойын шарлап. Тұңғиық, мәні терең ұқсаң барлап, Өмірден түңілгенін ашып айтты, Малқұмар топастардың ісін қарғап… С.Тор. *Ал, аяқ-қолы балғадай кейбір адамдардың осылардай еңбеккер, күрескер болудың орнына қалада жарық, ауылда көмір болмай қалса да өмірден түңіліп, туған-туысқандарына салмақ салып, көрінгенге алақан жайып карап отырғанына қынжыласың… С.Дос. * Қырсыққанда барлық қайғыға бүркеніп, өмірден түңіліп, майы түгеген білте шамдай қарауытып жатқан шөкеге нүркен тіпті жақындап қасынан шықпауы Шөке үшін тіпті соққы болды… Б.Жұм. ~ Генерал Черновтың әскерін құм арасымен бастап жүрген Тәңірберген дүниеден баз кешіп, өмірден түңіледі. Ә. Нұрп.
