Өзім білем д.м. * ― Аға, мен айтты демеңіз, шағым жасағандай болмайын. — Қалай сөйлесуді өзіме жібер,— деді Әбуов беймаза ойдан серпіліп. Б.Тоғ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӨЗІМЕ ДЕ ОБАЛ ЖОҚ
Өзін кінәлі санап, өкіну. ~ Өзіне де обал жоқ, қайдағы бір бейбақтың боз інген бошалап кеткен жылы жоғалған ұлының суретінде несі бар еді? Д.Әш. ~ Мана шай ішіп болған соң шығып кетпеген екенмін. Өзіме де обал жоқ. Е.Жең. ~ Бiлмей қалсам ұят болады. Өзiме де обал жоқ, бағана география пәнiн ғана айтсам ғой, бұл сұрақты қоймас едi. Б.Сар. ~ – Ойбүй, сонысы бар екен-ау. Өзіме де обал жоқ. Екі ортада Бөпештің біраз зәресін ұшырдым-ау онда мен. С.Смат.
ӨЗІМДЕ ДЕ БАР
Менің де кінәм жоқ емес д.м. * Санап тұрсам, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай үш адам сүйдепті. Әй, өзімде де бар. Оңтайлы тесік болса, тұмсықты сұғып алғым кеп тұратыны рас. М.Қаб. * Құдауәнда, жалғыз қараның жәппелдемеде жортқан аң құрлы көрмей жотамнан көздегені шымбайға батады — ау. Әй, өзімде де бар. Жапан түз, жалпақ даладан бірлі-жарым өткен-кеткенді жез телпегін бөздей қылып талай бездіріп жібермедім бе. С.Смат. * Қай жерде көңілін қалдырдым екен? Неге маған біртүрлі қарайтын болып жүр? Тым сезіктене берсе, онда екеуміздің бір-бірімізге деген қадірімізден не қалады? Өзімде де бар. Көп нәрсені жасырам одан. Білдірмеуге тырысам. С.Смат.
ӨЗІМ ӨЗ БОЛҒАЛЫ
Есімді білгелі д.м. ~ Кірмегенім қара жер, өзім өз болғалы еңсем мұндай түсіп көрмеген шығар. Б.Соқ. ~ Сонымен, шынымен-ақ аққұлаға шыққаным ба? Өзім өз болғалы көзім ауырып көрген жан емес едім, мұнысы ғажап екен. Тағы қандай дәрі іш дейді? Т.Бер. ~ Бұл кеңесті оның бастаған себебі сол. — Апа! — деді Балуан. — Әу, құлыным! — Өзім өз болып, ес біліп, етек жапқалы мен сізді ренжіткен жоқ шығармын. — Жоқ, қарашығым! — Әлі де ренжіткім келмейді. С.Мұқ. ~ Бойымда өзім өз болып, бұрын мүлде парлап көрмеген тентек бір күш тасып, түйреп те лақтырдым, іліп те лақтырдым, тіпті кейбіреуіне найзамның тигентимегенін де анық біле алмаймын. Ж.Сәм.
ӨЗІМ ЖЕМЕЙТІН КӨТЕН БОҒЫМЕН ПІССІН
Маған пайдасы жоқ болғасын, не болса о болсын. ~ — Ау, кім сайланбақшы болыпты, білесіңдер ме? — Уай, мейлі, әйтеуір біреуі сайланар. «Өзімізге жоқ көтен боғымен піссін», Бізге сол болыстығынан да бірер аяқтан қымыз берсе екен. Қашанғыдан бұрын таңдайымыз кеуіп болды… Б.Майл. ~ Бiр-бiрiмен сарт-сұрт сүзiскен қошқарлардың әрқайсысы Бiрiншiлiктен дәмелi едi. Кремльдегi көкелер қабақ танытпаған соң “өзiм жемейтiн көтен боғымен пiссiн” дестi. Т.Сәу. ~ Әкесі марқұм «тоғышардан мысық тілеу туады» деуші еді. Көлкөсір дәулет ағып жатқан заманда қайыршылықтың күйкі тірлігі басынан кетпегенге не деуге болады? «Өзім жемеген көтен боғымен піссін» деген принциптің бүгінгі таңның диплом құшақтаған азаматтарының бойынан табылуын «ол былай еді» деп кімге түсіндірерсің. К.Жүн.
ӨЗІМ ДЕГЕНДЕ ӨЗЕГІ ҮЗІЛЕДІ (КЕТЕДІ, ТҮСЕДІ)
Өз мүддесін, пайдасын ойлап, жаны қалмайды. * Ал, өзім дегенде өзегі үзіліп тұратын академигіңіз зиялы да емес. Ол тас жүрек диплом иесі, білім-ілімге бар жай ғана боқ қарын. М.Қаб. * — Бірі – елім деп еңіреген ер, бірі – өзім дегенде өзегі үзілген, қазымыр қазақ байы. А.Бол-а. * Апырай, шынымен-ақ, дүниеқоңыздық құрты құрсаққа түскені-ау. Әйтпесе, бесіктен белі шықпай жатып, өзім дегенде өзегі кететіндей шырылдайтыны несі?! «Ж.Аяз. * Әлемде адамдар екі топқа бөлінеді – өзім-өзім дегенде өзегі түсе аздайтындар мен өзгелер үшін өмірін сарп ететіндер… А.Есали.
ӨЗІМ ДЕГЕНДЕ ӨГІЗ ҚАРА КҮШІМ БАР
Қара басының пайдасы үшін жанын аямайтын адам туралы. * Бұның бар өнері бір ағашпен біткен емес. Бірде қажеттілік туып ауыз суға құдық қазды. Онда жасырақ. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деген емес пе? Ү.Жәл. * Әрқайсысы өзін-өзі дөй санайтын, өзім дегенде өгіз қара күші бар op рудың би, батырларын бір ханға бағындыру оңай болып па? І.Ес. ~ Ал қазір түйені түгімен жұтатындар пайда болып, енді тау-төбеңізді, жиделбайсын атамекеніңізді үй-орманымен, тезек-қабымен қоса бауырына басып алды. «Өзім» дегенде «өгіз қара күшін» көрсетіп жатыр. Ж.Аяз. ~ «Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар» дегендей, мен белуарыма дейін шешіндім де лайға түстім. Б.Тоғ.
ӨЗІМ ДЕГЕНГЕ ӨЗЕГІН ЖҰЛЫП БЕРЕДІ
Жақсы көрген адамы үшін жанын салады, ештеңесін аямайды, өлуге бар. * Тегінде, өзінің мінезі шатақтау ма десем, олай емес, өзім дегенге өзегін жұлып беруге даяр, нағыз жаны жайсаң жігіттің төресі болып шықты. З. Әбд. * Ал Салиха жеңгесі өзінен екі жас үлкен, он тоғыздың оңтайында, аралары бірер жас қана, өзі десе, өзегін жұлып берерлік шын жанашыры ғой. Ш.Құм.
ӨЗІМ ДЕГЕН
Жақын тартқан, сенім артқан (адамы). * Алдын ойлаған, өте рушыл Төре би, тек өзі ғана кетерілген жоқ, шамасы жеткен жерге, түбі сойылын соғар атқа мінер, өзім деген пысықтарын жоғарылата жүрді. І.Есенб. * Қырық жылғы құдасын көргендей құшақ жая ұмтылар еді. Ойдан-қырдан жүдемелетіп әңгіме соғар еді. Өзге етікшілердің өзім деген кісілерге қол ұшын беруге әзер тұратын жомарт мінездерін мысалға келтірер еді. Қ.Жиенб. * ─ Менің жаңағы айтқандарыма сен қалай қарайсың? Бізбен бірге боласың ба? — деді Оспан. ─ Аянатын нем бар? — деді Қасболат, — сендермен бірге боламын, елдегі өзім деген кедей — жалшыларды қасыма ертіп, уәде айтқан жерлеріңе жетемін. С.Омар.
ӨЗІ ШЫҚҚАН ТАУЫН БИІК КӨРДІ
Әркімге өзі қол жеткізген табысы бағалы, құнды, қымбат. ~ Сөйткенмен, Сатанға Шалматай біз тілін бір сұғып қалды. Оның «Менен шығып ноғайдың байына барғанда абиырлы болдың ғой» дегенді айтқаны еді. Әркім өзі шыққан тауын биік көреді. Қашаннан бақ күндес байдың жол соқтыға ұшырағанда айтып тұрған табасы Сатанға недәуір батты. І.Жан.
