Posted in

ӨЗІНЕ ӨЗІ КЕЛДІ

Есін жинады. * Жалғыз болсам деймін.  Көп ойлансам деймін, шынын айтсам, ойымды тиянақтап, өзіме өзім келуім керек. Ә.Асқ. ~ Госпитальға түскеннен кейін есін жиып, өзіне– өзі келген соң елдегі туысқандарына хат жазған, хатты госпитальдағы бір қазақ жігітіне жаздырып алған. С.Ом. ~ Лифттің де есігі ашылар» деп жұбатты ол өзін. Сол ойдан қуат алған ол сәлден соң–ақ өзіне өзі келіп, әліптің артын бақты. С.Досан.

Posted in

ӨЗІНЕ ҚАРАТЫП АЛДЫ

1 Бағындырды, тәуелді етті, қол астына алды. ~ Осы1912 жылы болыс сайлауы болғанда, Итбаймен таласқан Ағайдар деген адам елді өзіне қаратып алып кетіп, болыс болған. С.Мұқ. ~ Император Цяньлунның тұсында, яғни 1758 жылы Цин империясы мол әскермен келіп, Шығыс Түркістан мен Жоңғарияны өзіне қаратып алған… Қ.Жұм.

2 Біреудің назарын, ықыласын өзіне аударды. ~  Өзін өзітамаданың «бірінші орынбасары қызметіне» ұсынып, жұртты өзіне қаратып алған, жұртты өзіне тәнті қылып алған Сана Тақылдауық Ембергеннен гөрі шапшаңдық, тапқырлық танытып, тізгінді жиі-жиі өз қолына ала берген. Ә.Тар. ~ Бүкіл ауылдың назарын өзіне қаратып алу үшін, қарға ақылшы болып дегенін істетіп, талап ету үшін мұғалім өз пәнін жақсы білсе жеткілікті еді. Ә.Әл.

Posted in

ӨЗІНЕ ҚАЛҒАНДА

Өз ырқы болса д.м. * Бірінен кейін бірі келіп жатқандарға ілтипат көрсеткісі келгендей, елпілдеп ұшып тұрғысы келе ме, орын ұсынғысы келе ме, қалай? Өзіне қалғанда ұшып тұрар еді. Ә.Нұрп. * Әйел сырт айналып, қос қолымен бетін басып апты. Иығының басы дip-дip етеді. Әнуар солбырайып сүдіні түсіп кеткен. Өзіне қалғанда келіншекпен оңаша үйде бірге түнеп шықса да, түк бітірмесін білді де, Темірке ішке кіре сала Әнуарды жетелеп Ақбалаға апарды да …  Ә.Нұрп. *  Бұның өзіне қалғанда, болашақ тағдыры белгілі: Арал-Арал болғалы қазақтан тұңғыш шыққан дипломды балықшы деп бұны көрмеге қоятын түйедей, бойын сорайтып бір жиналыстан соң бір жиналысқа сүйрелеп жүрер ме еді? Ә.Нұрп.

Posted in

ӨЗІНЕ ЕСЕП БЕРМЕЙДІ

Не істеп, не қойғанын білмейді. * Күйеуін ішсе, самолетпен қуып жете алмайсың деседі. Рас па? -Ондайын көргем. Өзіне есеп бермейді. Бала сияқты. Н.Дәут. *Адам өз өмiрiне төнген бақытсыздықтың жақындап келе жатқанын күнi бұрын сезедi. Соны сезе тұрып, дағдарып, қалыпты мiнезiнен айрылып, өз-өзiне есеп беруден, ойлаудан қашады. Т.Жұрт. * Бірақ ол сүйіс тереңнен қозғалмаған, қанда қайнамаған, жүректе піспеген өзіне-өзі есеп бермейтін балаң сүйіс еді. Д.Ис.

Posted in

ӨЗІНЕ ДЕ ОБАЛ ЖОҚ

Айып өзінен, өзі де сау сиырдың боғы емес д.м. ~ Өзіне де обал жоқ: басында бір шайнам ақылы бар кісі бұрын талай тас лақтырысқан әлдебіреуге барып жағдай айта ма?! О.Сәрс. ~ Өзіне де обал жоқ. Арқарлыдан тап- қан рахаты бар ма? Ө.Кәр. ~ «Атаңа нәлет, өзі бір жебір құс!» — деп ойлады Ботабай. — Өзіне де обал жоқ, атса осыны атсын!» Ә.Тар.

Posted in

ӨЗІНЕ (ӨЗІМЕН) ЖЕТЕҚАБЫЛ

Өзімен тетелес, шамалас. * Нартуған бой жағынан өзіне жете қабыл жуан әйелдің егер алыса кетсе, оңайлықпен алдырмайтынын іштей бір түйіп қойды… О.Сәрс. * Басарыс өзіне жетеқабыл жырындыны бірақ оп- оңай жер жастандырды. А.Алт. * Қос бүйiрi жарыла ашылып, iштен екi жiгiт шықты. Бойлары өзiне жетеқабыл, сом дене, ширақ қимылды. Т.Сәу. * Жаңа таныған сәтте еңгезердей көкесінің мұншалық шөгіп кеткеніне қайран қалған. Енді, міне, жалғыз аяғын тіреп, тіктеліп еді, бойы өзімен жетеқабыл. Т.Сәу.

Posted in

ӨЗІНЕ-ӨЗІ ҚОЛ ЖҰМСАДЫ (ҚАТТЫ)

Өз еркімен өмірден безді, өзін өзі өлтірді. * Өз-өзіне қол жұмсау – адам мен жануарларда болатын табиғат құпиясы, ұрпақ қорғау тектілігі. Ж.Баб. * Әрине, князь Дуань басында, қатты қорланып, өзіне- өзі қол жұмсай жаздаған кездері де болды. Қ.Жұм. * Дүниені талақ қылатын адам, өзіне өзі қол жұмсауға бел шешкен адам өмірден жериді, өмірдің құны оған бес тиын болады, адамдардың қылығы, тіршілігі ұсақ көрінеді деуші едіИ… Ә.Тар. * Демежан қазасы кезінде Бибі де өзіне қол жұмсап, күйеуінің соңынан аттанып кетуді көп ойластырған. Қ.Жұм. * Бәлiкiм, адамзат тарихындағы бұлғақ кезеңдерде өзiне-өзi қол жұмсап, жұмбақ жағдайда өлетiн ұлылардың осылай бар сенiмiнен жұрдай боп айырылып, жүрегi бос қара қуысқа ғана айналған байғұстар шығар. Ж.Шағ.~ Өзіне өзі қол қатқан жаназасыз көмілмек. Өзіне өзі қол қатқанды көре тұрып араша түспеген де күнәхар!  Мына тұрған бәрімізді имансыз қалдырғың келмесе, арқанды маған бер!. Қ.Ысқ.

Posted in

ӨЗІНЕ-ӨЗІ КЕЛЕ АЛМАДЫ

Қорқыныштан не қатты қобалжығаннан есеңгіреп, есін жия алмай қалды. * Ол екі-үш күнге дейін өзіне-өзі келе алмай ала бөртіп, шайқалып-теңселіп, ішінен қайнап бітеу жара боп, бейберекеттеніп жүрді. Ө.Тұрм. ~ Ол трубканы орнына қойып, көпке дейін өзіне-өзі келе алмай қимылсыз отырды. Д.Ис. ~ Тұлабойы дір-дір еткен Күлшара өзіне-өзі келе алмай сәл тұрып қалды. Сәттен кейін үйге қарай жүгірді. Т.Мәм. ~ Қайдағы бір құбыжық елес, бұлдыр бейнелер көлбең-көлбең етіп, көз алдынан кетпей-ақ қойған, сөйтіп жарты сағаттан астам өзіне-өзі келе алмай есеңгіреді де отырды. Дж.Голс. ~ Бұның жағдайы кімге кінә артқандай? Ешкіммен тәжікелесуге құлқы жоқ. Әлгі әңгімеден көңілінде бір кір қалғандай, көпке дейін өзіне-өзі келе алмады. Ш.Бейс.

Posted in

ӨЗІНЕ-ӨЗІ ЗАҚЫМ ІСТЕДІ

Өзіне қол салды, өмірден безді. ~  Әйтсе де «Садық, олай-бұлай болып кетсе, онысыз мен өмір сүрмеймін» деген баяғы сөзі есіме түсе берді. Көпке дейін жау жерінде топырақ жамылып жатқан сүйгенінің күйігінен дүниенің дәмі кетіп, Сақыш өзіне-өзі зақым істемесе жарар еді деп қобалжып жүрді. І.Ес. ~ Түрінен қорқам. Егер келін шіркін рас кетіп қалса, өзіне-өзі зақым істей ме деп те зәрем жоқ… Сосын… ана ғой, менің қайғыма түсінер деп өзіңе келдім… Көз жасыма қарар дедім… І.Ес. ~ Тілін кесіп, есігінің алдында жүрген күң етуге бата алмаған. Ер жүрек тау қызының бір күні өзіне зақым істеуінен корыққан. І.Ес.

Posted in

ӨЗІНДІК ПІКІР

Өз ойы, пайымы; ұстанымы. * Біздегідей емес, мұнда жындылар қадырлы екен. Олардың өзіндік пікірімен санасып, қоғамның толық құқылы мүшесі ретінде құрметтейді екен.  Т.Сәук. ~  Бұл да беріспейді. Татьяна Викторовна өзіндік пікірін ортаға салғанда, әкесінен де асырып жібереді. Ө.Кәр.