Бөтен біреуден емес, тікелей өзінен естіді; дәп өзі айтты. * — Жақсы, сен сұрадың, мен айтайын. Жалған болса халқы Хақназар деп атаған Ақназар ханның аруағы атсын. Бұл сөзді сол ханның өз аузынан естідім. І.Есенб. ~ Өткен жылы ғана жасы қырыққа ілініп әрең үйленді дегенін елден естігені болмаса, Дәулет оның «үйім, күйім бар» дегенін өз аузынан естіген емес. Е.Әбік. ~ Осының бәрін енесінің өз аузынан естіген Анажардың бұл табалдырықты алғаш аттаған кезіндегі аржағында түйіліп қалған түйнегі тарқап, өзінің шын үйіне «тастай батып, судай сіңе» бастағанын кәдімгідей сезінді. Е.Әлімж.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӨЗ АТЫН ӨЗІ ЕРТТЕП МІНДІ
Ер жетті. ~ Айналдырған бес-алты жылда‚ өз атымызды өзіміз ерттеп міндік пе дегенде‚ саябақ түбірінен оталып‚ үй дегенің сығылысып‚ бала ойнайтын да жер қалмапты-ау». Қ.Түм.
ӨЗ АЛДЫНА
Жеке бөлек, дербес; бөлек тақырып (әңгіме). * Өз алдына жеке мемлекет болып, ақ байрағы желбіреп тұрған Найман хандығы тұсында да қой үстіне бозторғай жұмыртқалай қойған жоқ. Д.Рам. * ─ Бізде қазір бәрі бар, бала бар, үй-жай бар. Ақшамыз да бар. Бағданыңның атақ-даңқы өз алдына. Ол қазір халыққа танылып қалған ел адамы. С.Шайм.
ӨЗ АЛАҚАНЫНДАЙ БІЛЕДІ
Жақсы біледі, етене таныс. * Бірақ, Ақшоқы перделегенмен, Көкшенің бар денесі, бар сұлулығы Алтынсарының жүрегінде жазулы. Көкшенің қай жерінде нендей тамаша барын ол өз алақанындай біледі. С.Мұқ.
ӨЗ АЖАЛЫНАН ӨЛДІ
Жасы жетіп, ақ өліммен көз жұмды. ~ Секеман революция алдында өз ажалынан өлген. С.Ом. ~ Жетісуды жоңғарлардан азат етуге белсене қатысқан батыр 1751 жылы өз ажалынан өлген көрінеді. Б.Нұрж. ~ Ал Паулюс еліне барып, соғыс біткеннен он екі жыл кейін өз ажалынан қайтыс болды. Ә.Нұрш.
ӨЗ АДАМЫ
Жақыны; сөзін сөйлеп, мүддесін қорғайтын сенімді кісісі. ~ Апырым-ау бұған не болды? Әлде, маған ренжіген жері болды ма екен?.. Алексей жоғында шешесі мен қарындасын өз адамымдай көріп-ақ қарасып ем ғой деймін… Б.Майл. * — Ғапу етiңiз! Әрине, сiз өз адамымызсыз. Тек кейбiр көз қарастарыңызға таң қалғанымды бiлдiргенiм ғой, – деп, шофер әдемi ақ тiстерiн жарқырата жымиды. Р.Рай. ~ Мен сені айттым. «Ерболды қайтесіз, екеуміздің қосылатынымызды ел біледі ғой, — дедім. — Ол күнде хатты Алматыдағы маған да, ауылдағы саған да жазады. Осы үйдің өз адамы болып жолдайды», — дедім. Ә.Нұрш.
ӨЗ-ӨЗІНЕ КӨР ҚАЗДЫ
Істеген ісі, не айтқан сөзі өзіне қиянат келиірді. ~ Шынында Айжан туралы Нұрдәулетке не үшін айтуы керек? Өз-өзіне көр қазуы үшін бе? Иван өмірде ысылған, тиянақты мұжық. Оған өзі отырған бұтақты кесіп керегі не? С.Досан. ~ Қанағат болмай көзіңе, туған жеріңнен безіне, Колумбы, айтшы, келдің бе, көр қазу үшін өзіңе. К.Мырз.
ӨЗ-ӨЗІНЕ КЕЛДІ
Есін жиды, сабыр тапты. * Есін жиып өз-өзіне әбден келді, Шеберлігін құдіреттің танып білді. Қылған ісін құдайдың тамаша етіп, Ие болмай өзіне өзі, сылқ-сылқ күлді. М-Ж.Көп. * Моңғолиядағы қазақтарды елге әзірше көшірмеуге кеңес беру керек. Олар қазақ ұлты ес жиып, өз-өзіне келгенше, біздің тірі «архивіміз» болып, қазақтың барлық салт-дәстүрі мен озық өнегесін жинаған «тірі мұрағат» болып тұра тұрса деп армандаймын. Ж.Баб. * Жүргізуші қарт кісі екен, апам әбден өз-өзіне келгенше ләм-мим деп тіл қатпады. Е.Жең. * Күн сайын мүрде көріп жүрген патологоанатом әлі өз-өзіне келе алар емес. Ж.Шамұр.
ӨГІЗДЕЙ ӨРГЕ СҮЙРЕДІ (АЙДАДЫ)
Шаршамай-шалдықпай еңбек етті; алға тартты. ~ Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді, құрғақ бектің керегі жоқ; адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек. Ж.Айм. ~ Колхозды өгіздей өрге сүйреген еңбегімді елеу орнына сауатың аз деп орнымнан алды. Б.Тоғ. ~ Әрине, жұмысты өгіздей өрге сүйрегендер де болды. Бұл ең алдымен Джанның өзі. К.Мырз. ~ Елді өгіздей өрге сүйреп, өркенін өсіретін де, еңіске тартып, еңсесін түсіретін де басшы деп біледі ол. С.Ақт. * Алғаш төбесінен жай түскендей әсер еткен хабар Есбергенді есеңгіретіп жіберген. Бөбектен біржола айырылған шығармын деп топшылаған. Қайта жолығармыз деп ойламаған. Бірақ, өгізді өрге айдап, ағасының кегін қуып үйренген інісі бұл жорамалын жоққа шығарды. Ү.Жәл.
ӨГІЗДЕЙ ӨКІРДІ
Жан даусы шықты; қайғы-құсадан жылап еңіреді, зар қақты. * Мамырбай өгіздей өкірді, сылқ етіп отыра кетті. Ауыл қойдай маңырап қозыдай шулап жатқанда дүрсілдеткен атты кісінің тықырын шеттегілердің құлағы шалып қалды. Ж.Айм. * «Базарбайды шабам» деп, «Кегімді шалдан алам» деп, Тұлыбына сыймайды. Ауыздары көпіріп, Өгіздейін өкіріп, Қыр басына шыға алмай. «Қыз Жібек». * Сол жақындап жанып, қара тырнағыңа таман жылжығанда жаныңды қоярға жер таппай, тұра өлдім деп, өгіздей өкіріп жібереді екенсің! Ж.Ахм.
