Posted in

ӨЗ ОРНЫ БАР

Әр нәрсе ретімен. * Бұл шаңырақта адам саны аз болғанмен, келімді-кетімді қонақ бас сайын бір бөлме, сөйте тұра Сиғат семьясына артық та емес, әp куыстың өз орны бар. Қ.Ысқ. * — Жә, егіле берме. Құдайға шүкір, баласыз емеспіз ғой. — Оның рас. Әйтсе де әр баланың өз орны бар. С.Досан. * Ән у а р . Әрине, әндерің әлдеқашан жарасып жүр ғой. Ал м а г ү л . Өмірде әркімнің өз орны бар. Ш.Айт. ~ Саяси лириканың да өз орны бар.  Ш.Сар. ~ — Мәнсия, әр нәрсенің өз орны бар,- деді Сәргел бокалын соғыстыра салып кітапқа қайта үңілген оған.- Дастарқан басында ас ішіледі, кітап оқылмайды, ал стол басында, анау өз бөлмеңдегі, ас ішілмейді, кітап оқылады. Д.Ис.

Posted in

ӨЗ ОРАЗА АШАРЫ ӨЗІНДЕ

Біреуге қарап қалған жоқ,  күнін көре алады деген мағынада. * Сүйтіп Мамырбай ауылы екі ұдай партия болды. Бір жағы Өрік бастаған көршілердің қатыны: екінші жағы Ұрқия, Ақбілек бастатқан ауылдың көпшілігі. Ақсақалдікінен ішіп-жейтіні бар, кедейлердің қатыны Өрікке ауды; өз ораза ашары өзінде, кісіге жалынышты еместері Ұрқия мен Ақбілек жаққа шықты. Ж.Айм.

Posted in

ӨЗ ОБАЛЫҢ ӨЗІҢЕ

Айтқанды істемесең өзіңнен көр; болған (болар) жәйтке өзің ғана кінәлісің (кінәлі боласың), өзіңді ғана айыпта д.м. ~ Айырмашылығы ─ ішкен-жегенін өзіңдікі. Ішің кеуіп өлсең ─ өз обалың өзіңе… Қ.Ысқ. ~ – Түсте мырзаның алдынан табыл. Кешіксең, не келмей қалсаң, өз обалың өзіңе!  – деп зірк–зірк етті. А.Смай. ~ Өз пайдаңды білмесең, өз обалың өзіңе де… −  әйел бұрқылдап-бұрқылдап кете барды. Н.Дәу. ~ ─ Сен шілдеханадан шыққан түні киіз үйдің ішінде дегеніңе жеткенде, мен сендік болатын едім, — деді бейтарап үнмен. ─ Өз обалың өзіңе. Т.Әб. ~ «Құшағыңды аш, қойыныңа ал! Оған көнбейді екенсің, тулайды екенсің, өз обалың өзіңе, Ждақайдан айырыласың, кәріне ілігесің» деп, салмақ салып келіп отыр. С.Ел.

Posted in

ӨЗ ОБАЛЫ ӨЗІНЕ

Кінәлі өзі, өзінен көрсін д.м.  ~ Өз обалы өзiне, шынын айтып, кiнәсiн мойнына алғанша аямай ұрып-соғыңдар. К.Сег. ~ — Несі қызық? Өз обалы өзіне. Жұмысқа аламын ба деп те ойлап жүр едім. Жұмысын тауыпты. Енді сол жұмысымен болсын, — деді Ақылбек күйініп.С.Олж. ~ Митиған, аласа, кемиек, көк көз біреу. Ия оны да қой, өз обалы өзіне, өз соры, өз бағы. Ж.Сәм.

Posted in

ӨЗ НЕСІБЕСІ

Тағдыры, маңдайына жазылғаны, бұйырғаны. — Ол оңай, — деді көкем сонда. — Оң жақтан бастаймыз да, екі дестені біз алып, бір дестені сендерге қалдырамыз. Үштен бір ортақ сонда тура шығады. Кімге қандай десте түссе де, өз несібесінен көрсін.  Б.Мом. ~Табиғат жоқшылары жылы төсегін қимай жатқан таң алагеуімде-ақ Мерген өз несібесінен бұйырған дала ырыздығының бірін жығып тастайды да, етін үңгіріне жеткізіп боршалап тастап, асықпай тұздап отырар еді. К.Сег.

Posted in

ӨЗ МАҢАЙЫ

Өз жақындары, тілеулестері, ауыл-аймағы. * Таңдатса, білдірсе, Бақтығұл өз болысынан гөрі бөтенді алғысы келеді. Әйтеуір, жақынға түсетін күйге келсе де, бұрыннан келе жатқан әдетін — өз маңайын торымауды шарт көруші еді. Бүгін ол жолдың барлығынан еріксіз шыққандай болды. М.Әу. * Осыдан бес жыл бұрын Еменалының үйіне келіп Қожық қонып кеткенін естіп, бұған дейін бір ауыл болып бірге отыратын туған інісін өз маңайынан айдап тастаған. Содан бері інісіне де іші жылыған емес. Ғ.Мүс.

Posted in

ӨЗ ЛАҒЫН ТЕКЕШІК ҚОЯДЫ

Өз адамын қолдайды, өзінікіне бүйрегі бұрып тұрады. ~ … артынша Шынжаң қазақтарына мін тағыпты. «Бұлар аға ұлттардан қалған азын-аулақ мәнсапты бөліске салғанға келгенде әр ауыл өз лағын текешік қоюға тырысып, қатты қырқысады екен» дейді. Ж.Шәк.

Posted in

ӨЗ ҚЫЗЫҒЫ ӨЗІНДЕ (ӨЗІМЕН)

Өз бетімен күн көруде; өзімен өзі болып, басқа ештеңеге көңіл аудармайтын адам туралы.  ~ Бірақ, Жаратқан әзірге оларға бұл бақытты сыйламады. Ерлі-зайыпты өмірдің алғашқы жылдарында өз қызығы өздерімен болып бала туралы ойламапты да. Е.Әлімж. ~ Менiң өз қызығым өзiмде болатын. Айнұрды жүре тыңдаймын. Ол құлағыма бiрдеңе құйып жатқанда көңiлiм мүлдем басқа жақты шарлап кетедi. Т.Әлж. ~ Қапар тың тыңдап еді, іштегілердің өз қызығы өзімен болып жатыр екен. Ө.Кәр. * — Ақтоқтының өз қызығы өзінде. Дәу де болса Ақанмен кетті, көйейсің. Кеше ұйқы ашайда қатай отыйған түйлейі жаман еді. С.Жүн. * Қамыс арасындағы құстардың барқылдаған, қанатымен су сабаған, тез–тез таңдай қаққандай тақылдаған әр түрлі дыбыстары бұлардың өз қызығы өздеріне жетіп жатқанын байқатқандай. Т.Әбд. * Ағаштың өз қызығы өзінде: жапырағы сыбдырлайды, бұтақтары тербеледі. Жаманшылық не, жақсылық не – Әулие ағаш білмейді. Т.Шап. * . Өткен-кеткен адамдармен де iсi жоқ. Өз қызығы өзiмен болып, ой теңiзiнде еркiн жүзiп жүр. Р.Рай.

Posted in

ӨЗ ҚҰНДАҒЫНДА ТҰНШЫҚТЫ

Ғұмыры тым қысқа болды, тумай жатып үні өшті. ~Тұтас мемлекеттік, жеке үкіметтікті аңсаған Алашорда 1917 жылдың желтоқсанында ресми түрде құрылып, Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Сырдария, Жетісу, Ферғана, Самарқанд, Бөкей Ордасын барлығы тоғыз аймақтың бес миллионнан астам халқын бір тудың астына біріктіруді ойлады. Әйтсе де, 578 күн ғана өмір сүрген Алашорда өз құндағында тұншықты. БАҚ («Атырау»)

Posted in

ӨЗ ҚҰЛАҒЫНА ӨЗІ СЕНБЕДІ

Әлде бірдеңеге таң болып, естіп тұрғанна сенер-сенбесін білмеді. ~ — Қандай заңсыздық, қандай қылмыс? — деді әлі де мойымаған әрі өз құлағына өзі сенбеген Сындыбала. М.Мағ. * Ол кезде атын біреу біліп, біреу білмейтін бала сұлтан Әбілқайыр қазақ тізгінін ұстаған үш жорғаның біреуі қатарыма жүр деп шақырғанда өз құлағына өзі сенбей, жүрегі жарылып қуанған-ды. Ә.Кек. ~ Шығайбай қой шетінде қаққан қазықтай қалшиып қатты да қалды. Өз құлағына өзі сенбеді. П.Дүйс.