Posted in

ӨЗІН ҰСТАЙ АЛМАДЫ

Сабырсыздық танытты, шыдамады. ~ Бірақ, сіз король емессіз ғой, — деп күбір етті қапелімде өзін ұстай алмай қалған Миусов. Ф.Дос. ~ Старшина Хомичук қатты күйініп кетті. Ашу қысқанда ақтарылып кететін сөгістің талай түрі алқымына тығылып, өзін ұстай алмайды. М.Кәр.

Posted in

ӨЗІН ӨЗІ ТАНУ

Есейді, оң мен солын айыра алатын халге жетті. * Жалтарғанына Бүркітбай болмағасын, Асқар «несін жасырам?» деп: қызда ойының бары расын, бірақ әзірге ала қойғысы келмейтінін, ең алдымен қызды оқытуға жәрдемдесуді мақсат көретінін, қыз оқып, өзін өзі танитын, білімді адам болғанша алам деген ойын оған сездіргісі келмейтінін түгел айтты. С.Мұқ.

Posted in

ӨЗІН ҚОР САНАДЫ

Өзін өзгеден кем көрді. ~ Бабаларымның неше әулеті осы Державаның қуатын арттыру, іргесін кеңейту, абыройын көтеру жолында қаны мен тсрін аямап еді. Ендігі менің сиқым мынау. Бірақ өзімді қор санағанмен, бүратаналарды кінәлай алмадым. М.Мағ. ~ Баскетбол ой¬на¬ғандарға қосылып, одан да беті қайтты. Өзін қор санап жасып қалды. Т.Сәу. ~  Әзиз-Сұлтандай асылдың жанында өзін қор санады. Ол – аспандағы жарқыраған жұлдыз, бұл – кім көрінгеннің табанының астында илектеліп жатқан қоқыс. Оны ойлауға, сүйем деуге қандай хақысы бар? Көктегі Айға қол созған не теңі? Т.Сәу.

Posted in

ӨЗІН ҚАЛЫС ҰСТАДЫ

Дауға араласпауға, бейтарап болуға тырысты. * Мұндай айқай-шуда мектеп директоры текетірескен екі жақтың біріне шығып кеткені жараспас деп түйді. Сондықтан ол өзін ендігі жерде қалыс ұстап бақты.Ә.Таз. ~  Қан- құмар қорқаудың қолындағы қандауырды арақ пен нашаға улаған маскүнемнің сиықсыз кейпін, нәпсі уытына бой алдырған еркектің емінген ындынын, сұғанақтың тілемсектігін, сұмырайдың су жұқпас кейпін, әңгүдіктің ешкі көзденгенін, жағымпаздың мүләйімсуін, қанағатсыздың жұтынған қомағай пиғылын көрмей, өзін қалыс ұстағаны бір есептен дұрыс та шығар. Ө.Кәр. ~ «Бас қадіріңді» төмендетпеймін десең, алдымда не бар деп сақтан. Өзіңді жаман әдеттерден қалыс ұста. Жақсыға жақын жүр, жаманнан қашық жүр. Сонда сенің бас қадірің артады. Ө.Кәр.

Posted in

ӨЗІН ЖЕҢІЛ СЕЗІНДІ

Көңіл-күйі жайланды. ~ Сен садақа берсең, біреуге көмектессең, өзің де байқап жүрген шығарсың, көңілің жаңарып, пейілің тазарып қалады. Өзіңді-өзің жеңіл сезінесің. Осы сенімен сөйлескелі мен де өзімді бір жеңіл сезініп жүрген сияқтымын. Ж.Баб. ~ Екі иығынан жүк түскендей, өзін жеңіл сезінді — жағдай белгілі. Кетеуі кеткен өмірі келіншегі қашқасын Қожанасырдың бейітіндей түзелмеске беттепті. М.Қаб. ~ Біздің заманның әулиесі ғой, — деп даусын ерекше көтеріп, телефон құлағын орнына қойды да, «Уh! » — деп өзін жеңіл сезініп, бір жүкті иықтан түсіргендей болды. Қ.Түм. ~ Ол тек теңізде ғана өз– өзін жеңіл сезінеді, екі аяқтың ап– ауыр салмағын да елемейді. Қ.Жұм. ~ Сонан сыныптастары мен кірем деушілердің бәрін бір ұжымға топтастырды.  Көк егін көңілден шығып, өзін жеңіл сезініп жүр. Қ.Түм.

Posted in

ӨЗІН-ӨЗІ ҚАМШЫЛАДЫ

Өз-өзіне рух беріп, әлде бір іске кірісті. ~ Тобылғы торы мен күрең төбел шерте аяңдайды. Көңіл күйі асып тұрмаса да Жаманбай өзін- өзі қамшылап, өлеңдете бастады… С.Ом. ~ … бүгін театр туралы сөзді қалжыңдаған болып бастады да көтеріліп кетті, көтеріліп кетті де өзін өзі қоздырып, өзін өзі қамшылап шығандап кетті. Ә.Тар.

Posted in

ӨЗІН-ӨЗІ БИЛЕДІ

Сезіміне, ашуына ие бола алды. * … Көжек көтере берген күрегін әуеде ұстап аңырып қалды. Содан кейін өзін-өзі билеп, ыржия күлді … Т.Ахт. * Кірердегі лоблыған көңілі басылып, Айша енді өзін-өзі билеп алды. Т.Ахт. * — Аға, — деді Ләзәт жігіттің құшағында азар өзін-өзі билеп. — Өйтіп мені келеке қылмаңыз! Б.Нұрж.

Posted in

ӨЗІМЕН ӨЗІ

Басқада шаруасы жоқ. ~ Бұрынғыдай үй-ішіндегі ұсақ-түйек заттарға мән бермейді. Тіпті кірген шыққан жұртқа да көз тоқтатпайды. Өзімен өзі. Т.Әбд. * Қазірде ескі шоқайлардың ұлтанын тігіп, бала оғын дайындап, кемпір ұршығын иіріп, қыз қазан астын көсеп, өздерімен өздері. Н.Дәу. ~  Ауылын көрмегелі табандатқан он жыл. Шешесі зейнет демалысын- да, бауырлары өзімен өзі. Ө.Кәр. ~ Көк жүзі түнеріп еді, өзімен өзі, бейқам тұрған ақар-шақар шыңдар төнуге ыңғайланғандай, сұстанып, түксиіп шыға келді. Б.Ыб.

Posted in

ӨЗІМЕН КЕТСІН

Құрысын, әрмен кетсін, бетін аулақ қылсын д.м. ~ Мұғалім атаулының бәрі осындай болады екен дей көрмеңдер. Мына шырақ өзімен кетсін! Б.Май. ~ Қойыңдар. Өзімен кетсін!. Орын-орындарыңа барыңдар, кәне,— деп Сәйдім ақсақал бізді таратып жіберді… Ғ.Қаб.  ~ – Жарықтығым, ендігәрі Абайды бұндай жерге бастай көрме! Тіпті, басың жас, үлкеннің ондай бәлесінен өзің де аулақ жүр! Өзімен кетсін! Көріп-біліп нетесің? — деді. М.Әу. ~  — О, жаратқан сақтай гөр,— деп арба үстіндегілер бөрлігісіп жатыр. — Тфа, тфа өзімен кетсін. Өзімен… — Өзімен кетсініңіз не, aпa? — деді бүйрек бет, қара торы қыз ту сыртын беріп отырған қарияға бұрылып. М.Сүн. * Тұрып тоңазытқышты ашып, шөлмектерге біраз көз салып тұрды да: «Жоқ, Асыраубай, – деді өзіне-өзі. – Енді ұмыт бұл пәлені. Енді өзімен кетсін. Енді таза ниетке таза деніңмен кіріс». Н.Дәу.

Posted in

ӨЗІМЕН-ӨЗІ БОЛДЫ

Ешкіммен, еш нәрсемен шаруасы болмады; қара басының қайғысын күйттеп кетті. * Доға «Айта бер!» дегендей бас изеді. Ықаң шылымын орап, өзімен-өзі болып, жем шоқитын құс тұмсықтанып, үстелге төніп қап отырды. Төлеген бұл әңгімеге қатысы жоқ кісіше, төмен қарап, оттықты шыр көбелек айналдыра берді. Ж.Айм. * – Сен біліп пе едің? – деді. Едіге басын баяу ие берді. Зәрипа орындыққа сылқ отыра кетті де, басы быт-шыт жарылып, жан-жаққа шашырап кететіндей қос қолдап қысып алып, өз қайғысына өзі сүңгіп, өзімен-өзі болып, енді бір еңіреді дейсіз. Ш.Айт. * — Оқасы жоқ,— деді Татьяна күлімсірей,— мен әдейі келмей қойдым. Мұндайда адам өзімен-өзі болғаны жақсы. І.Ес.